Жаңалық

ҒҰНДАРДАН ҚАЛҒАН ҚОРЫМДАР…

«Құмыраны баспаңыз!» — деп жанұшырған дауыстан тоқтай қалып, аяғымыздың астына үрке қарағанбыз. Археологтар қазып қойған шұңқырдың бір шетіндешашырай жатқан топырақ түстес тастардан басқа ештеңе көзге түспеді.

Жаңағы дауыс иесі, қаршадай ғана қыз — Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті тарих факультетінің 4-курс студенті Айман Тауман екен. Ол бізге енді жайбарақат үнмен осы «тастардың» көне ғұндар дәуірінен қалған қыш құмыраның сынықтары, яғни қазба жұмыстары барысында тапқан өздерінің қымбат олжаларының бірі екенін түсіндіре бастады.

Біз дегеніміз — Ойыл өңіріндегі Сорлақмола қорымында қазба жұмыстарымен айналысып жатқан археологиялық топ мүшелерімен кездесуге облыс орталығынан барған журналистер. Мұнда облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасы мен облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған сапар аясында келгенбіз.

«Сорлақмола қорымы» деген аты болмаса, бұл маңнан ешқандай бейіт, құлпытас, қорымға тән басқалай белгілер көзге түспеді. Ғұн дәуірінен қалған бұл қорымды былайғы адам түгіл, зерттеушілердің өздері соңғы жылдары анықтаған. Айтуларынша, SAS Planet бағдарламасы арқылы ғарыштан түсірілген фотосуреттерді зерттеу барысында тек қана Ойыл ауданы аумағынан ғұн кезеңіне тән ондаған көне қорымдардың орны анықталыпты. Біздің облысымызда сонау 2000 жылдардың басынан басталған зерттеу жұмыстары нәтижесінде барлық дерлік аудандар аумағындағы көне ескерткіштер тізімделіп шыққан болса, солардың қатарын кейіннен табылған осы көне қорымдар тағы да толықтырып отырған көрінеді.

Сорлақмола қорымы — біздің дәуіріміз аталып кеткен кезеңнің ІІ-ІV ғасырлары аралығына тән ескерткіш. Сондықтан да бұл қорымға ерекше маңыз беріліп отыр. Тарихта ғұндарды қазақ жерінің батыс бөлігіне Қытайдың солтүстігінен, қазіргі Моңғолия жағынанығысып келді деген тұжырым бар. Алайда біз ол мәселеге тоқталмаймыз. Біз үшін бастысы: ІІ-ІV ғасырлар — ғұндардың Еуропаға жорығы алдындағы кезең, ал Ақтөбе жері — сол тұста ғұн тайпалары мекендеген аймақтың бір бөлшегі.

Соңғы жылдары Ақтөбеде ғұн дәуірі ескерткіштерін табу жұмыстары мақсатты түрде жүргізілген. Нәтижесінде, қорымы, діни рәсімдер жүргізілген орындары бар мыңнан аса ескерткіш табылған. Бұлар, негізінен, Ойыл, Қобда, Темір және Әйтеке би аудандары аумақтарында орналасқан. Табылған ескерткіштердің санының көптігі арқылы зерттеушілер Ақтөбе аймағын ғұндардың тұрақты мекен еткеніне көз жеткізіп отыр.

— Сәнбиліктерден жеңілген ғұндардың бір бөлігі қазақ жерін көктей өтіп, оның батыс бөлігіне, Еділ, Жайық бойына қоныстанған. Олар бұл өлкелерде бірнеше ғасыр тұрақтап, күш жинап, тамыр жайып, қуатты елге айналды. Сорлақмола қорымы, міне, Ақтөбе жерінің де осы тарихқа ортақ екендігіне дәлел бола алады — дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали.

Сорлақмола Саралжын ауылдық округі аумағындағы Шиқұдық ауылынан 2-3 шақырым жерде орналасқан. Қорымда 200-ге тарта көне бейіт бар. Олардың әрқайсысының орындарын мамандар картаға түсіріп, сол арқылы өздері айырып-біліп отыр, әйтпесе сырт көзге бұл жер жусан басқан даланың елеусіз бір бұрышы ғана боп көрінеді. Ал осы қорымға жалғас жатқан төбешікті археологтар «сармат қорғаны» санайды. Ғұндар сарматтар секілді зират үстіне қорған тұрғызбаған. Бұл қандай да бір діни сенімге байланысты болды ма немесе жаугершілік заманда өмір сүрген ғұндар алмағайып күн туа қалған жағдайда, жақын-жуықтарының сүйектері қорланбауын ойлап, сақтық жасады ма — ол жағы белгісіз. Әйтеуір бір кездері әлемнің астын үстіне келтірген ғұндар енді Ұлы даланың боз жусанын жамылып, ешкімнің көзіне түспейтін, жермен-жексен болған қабірлерінде тып-тыныш, тына қалысыпты…

Осы тұста біз былтыр Ақтөбе қаласының маңынан табылған ғұн әскербасының қабірін еске түсірдік.

Облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Аслан Мәмедов:

— Естеріңізде болса, оның өзі ойда-жоқта табылып еді. Жексенбі күні құрылысқа қажетті құм қазып алып жатқан жүргізуші кенеттен адам сүйегіне тап болып, учаске бастығы Бақыт Данатқа хабарлаған. Қабірден табылған алтын-күміспен көмкерілген заттарға қарап, онда ғұндардың тайпа не ру көсемі болған адам жерленсе керек деп болжадық, — дейді.

Аталған зират Ақтөбе қаласынан солтүстікке қарай 2-3 шақырым жерден табылған болатын. Зират бұрын қиратылған болып шықты, соның өзінде одан қымбат металдар және асыл тастармен әшекейленген көптеген заттар табылды. Мысалы, алтынмен безендірілген ер-тоқым, зерттеушілердің айтуынша, жерлеу рәсімі үшін арнайы әзірленген болуы да мүмкін. Сондай-ақ, зираттан сабы алтынмен, тастармен әсемделген темір қылыш, қола және күміс айылбасы табылды. Жерленген адамның үстіндегі киімі де алтын түйіршіктерімен әсемделген. Мұның бәрі оның қоғамда дәрежесі, беделі жоғары адам болғанын көрсетеді. Археологтардың болжауынша, ол ІІ-ІV ғасырларда өмір сүрген, ал Сорлақмола қорымы да сол кезеңнің ескерткіші екені жоғарыда айтылды.

Биыл мұнда облыстық тарихи-өлкетану музейі мен облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы қызметкерлерінен құралған археологиялық топ зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ олардың қатарына болашақ тарихшы студенттер де қосылған. Биылғы жұмыстар барысында үш нысан, соның ішінде бір күрделі нысанның екі бөлігі қазылды. Олардың бірі көне ғибадатхананың орны деген жорамал жасалды. Өкінішке қарай, екі нысан бұрын тоналған болып шықты. Ал қорымның оңтүстік-шығыс бөлігіндегі қабірден әйел адамның сүйегі табылды.

— Ғұндар әдетте адамды басын солтүстікке қаратып, шалқасынан жатқызып жерлеген. Мына қабірдегі сүйекті біз сол қалпында таптық, бұл, бір жағынан қабірдің бұрын қазылмағанын көрсетеді. Ғұн дәуірінен қалған қорымдарда қабірлер көбіне тар, жіңішке болып келеді, — деді Аслан Мәмедов.

Қабірден сүйекпен қоса, ұршық, кішкентай қола айна, моншақ пен қапсырма шыққан. Осы заттарға қарап, мамандар мұнда әйел адам жерленген деген тұжырым жасапты.

Зираттың тап жанынан құрбандық шалынған орын да анықталған. Жоғарыда айтылған қыш құмыра нақ осы құрбандық шалу барысында сындырылған.

— Құмыраны сындыру көне ғұрыптық рәсімнің бір бөлігі болған. Бұл рәсім марқұмды жерлегеннен кейін іле-шала емес, араға жылдар салып барып жасалған, — деді Аслан Мәмедов.

Жерленген адамның туыстары құрбандық шалу рәсімін араға біраз уақыт салып өткізгенін тәжірибелі мамандар топырақтың түсіне қарап анықтап отыр. Құрбандық шалу рәсімі жасалған жерде топырақ арасында титтей болып ағарып,сүйектің қалдығы да жүр. Бұны «Құрбандыққа шалынған мал сүйегінен қалса керек», — десті мамандар…

Қорымнан табылған тағы бір сүйектің қай кезеңде жерленгені әзірге жұмбақ болып отыр. Себебі, қабір бұрын қазылғандықтан, о бастағы жерлеу рәсімінің белгілері сақталмаған. Сүйектің жанынан күмістен жасалған белдіктің басы, т.б. жәдігерлер шыққан. Бұл жәдігерлер зерттеуге жіберілмек…

Айта кетелік, ресми тарихнамада ғұндардың шыққан тегі, кейінгі мұрагерлері туралы таласқа әлі де нүкте қойылған жоқ. Бұл жерде негізгі үш пікір түркі, моңғол және фин-угор халықтарына байланысты айтылып жүр. Төртінші, яғни славяндарға қатысты пікір де айтылғанмен, оларды қолдаушылар болмаған.

Ғұндардың тегі түркі деп санайтын зерттеушілердің қатарында Ф. Мюллер, В. Радлов, В. Бартольд, т.б. белгілі ғалымдар бар. Бұл пікірді академик Әлкей Марғұлан да қуаттаған. Осы орайда біз сөзімізді Әлкей Марғұланның шәкірті,  тарих ғылымдарының кандидаты Самат Өтениязовтың «Ғұндар мұрасы» мақаласынан алынған мына үзіндімен аяқтауды жөн көрдік:

«Ғұндардың әдет-ғұрпының, салт-дәстүрінің бұл күнде тікелей мұрагері қазақ халқы екені сөзсіз. Мысалы, баланы бесікке бөлеу, жылқының етін жеп, сүтін ішуі, қадірлі қонаққа қойдың басын тартуы, құмалақ ашып немесе жауырын сүйекпен жору қазақ халқында ғана сақталған. Әрине, осы әдет-ғұрыптың барлығы қазақ еліне қыпшақ мәдениеті арқылы жеткен. Мысалы, әлгіндей әдет-ғұрыптар қыпшақтан басқа оғыз немесе қарлұқ мәдениетін жалғастырушы халықтың ешқайсысында жоқ.

Бернштамның археологиялық экспедициясы тапқан ғұндардың бесігі мен қазіргі қазақ бесігінің ешқандай айырмашылығы жоқ».

aqtobegazeti.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button