Мақала

Ақтөбе –құтты мекен

Аңыз бен ақиқат

 

Биыл мамыр айында Ақтөбеге 150 жыл толды. Ал мен Ақтөбеде 50 жыл тұрамын. Ақтөбе аймағында көшпелі қазақтар мекендеген. Жан-жағы өзен-сулы – Елек,Қарғалы, Сазды өзендері, шөбі шүйгін,жері құнарлы аймақ. Негізінен бұл өңірді Арынғазы хан иеленген,ол басқарған ру елдері мекендеген. Осы жайлы Қашаған жырау:

Арқаның кең даласын,

Жайлады қазақ баласы,

Сырдан төмен кең қоныс,

Еділ,Жайық,Жем, Сағыз,

Елек,Қобда саласын,

Мекенденіп кетіпті,

Кіші жүздің баласы.

Темірдің басы-Құбабел,

Сол жақта қалды бөлініп,

Әлім аға бөлек ел.

Еділдің басы-Мыңтөбе,

Жайықтың басы-Оралтау,

Електің басы –Есенбай

Қобданың басы-Шоң мұрын

Жемнің басы – Мұғаджар

Ойылдың басы – Ойбұлақ

Қонысқа солай тараған.

 

Қазақтар осы жерлерді жайлаған. Осы құнарлы аймақты Ресей патшалығы отарлауға жеткізді. Әрине,Ресей империясының саясаты Орта Азияға шығу болды да, жолда кең дала аймағы жатыр,ол Ресейді аса қызықтырды.1868 жылғы «Дала облыстарын басқарудың уақытша ережесіне» сәйкес қазақ жері мемлекет иелігінде деп жарияланып,жергілікті қазақ халқының жерге құқығы шектелді. Жаңа ережені қабылдамаған қазақтардың толқулары басталып, күшейе түсті.Осы толқулардан қауіптенген Ресей үкіметі 1869 жылдың көктемі мен жазы, күзінде Кіші жүз территориясына Орынбордан жазалаушы отрядтар аттандырды.Олар толқуларды аяусыз жаншып басты.

 

Подполковник Круторожин басқарған жазалаушы отряд құрамында 2 зеңбірегі бар, 2 казак жүздігі болды.Осы әскери отрядқа «Қарулы күш қолданып,қазақтардың қарсылығын ешбір аяушылықсыз басып-жаншу» тапсырылды.1869 жылдың көктемінде Ақтөбе өңіріндегі қазақтардың қарсылығы толығымен басылды.

 

Әйтсе де,қазақ даласындағы көтерілістерді басу үшін әскер жинау, жазалаушы отрядты қару-жарақпен қамту,көтерілісшілерді ізіне түсіп қудалау патша үкіметіне көп уақыт пен қаржыны қажет етті.Сондықтан Орынбор басшылығы көтерілісті толық басу үшін және жағдайды толық бақылау үшін жергілікті жерде тұрақты әскери база құру туралы мәселе көтерді.Сөйтіп, әскери бекініс салу ісі қолға алынды.

 

1869 жылдың көктемінің басында Елек және Қобда өзендерінің аралығына құрамында Орынбор қазақтарының №4 батальонының 2 ротасы,Орынбор казатарының жүздігі, 169 жауынгерлік губерниялық батальон командасы және 14 зеңбірекші бар әскери отряд келіп жетті.Бұл әскери отрядтың негізгі мақсаты Елек уезіндегі қазақтардың көтерілісін басу және Орта Азияға шабуыл жасау плацдармын даярлау болатын. 1869 жылы 14-мамырда Ақтөбе шатқалына полковник Борх бастаған әскери отряд келіп,бес күннен кейін 19-мамырда артиллериядан бірнеше дүркін оқ атып,оқиғаны көруге әдейі келген Торғай облысының әскери губернаторы Л.Ф.Баллюзектің рұқсатымен 1869 жылы 19-мамырда Ақтөбе бекінісінің негізі қаланды.

 

Бұл тарихи оқиға туралы Петербургтен шығатын «Биржевые новости» газеті «Ақтөбе бекінісіне жол таңдап алынды» – деп жазған болатын.

 

Ақтөбе бекінісі салынатын жер қазақтар үшін өте киелі жер болатын.Полковник Ю.А.борх әскеріне жол көрсеткен қазақ Елек өзенінің арнасының жанында ақ төбелер туралы аңызды айтып берген еді. Бұл өңірде халыққорғаны болған,қуатты Қарасай деген батыр өмір сүрген.Ол өлген соң оны осы ақ төбелер үстіне жерлеген.Бұл жер үлкен қорым екен.Орыстар бекініске деп салған құрылыстар бір түнде құлап қала береді.Бұл жай орыстарды үрейлендіреді.Сонан орыстар біреудің айтуымен екі шошқаны қорымда бауыздап,қаны-жынын айнала шашады. Бейіттерден түнде үрейлі үндер шығады,беймаза аянышты дауыс адамдардың есін шығарады.

 

Таң атуға жақындағанда қорымның үстіне бір бөлек бұлт төніп келіп,найзағай ойнаған мезетте өлі аруақтардың мекенінен бір топ аққу қиқулап ұшып көтеріліп,түстікке қарай бет алыпты.Сосын нөсер жауын жауады.Сол кезден бастап орыстардың салған үйлері құламайтын болыпты.

 

1869 жылы Ақтөбе бекінісінің жер аумағы 8900 десятина жер болған.Ол жерлер қазақтардың қыстаулары тартып алынып,қорымдар бұзылып.осы аймаққа қарауыл алаңдары ,қару-жарақ қоймалары,гаупвахта,казарма салынды.

 

Алғашқы жылы Ақтөбе бекінісінде 357 солдат қыстап шықты.1878 жылы Ақтөбе бекінісіне қоныс аударушылардың алғашқы легі көшіп келе бастады.Бірінші Каюдин,Барбетов,Мощенский отбасылары көшіп келіп қоныстанды.Кейін Елек өзенінің көк шалғынды,топырағы құнарлы,шаруашылыққа қолайлы жеріне орналасқан қоныстанушылар көбейіп,тұрмыс жағдайлары түзеліп,мол байлыққа қол жеткізді.Алғашқы көпестер шықты. Тухтин,Подковырков,Барков,Габбасов сияқты Ақтөбелік көпестерірі сауда орындарын иеленіп, үлкен жетістіктерге жетті. Халық саны өсті. 1869 жылы қазан айанда Елек уезі құрылды.Оның алғашқы начальнигі болып Л.Н.Плотников тағайындалды. Елек уезі начальнигінің бірінші көмекшісі болып Аймұхамед Арынғазиев тағайындалып, ол осы қызметті 1873 жылға абыроймен атқарды.

 

1881 жылы архитектор Свиницкий Ақтөбе қаласының жоспарын жасады.Оны Орынбор генерал-губернаторы бекітті.

 

Ақтөбе бекінісінің қалыптазу кезеңі 1870-1880 ж.ж. болды. Ал,1880-1905ж.ж. Ақтөбе бекінісінің әкімшілік және сауда орталығы ретінде даму кезеңі болып табылады. 1890 жылы 1-қаңтарда Ақтөбеде 2340 адам тұрды.

 

1891 жылы 25 наурызда Ақтөбе бекінісі қала статусын алды. 1894 жылы қаланы басқару үшін тұрғындардың қоғамдық басқармасының алғашқы депутаттары сайланды.Қаладағы бірнеше көше – Старожительская ,кейін Александровская , К.Либкнехт көшесі аталып,қазіргі уақытта Шернияз атындағы көше. Кейін Гарнизонная, Крепостная, Оренбургская көшелері пайда болды. Ал татарлар тұрған қала бөлігі «Татарская слабода» аталды.Оның бірінші тұрғындары – саудагер көпестер ағайынды Ғаббасовтар,Насыровтар,Ахметовтер болды.Ал татаркадан бір верст оңтүстікке қарай Дон, Кубаннан келген әскерилер қоныс аударушылар орналасқан жерде «Оторвановка» поселкесі салынды. Поселкенің аты бекіністен алыс болғандықтан осылай аталған екен. Сонымен қатар, әлеуметтік нысандар ашыла бастады. 1896 ж. бірінші аурухана ашылды.Оған уезд дәрігерінің үйі берілді.1897 ж. бірінші көпшілік кітапхана жұмысын бастады. Ақтөбеде тұрғындар саны көбейіп,тіршілік көзі кеңейді.Май заводы,жел диірмен салынды, көшелерге керосин фонарлары қойылды. Орыс – қазақ қыздарына арналған училище ашылды.

 

Ақтөбенің қарқынды өсіп дамуына күшті әсер еткен Орынбор –Ташкент темір жолының салынуы болды. 1905 жылы Ақтөбе теміржол вокзалы және оның жанындағы қосымша ғимараттардың салынуы толық аяқталды.Осы жылы теміржол училещесі ашылып,мамандар даярлана бастады. Училещенің бастығы болып С.Н.Скоробогатов тағайындалды. Ақтөбеде қаланың тағы бір бөлігі бой көтеріп,ол поселокке көпшілік тұрғындар атаған «Москва» деген атау уезд бастығының бұйрығымен ресми бекітіліп берілді. Поселоктың қазірге дейінге осы атауы – бір версия бойынша бұл жерде Москва уақытымен жұмыс жасайтын теміржолшылар тұрғандықтан аталған.

 

1901 жылы Ақтөбе арқылы өтетін Орынбор-Ташкент теміржолы салына бастады.Ал 1903 жылы Ақтөбе паравоз депосы құрылды.Сөйтіп,қалада жұмысшылар саны көбейді. 1896-1902 ж.ж. ақтөе уезінің бастығы,полковник Н.М.Сухин болған. Мінезі күрделі, іскер,жеке басына жауапкершілік ала алатын,жеке шешім қабылдай алатын адам екен.Осы бастық қазақ тілінде жақсы сөйлей білген. Орынбор-Ташкент теміржолын сала бастағанда оның жасалған,сызылған жобасын өзгерттіріп, қаладан алысқа салынатын теміржол вокзалын 1 шақырымға жақындатып,қазіргі жерге салуға жобаны өзгерттірген басшы екен.

 

1905 жылы 1-тамызда Орынбор-Ташкент теміржолында жолаушылар поезы қозғалысы жүруі ресми ашылды.Поездар – «поезд Ташкент – Орынбор маршрутымен жүрді. Ақтөбе станциясында 10 минут тоқтады. Теміржол мекемелерінің ашылуына байланысты қалада бір жерде қызмет жасайтын жұмысшылар топтары қалыптаса бастады. 1906 жылы 2-июльде қалада бірінші революциялық бұқаралық көтеріліс ,жұмысшы теміржолшылар митингісі өтті.Ал 1907 жылы 2-июньде қалада депутаттар Советі құрылды. 1905 жылдың басында Ресейден Ақтөбе уезіне 1340 отбасы көшіп келді,оның құрамында 8840 адам болды.Қоныс аударушылар Ресейдің 26 әртүрлі губернияларынан келгендер еді. Оның ішінде Воронеж ,Самара, Орынбор губернияларынан көптеп келді. Жаңадан қоныстанушыларды жері құнарлы,егін шаруашылығына қолайлы өзен алқабы бойындағы аймақтар қызықтырды.Жаңа қоныстанушылар саны жыл сайын көбейіп,Ақтөбе уезінде 1913 жылы 1-қыркүйекте 28 орыс болыстығы ,147 таза орыс поселкелері болды. Салыстырсақ, осы мерзімде 19 қазақ болыстығы , 134 қазақ ауылдары болды.Өңірде халық санының өсуі, әскери бекініс тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету,қазақтарды сауда қатынасына тарту, Қазақстанның батыс бөлігінен мал және мал өнімдерін Ресейдің өнеркәсібіне шикізат ретінде пайдалану мәселесі күн тәртібіне қойылып, Ресей үкіметі сауданы дамытуды қолға алды. Осы мәселені шешу қазақ даласында жәрмеңкелер ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылатын еді. Орынбор өлкесінің генерал-губернаторы Н.А.Крыжановский: «Қазақ даласы алдымен Орынбор өлкесі үшін,сонымен қатар, Ресей үшін өте қажет. Қазақ даласынсыз біздің шаруашылығымыз көп нәрсені жоғалтқан болар еді. Сол жоғалтатын нәрсемізді біз қазақ даласын өзімізге қаратыпөз иелігімізге қарату арқылы ғана орнына келтіре алған болар едік»,-деп орыс мемлекетінің отаршылдық саясатын жасырмастан ашық атап көрсеткен еді.

 

Батыс Қазақстан аймағында бекініс қалаларын сауда орталығына айналдыру мақсатында Ресесй мемлекетінің Министрлер кабинеті маусымдық жәрмеңкелер өткізуге ерекше көңіл бөлді.Әр өңірде жәрмеңкелер өз жұмыстарын бастады. Соның бірі 1-қыркүйектен 1-қазанға дейін Қарғалы мен Елек өзендері құйылысындағы Ақтөбе биіктігінде өткізілетін «Ақтөбе күзгі жәрмеңкесі» еді.Ақтөбе елді мекенінде 1-желтоқсан мен 1 ақпанда «Ақтөбе қысқы базары» деген атаумен белгілі сауда кешені қызмет атқарған.Осы орындарда қазіргедейін базар сауда орталықтары халыққа қызмет көрсетуде.Мысалы,Елек өзені жағасындағы Берсиев көшесінің басындағы ойда социализм кезінде базар – апта сайын өтетін «Толкучка» болды.Ақтөбе жәрмеңкесінде сатылған малды Ресей көпестері қазақтардан арзан бағаға алып,қымбатына Орынбор,Орск,Самарада сатқан.Жәрмеңкеде мал,мал өнімдері ,астық және астық өнімдері,Орта Азия товарлары шапан,көрпе,кілем,жібек,қағаз,кептірілген жеміс-жидек, Ресей товарлары – былғары бұйымдар,темір,мата,бакалея,галантерея т.б сатылды.Ақтөбедегі тұрақты сауда орындарының иелері негізінен орыстар мен татарлар болды,яғни 13 орыс, 8 татар лавкалары қызмет етті. Саудалаы жүріп, олар тез байып,жылдық товар айналымын П.Шибаев 40 мың рубльге, М.Ғаббасов -30 мың рубльге жеткізді.Жәрмеңкеге әкелініп сататын қазақ қойлары өте семіз болды. Оларддың орташа салмағы 4-5 пұт болды. Ал Еділбай тұқымды қазақ қойының құйрығының салмағы 30-40 фунтқа жетті. Ақтөбе жәрмеңкесінде 1895 жылы ешкі-2 сомға, қой – 5 сомға сатылды. Ал ешкі түбіті – 16 сомға,жылқының құйрық-жалы – 12 сомға, қой майы – 3 сомға бағаланды. Жәрмеңкелер кезінде қазақтар асханалар ұстады. Онда келген саудагерлер мен сатып алушыларға шәй,қымыз, қуырдақ, піскен ет сатылды.

 

1895-1915 жылы Ақтөбе уезіне 110 мың 100 орыс ұлтының өкілдері келіп қоныстанды. Сөйтіп,қазақтардың саны 1897 жылғы 95%   – 1915 жылы 52% дейін төмендеп кетті.

 

Ақтөбе өңірінде сауданың,көлік саласының дамуы қазақтар арасында сауда буржуазиясын қалыптастырды. Олар Сұлтан Ахмет Жантурин, Жағалбайлының атақты байы Дербісәлі Беркімбаев ,назар руының биі Бисембі Бәжіков,шүрен руының биі, ірі бай,беделді Бимухамбет Жанкелдіұлы т.б патша үкіметінің жергілікті өкілдерінің назарына іліккендер еді.Бұл байлардың арасынан әрі бай-дәулетті, әрі ықпалды, әрі іскер, әрі сауатты, әрі өнерлі, Арынғазы ханның тұңғыш немересі, Мұхамедқазыұлы Үсен Мұхаммед ерекше көзге түсіпті. Оны халық Үсентөре деп атапты. Орынбор, Темір жәрмеңкелерінің базарбасы болған, Ақтөбе жәрмеңкесінде қызмет атқарған кісі. Домбырасын қолынан тастамай, күйшілік өнерді жоғары қойған. Жәрмеңкеге жиналған жұрт оның өнеріне тәнті болып,жоғары бағалаған. Үсен төре «Ақжелеңнің» 62 түрін түгел орындаған екен. 1910 жылы «Триумф » кинотеатры ашылып, кейін «Зимний культфронт», «Пионер» деп аталды.

 

1869 жылы бекініс ретінде негізі қаланған Ақтөбе сөйтіп ХХ ғасырға қадам басты. Болашақта тарихи өзгерістер – социализм заманы,кеңестік дәуір тұрды. 150 жыл ішінде үлкен қала болып,ірі өнеркәсіп,сауда,білім,мәдениет,әкімшілік орталығына айналды.

 

Қазір ХХІ ғасырда Ақтөбе тәуелсіз Қазақстанның ірі облыс орталығы,тоғыз жолдың торабы,агломерацияға кірген төрт қаланың бірі. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Өсе бер,өркендей бер құтты мекен – Ақтөбе!» – деп бағалап, бағдар берген қала – Ақтөбенің жаңа тәуелсіз тарихы басталуда.

 

 Құрманбек Еркін Жолмырзаұлы

ҚР мәдениет қайраткері,

Ақтөбе қаласы, «Рухани жаңғыру»  жобалық офисі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button