Жаңалық

СӘНІ МЕН САЛТАНАТЫ ЖАРАСҚАН КҮН

Солтүстік қазақстандықтар “QYMYZFEST” фестивалін дәстүрлі мерекеге айналдыруда.

Биыл үшінші жыл қатарынан өткізіліп отырған шараға өңірдің балық аудандары атсалысып, бұқаралық маңызға ие бола түскен. Биыл жергілікті билік фестивалді ұйымдастыру үшін 3 миллион теңге қаржы бөліпі. Тамыздың 17 күні Петропавл қаласының орталығындағы Н. Погодина атындағы орыс драма театрының алдына ақ шаңқай киіз үйлер тігіліп, сауда шатырлары орнатылып, аспанда қалықтаған әуен шара басталмай тұрып, дүбірлі тойдың болатынын аңғартты. Бір күндік мерекені қорытындылай келе, ұйымдастырушылардың діттеген ойы жүзеге асты деуге негіз бар.

Шараның халықтық сипатқа ие болуы біз үшін маңызды. Өйткені, ұлттық құндылықтарымызды үйрету, насихаттау, жаңаша сипатқа көшіру жолында қатысушылардың қатары қалыңдай түскені абзал. Осы жолы аудандардың белсенділігі бізді қуантты

– дейді фестивальді ұйымдастырушы Ерлік Мұхамеджанов.

“QYMYZFEST” фестивалінің басты нысаны – жылқы жануарының болмысы. Жылқы алғаш рет қазіргі Қазақстанның солтүстігінде қолға үйретіліп, осы жерде қымыз пайда болған деген дәлелді дерек берген Ботай мәдениетінің жаңалығын назарға алған ұйымдастырушылар ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау, оларды әрі қарай жаңғырту әрекеттерін шараның басты мақсаттарының бірі етіп алғаны сөзсіз. Аудандардан жиналған бір жарым мың литр қымыз, бас жүлдеге жылқы тігілген лотореялық ойын, жас жеткіншектердің Қамбар ата төлін суреттеген туындыларының байқауы, астау-астау жылқы етін пісірген аспаздар сайысы, тұлпарлардың сәнді жүрісін сипаттаған шеру – осы тұжырымымыздың айғағы.

Шара салт аттылар шеруінен басталды. Ұлттық киім киген үлкенді-кішілі қатысушылар мен әшекейлі ер-тұрманы күнге шағылысып, ауыздығымен алыса, желіген сәйгүлікердің үстіне жайғасқан бойжеткендерді көрген көреремендердің қошеметі еселеніп, айнала шаттыққа бөленді. Ұлттық киім, шуақты көңіл, мерекелік жалауша-шарлар мен бояулар мерекенің сән-салтанатын аша түсті. Халықтық жәрмеңке мен көрме де мерекені қыздыра түсті. Сауда-саттыққа түрлі қолөнер туындылары ұсынылыпты. Ағаштан, темірден, теріден, сондай-ақ тоқыма бұйымдар өз тұтынушыларын тауып жатты. Қолөнершілер көпшілікке бұйымды жасаудың, аспаздар ет пісіру мен қымыз әзірлеудің мәнісін көрсетіп, той-думан басында шеберлік сыныбын ұйымдастырды.

Әр байқаудың, сайыстың әділ бағасын беретін қазылар алқасы ақсақалдар мен білгір аспаздардан құрылып, оларға бір-бірінен кем түспейтін шара жеңімпаздарын анықтау оңайға түскен жоқ.

«Үздік қымыз өндіруші» сайысының бас жүлдесін Айыртау ауданы әкетті. Олардың түр-түрімен алып келген қымыздары әп-сәтте көпшіліктің көзіне түсіп, ақ сусыннан ауыз тиюге үймелеген жұрт өнім таусылғанға дейін үлкен кезек құрады. Сөреге қойылған қымыздарды ауданның жеке кәсіпкерлері әзірлеп әкелген. Бие жаңадан байланып жатқанда сауылған сүттен сүті-уыз қымыз, күнделікті саумалды күбіге немесе сабаға күнде құйып, төрт күнен кейін қотарып алынған дөнен қымыз, маусым, шілде айының соңында шөптің шүйгін кезінде бапталған майлы қымыз дейсіз ұлттық сусынның түр-түрі бар. «Үздік жылқы бейнесі» аталымы бойынша Тайынша ауданының суретшілері алға шықты. Ал лотореялық ойында жолы болған жігіт қызылжарлық Қаратай Майсейітов бас жүлдеге тігілген жылқыны ұтып алды. Бір мың теңгеге лоторея билетін сатып алып, үйіне 300 мың теңгенің атын мініп қайтты.

Бұл шараның тағы бір пайдасы – оған еліміздің басқа аймақтарынан және көрші Ресейден туризм бизнесі өкілдерінің қатысуы. Сондықтан шараның ішкі және сыртқы туризмді дамытуға қосар үлесі де елеулі. Қонақтар мен жергілікті кәсіпкерлердің арасында бір-бірімен тәжірибе алмасып, іскерлік қарым-қатынас жасаудың алғашқы қадамын жасап жатқандар да аз болған жоқ. Біздің өңірдің бренд шарасына айалып жүрген «Ботай» сақа ойыны өткізіліп, мерекенің көрігін қыздыра түсті. Балаларға арналған ойын-сауықтар,  көңілдің сарайын ашатын әсем ән мен би де биленді. Осылайша ұйымдастырушылар қызылжарлықтар мен оның қонақтарына естен кетпес күн сыйлады.

Солтүстік Қазақстан облысы, «Рухани жаңғыру» жобалық офисі 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button