Мақала

#Абай175: Абайдың тұңғыш кітабы

Осыдан 110 жыл бұрын Петербор қаласында Абайдың тұңғыш жинағы жарық көрген болатын. Ақын кітабының тарихын білгіңіз келе ме?

Қазақтың бас ақыны, ұлы кемеңгер Абай Құнанбайұлының тұңғыш кітабы хәкім дүниеден өткеннен кейін ғана жарық көрген еді. Биыл, ұлы тұлғаның елдік мұрат, ұлттық зор құндылыққа айналып кеткен шығармаларының кітап болып басылғанына тура 110 жыл толып отыр. Абай ақынның шығармаларының жүйеленіп, жариялануы – ұлт тарихындағы орасан зор оқиға. Абай шығармалары – қазақтың жазба әдебиетінің негізін салды, классикалық ұлы мұрасының келбетіне айналды. Абай шығармалары қалай жиналып, қалай кітап болып шыққаны туралы тарихи деректерді оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

Абай хазіреттің шығармаларын хатқа түсірген, кемеңгердің әдеби хатшысы қызметін атқарған сол заманның көзі ашық, оқыған азаматы Мүрсейіт Бікеұлы еді. Мүрсейіт Бікеұлы – 1860 – 1917 жылдары өмір сүрген қазақ. Семейдегі орыс мектебін, сосын Бұхарадағы дін медресесінен білім алған сауатты. Семей оязының тілмашы, кеңсе меңгерушісі, писарь қызметін, кейінгі жылдары мектепте мұғалім болған екен. Абай хәкім екеуі Семей шаһарында танысыпты. Бірде Абай хазірет оқыған азаматты арнайы ауылына шақыртып, мұғалім қылыпты. Абайдың айналасындағы бауырларының, туыстары мен қоңсыластарының балалары осы мұғалімнен сауат ашып, қаріп таныған екен.

Елден жеткен ескі дерекке сүйенсек, бір күні Мүрсейіт мұғалім балаларға «Жарапазан» деген өлең жазып беріп, Абай шығармаларын жаттатқан екен. Балалардың жаттағаны, өлеңнің ауыздан ауызға тарағаны сезімшіл жүрекке әсер етсе керек, содан Абайдың мұғалім Мүрсейітке деген ықыласы ауыпты. Мүрсейіттің біліміне, әдеби сауаттылығына сенген кемеңгер бұдан кейін тек шығармаларын хатқа түсіртіпті. Міне, содан бері Мүрсейіт жазған Абай шығармаларының қолжазбасы ұлы ақынның ғақлиясы мол ғибратты еңбегінің тұпнұсқасы ретінде саналады. Негізінде, Мүрсейіт Бікеұлы Абай өлеңдерін үш дәптерге жазыпты. Үшеуі де арабша емлемен жазылған екен.

1909 жылы Петербор қаласындағы Илья Борганскийдің баспаханасынан Абай шығармалары өз алдына жеке кітап ретінде басылып шықты. Кітаптың жарық көруіне негізгі себепкер болған Алаш қозғалысының төрағасы, энциклопедист-ғалым, саяси қайраткер Әлихан Бөкейхан екен. Ал, кітапқа енетін өлеңдерді жинастырып, жүйелеген Абайдың ұлы Тұрағұл мырза еді. Тұрағұл да өз заманына сай жоғары білім игерген, әдеби сауаты мол аудармашы әрі ақын, әрі қайраткер болған тұғырлы тұлға болатын. Кітапқа енетін өлеңдерді көшіріп, хатқа түсірген Мүрсейіт Бікеұлы болса, сұрыптап, баспаға жеткізген, Абайдың заманы, өскен ортасы, ата-тегі, өмір жолы деректі мақала жазып, кітапқа енгізген Кәкітай Ысқақұлы еді.

1905, 1907, 1910 жылдар аралығында жазылған Абай өлеңдері – Мүрсейіттің таңбалануымен хатқа түскен ұлт тарихындағы әдеби мәдени ескерткіш ретінде жылнамаға алтын әріппен бедерленді. Ақиқатында, бұл дәптерлер Мүрсейіт Бікеұлының абайтануға қосқан зор үлесі ретінде бағаланады.

Абай шығармалары жинақ болып басылған сәттен-ақ өз оқырманын тауып, қаншама қазақ жасының санасының оянуына, ұлттық көзқарасының қалыптасуына, қоғамды алға жылжытуға күш берген, халықты тәрбиелейтін бірден бір күшті құралға айналды.

Абайдың тұлғасы қаншалықты ірі болса, соғұрлым оның ықпалы да зор болып келетінін уақыт та, қоғам да дәлелдеп келеді. Абай сөзінің жарығы айналасына молынан түсетіні де сондықтан деп ұғайық…

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button