Жаңалық

5 ерекше жер. Open Qazaqstan.

Париждың романтикалық көшелеріндегі серуен, Италияндық мейрамханадағы пастаның дәмі, Непал тауларындағы экстремалды саяхат туралы әңгімелермен көп адамды таң қалдыра алмайсыз. Ал, өз Отаның Қазақстанның табиғаты керемет, тылсым күшке ие сакралды жерлерінде өткізген демалысы туралы кім айта алады?

Өзіңізге сұрақ қойыңызшы: «Қазақстанның қай жерлерін араладым?», «Туған елімнің қай аймағы менің жаныма жақын?». Сән мен актуалды дүниелердің соңынан қуып жетеміз деп өз еліміздің керемет мекендерін артта қалдырудамыз. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Ruh.kz редакциясы Қазақстанның ерекше жерлерінің топ бестігін жасап, назарларыңызға ұсынып отыр. Ал, кеттік!

Хан тәңірі шыңы. Аспанның тәңірі – көне түркілер Тянь Шань тауларының ең биік шыңын осылай атаған. Тау шыңының биіктігі 7 мың метр, ал орналасқан жері – Қазақстан мен Қырғызстан елдерінің шекарасы. Хан тәңірі түркі тілдес халықтар үшін маңызды әрі қасиетті мекендердің бірі. Тау шыңына қатысты ғасырдан ғасырға үзілмей сақталып келе жатқан аңыз-әпсаналар көп. Тау шыңын қызғылт түсті мәрмәр тас алып жатқаннан соң, халық арасында Хан Тәңірін «Қантау» деп те атайды. Күн ұясына батқан кезде тау басының қызғылт түске боялу себебі де осында екен. Биік шыңды бағындыру сіздің жоспарыңызда болса, онда Алматы қаласында орналасқан альпинизм мектептерінің біріне жүгінуге болды.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі. Түркістан қаласында орналасқан әлемнің сегізінші кереметіне жатқызуға болатын сәулет өнерінің туындысы әр саяхатшының жүрегінде мәңгіге орын алары анық. Диаметрі 18 метрді құрайтын кесене күмбезі Орталық Азиядағы кірпіштен қаланған ең үлкен ғимарат. Кесене іші шартты түрде 8 бөлікке бөлінген және өзара бір-бірімен жалғасып жатқан 30 бөлмеден тұрады. Сондай-ақ кесене ішінде кітапхана, Қожа Ахмет Яссауи өмірінің бір бөлігін өткізген жерасыты бөлмесі, шілдехана бөлмесі бар. Кесененің шаруашылық құрамында асхана, тұрғын бөлмелері, жерасты суы бар құдық, монша бар. Ертеде киелі Түркістан халқы маңызы бар үлкен мереке күндері құдықтан алынған суды тайқазанға құйып, оны жергілікті тұрғындарға таратқан. Себебі құдық суының ерекше қасиеті болған деген болжам бар. Ал мұсылман қауымына тиесілі мереке күндері асханада дәмі тіл үйіретер тағамдар жасалып, үлкен дастархан жайылатын болған. Кесене алты ғасырдан астам уақыт бойы халықтың ыстық ықыласында. Бірнеше ғасырдың құпиясы мен сырын бойына сақтаған Қожа Ахмет Яссауи кесенесі сіздің саяхатшы дәптеріңіздің басты бетінде тұруы керек сияқты. Киелі шаһар Түркістанға жол салып, қасиетті мекенді аралап шығуды жоспарлаңыз.

Шарын шатқалы. 12 000 000 жылдық тарихы бар Шарын шатқалына тек осы сандар үшін баруға да болады. Елестетіп көріңізші, Шарынға аяқ басқан жеріңізде осыдан бірнеше миллион жыл бұрын динозаврлар жүрген. Бұл Космос қой! Денеңіз тітіркеніп кетті ме? Алматы қаласынан бар болғаны 200 шақырым қашықтықта орналасқан Шарынға аптаның әр демалыс сайын туристік турлар ұйымдастырылып отырады. Бар болғаны Алматыға қонақ болып келу және де жергілікті туристік компанияның ұсыныстарына жүгініп, жайлы автобус және білікті гидпен Шарынға жету. 3,5 сағаттан соң ландшафты ерекше жерге келіп, табиғаттың тамаша көрінісін көре аласыз. Шатқал үш бөлікке бөлінген. Халық арасында ең танымалы «Қамалдар аңғары». Өзінің түр келбетімен өте көне қалаларды еске салатын Қамалдар аңғарының ұзындығы екі шақырым. Жолдың соңына дейін жүрсеңіз Шарын көлінің алдынан шығасыз. Шарын шатқалына бірден ғашық болып қалсаңыз, міндетті түрде сол маңда орналасқан эко бақта түнеп шығыңыз. Күн батып, аспанды жұлдыздар басқан кезде шатқалдың ерекше аспанын және романтикаға толы сезімді бірден сезінесіз. Бұндай жұлдызды аспанды сіз әлем шарлап таба алмассыз!

Меркі киелі жерлері. Түркі хандарының жазғы резиденциясы болған тарихи және табиғи мұра Меркі көп туристер үшін жұмбақ. Жамбыл облысында теңізден 3 000 метр биіктікте орналасқан Меркі күні бүгінге дейін өзінің құпиясын қалың қауым назарына аша қоймады. Киелі деп саналатын Меркі жерінде балбал тастары, түркі көшпелі халқының мәдениетін көрсететін ескі қорғандар мен ерекше табиғи ландшафт кез келген туристің көңілін толқытпай қоймайды. Тарихи деректерге сүйенетін болсақ, Меркі қаласы VI ғасырда бой көтерген және қала атауының тура мағынасы «Орталық» дегенді білдіреді. Меркі ауданында жерасты радон минерал суларының бұлағы да бар.

Жаркент. Қытай елімен шекаралас қазақтың қаласы Жаркент несімен қызықтырады? Қытай сәулетшісі Хон Пиктің жобасы бойынша 1895 жылы Алматы облысының Жаркент қаласында тұрғызылған мешіт өзінің архитектурасымен сәулет өнері ескерткіштерінің қатарынан орын алды. Мешіт туралы көп ақпаратпен сізді алаңдатпай, тек мешіттің салыну тарихынан сыр шертейік. Ертегіге ұқсас тарихты естіген кезде, Жаркентке жол тартарыңыз анық. 1887 жылы мұсылман қауымының кезекті бір жиналысында мешіт тұрғызу үшін қаражат жиналатыны туралы шешім қабылданады. Жиналыстың соңында бас меценаттың рөлін жергілікті ірі саудагер Вали Ахун Юлдашев өз мойнына алады. Жиын басына жиналғандар тарқамай тұрып өзінің алғашқы салымын салып та кетеді. Аз уақыт аралығында мешітті тұрғызу үшін қажетті қаражат жиналған соң, жер-жерден шебер деген жүзден аса құрылысшы жиналады. Мықты шеберлердің арасынан ең мықтысы таңдалды. Сәулетші Хон Пике (Мұқан) мешіт құрылысының жетекшісі болып тағайындалып, өзінің кәсіби арманын дүниеге алып келеді. Қандай арман?

Шебер Қытай елінде қытайлық стильдегі мұсылман мешітін салғысы келген-ді. Алайда бұр арманы туған жерде жүзеге аспады. Сол себепті Вали Ахун мен Жаркент халқы мешіт тұрғызбақшы деген хабарды естіген сәулетші қазақ жеріне аяқ басты. Қытай сәулетшісінің бастамасымен бірде бір шегесіз бой көтерген мешіт туралы хабар жан-жаққа бірден тарайды. Сол себепті өз еліне оралған шеберді билік өлім жазасына кеседі (Жаркентте бой көтерген мешіттің әсемдігі Қытай елінің бір де бір ғимараты қайталай алмаған-ды). Өзінің өмірін сәулет жолында құрбан еткен қытай шеберінің мұрасы сізді Жаркент жерінде күтуде.

P.S. Киелі жерлерді атадан мұра етіп алып қалған халықпыз. Бірақ бұл мекендердің қай жерде орналасқанын және олардың тарихы мен тылсым күштерін біле бермейміз. Сол үшін ішкі туризмге жаңа леп беру керекпіз. Қазақстанды таны! Бойыңдағы саяхатшыны оят!

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button