Мақала

Ұстаздардың жалақысы талқыланды

Мемлекет басшысы конференцияның пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде ұстаздардың жалақысын екі есе ұлғайтуды тапсырды.

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тәуелсіздік сарайында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен білім саласы қызметкерлерінің Тамыз конференциясы өтіп жатыр.

«Мұғалімдердің еңбекақысы ең төменгі жалақылардың бірі болып отыр. Ол экономикадағы орташа айлық еңбекақының 65%-ын ғана құрайды. Әрине, біз бұны осылай қалдырмаймыз. Сондықтан Үкіметке білім беру жүйесіне білікті кадрларды тарту және педагогтардың мәртебесін көтеру мақсатында төрт жыл ішінде ұстаздардың жалақысын екі есе арттыруды тапсырамын. Мен заң және сәйкес шаралардың қабылдануы мұғалімдердің өмірін барынша өзгертеді деп ойлаймын. Үкіметтің міндеті – барлық қабылданған нормалардың тәжірибе жүзінде іске асуын қамтамасыз ету», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Атап өтсек, ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан дәстүрлі шараға еліміздің түкпір-түкпірінен екі мыңнан астам ұстаз қатысуда. Олардың қатарында мектеп, колледж бен жоғары оқу орындарының оқытушыларымен қатар ата-аналар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері бар.

 

Жиын барысында білім және ғылым саласындағы өзгерістерді басқару мәселелері талқыға салынып, инновациялық идеялар мен бастамалар ұсынылуда.

 

Бұған қоса, Қазақстан президенті үздік ұстаздарды марапаттады.

 

Еске салсақ, Тамыз конференциясы жыл сайын дәстүрлі түрде жаңа оқу жылының қарсаңында өтеді.

 

Аталған жиын барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау қажет екенін айтты.

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button