Жаңалық

Тастан қатты құбылыс...

5 қыркүйек Ахмет Байтұрсынұлының туған күні және Қазақстан Халқы тілдері күні.

Тіл біздің қазынамыз һәм рухани байлығымыз дейді. Сол байлықты жоғалтып алмау үшін мемлекет тарапынан қандай іс-шаралар мен жұмыстар атқаралып жүр? Елімізде тіл жағдайының статистикасын, терминдердің мән-мағынасын және латын графикасына қатысты өзгерту жұмыстарын кім жасап жүр? Көпшілікте тілге қатысты сұрақтар туындаған кезде кімге жүгіну керекпіз? Міне осырақтардың жауабын алу үшін Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Тілеш Ербол Ердембекұлына жолыққан едік.

Ruh.kz: Ербол Ердембекұлы, қайырлы күн! «Тіл қазына» орталығының негізгі жұмысына тоқталып өтсеңіз.

Ербол Ердембекұлы: Біздің ұлттық орталықтың бірден бір негізігі функциясы мемлекеттік тіл және де басқа тілдерді оқыту әдістемесін дайындау болған. Өздеріңіз білесіздер, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы шықан соң, латынға байланысты міндетті жүзеге асыру үшін біздің ұжым Ұлттық орталық болып қайта құрылды. Қазіргі күні Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» деп аталамыз. Орталығымыздың әлеуеті артты. Алматыдан және басқа да орталықтардан ғалымдар сарпылды. Орталықта жеті басқарма жұмыс жасайды. Оның ішінде латынға тікелей қатысты орфографиялық басқарма, онан кейін әдістемелік басқарма толықанды жұмыс жасап отыр. Өткен жылы емлені қолдау – орфография жылы болды. Ал биылғы жыл – оқыту-үйрету жылы, әдістемелік жыл. Сонымен бірге ономастикалық-терминологиялық басқармасы бар. Біздің елімізде тілге байланысты екі республикалық комиссия бар. Олар республикалық ономастикалық комиссия және терминологиялық республикалық комиссия. Аталған басқарма осы екі республикалық комиссияның жұмысын үйлестіреді. Яғни, бекітілетін терминдерді немесе ономастикалық атауларды алдын ала біз ғылыми тілдік сараптауын жасаймыз. Сол тілдік сараптаудан барып, комиссияның жұмыс тобына ұсынамыз, жұмыс тобы оны қарап, дауысқа салып, қажеттісін-дұрысын бекітеді. Ал оның алдында көптеген жұмыстар жасалады. Мысалы, терминге қатысты жұмыстарды алатын болсақ, терминдерді бекіту бірнеше сатыдан өтеді. Бірінші, бекітілетін терминге байланысты мемлекеттік ұйым немесе жеке адамдардан ұсыныстар келіп түседі. Ол ұсыныстар осы басқармада қаралады. Одан кейін сырттан, әсіресе А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының ғалымдарына сараптауға жолданады. Сараптаудан өткеннен кейін барып, біздің түркітілдес елдерде бұл терминдер қалай қолданылады. Әзірбайжан, түрік, түркмен, өзбек, татар сияқты тілдердегі баламасы қандай екендігі қаралады. Осы баламалар арқылы қажеттісі таңдалады. Егер де ол терминнің қажеттілігі туындаған жағдайда. Қазір termincom.kz сайтында терминологиялық алаңымызды аштық. Аталмыш жоба арқылы терминдер халыққа бір қадам жақындай түсті. Әр азамат осы сайтқа тіркеліп, терминдерді талқылап, пікір жазып және ғалымдарға сұрақтарын қоя алады. Сайтымызға тіркеліп, сұрақ қойған кез-келген азаматпен кері байланыс араға уақыт салмай орнайтынына кепіл бере аламын. Сонымен қатар, біздің орталық баспа ісімен де шұғылданады. Оның бергі жағында үлкен ғылыми жұмыстардың бірі, әрине латын графикасын өндіру және кең қолданысқа енгізу. Бұл бағыттар бойынша ағымдағы жылдың наурыз бен сәуір айлары аралығында еліміздің барлық облыстарын аралап болдық. Азаматтарға екі кезеңнен тұратын дәрістер өткізілді. Біріншісі, көпшілікке латын графикасын таныстыруға арналған дәрістер. Латын әліпбиін қабылдаудың алғышарттары, ғылыми негіздері, қоғамдық негіздері, жаһанданумен байланысы қандай және латын әліпбиі бізге не береді деген мәселелерді халыққа түсіндірдік. Екіншісі, он екі сағаттық жүйемен жергілікті мектеп, колледж, университет мұғалімдеріне латын әліпбиінің жаңа ережелерін түсіндіріп, оқыттық.

Ruh.kz: «Тіл қазынаның» жекеменшік профессорлары бар екен? Қалай таңдадыңыздар?

Ербол Ердембекұлы: Ең бірінші таңдау жазу, фонетика, орфография саласынан ғылыми дәреже қорғаған профессорларға түсті. Өздерің білесіздер өткен ғасырдың 40-жылдары қазақ әліпбиіне реформа болғандығын. Сол жыдлары қазақ жеріне кириллица келді. Жетпіс жылдан астам уақыт өтті. Сол уақытта қоғамда әліпби ауыстыру реформасы оған дейін болмаған соң қоғамға оның қажеттілігі де болған жоқ. Сәйкесінше мамандар да аз даярланды. Латын әліпбиіне байланысты қазір мамандардың тапшылығы байқалды. Өйткені, бұл мәселе жетіпіс жылда ұмыт қалған, әліпби мәселесі күн тәртібіне қойылмаған және 1983 жылы соңғы орфографиялық сөздік бекітілген. Сол уақыттан кейін кириллица да елімізде өз жолымен дамыды. Осыдан екі жарым жыл бұрын Елбасымыз латынға қатысты бастама көтергеннен кейін әрбір жаңа реформада сол жаңа реформаның жүзеге асыратын мамандардың шоғыры қажет болады. Сол себепті, біздің орталықтың ойына алғашық болып А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты келді. Институттын білікті профессорлары Құралай Күдеринова, Анар Фазылжанова, Алмагүл Хабиева, Айнұр Сейітбекова, Гүлфар Мамырбек, Нұрсәуле Ырсалиева біздің орталықтың білікті шоқ мамандары. Олардың барлығы республикамыздың үкіметі жанындағы ұлттық комиссиясының орфографиялық немесе әдістемелік жұмыс тобының мүшелері. Бұл мамандардың барлығы да өзінің ғылыми мамандығы бойынша қызмет атқарып жүр. Мамандықтың екі түрі бар. Кәсіби мамандық бар. Мысалы, бәріміз филологпыз, оның ішінде бәрі тілші, бірақ тілші-лингвист ғалымдарымыздың ішінде соған енбегендері де бар. Біз бұл адамдарды тура фонетикамен немесе жазумен, жазу тарихымен, бүгінгі жазудың қолданысы, жазу нормаларымен шұғылданатын ғалымдарды шақырдық. Ғалымдарымыз қазір әдістемелік басқармада және орфографиялық басқармада жұмыс істеп жүр. Анар Фазылжанова орталығымыздың ғалым хатшысы. Жалпы, біздің профессорларымыздың барлығы да латын саласында қорғаған еңбектері жетерлік. Сонымен қатар бізде төрт жұмыс тобы бар. Соған да тоқталып кетсем. Орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық және ақпараттық-сүйемелдеу техникалық жұмыс топтары бар. Соның ішінде ақпараттық-сүйемелдеу техникалық жұмыс тобына тоқталып өтсем. Бұл топ латын әліпбиінің компьютерлеге енгізілуін, әлемдік деңгейде технологиялар біздің жаңа графиканы қабылдай ма, біздің таңбалар таныла ма, компьютердің клавиатурасы қандай болады деген сияқты түрлі-түрлі мәселелердің шешімін табу аясында жұмыс істейді. Жалпы «Тіл қазынаның» басты қазынасы оның білікті қызметкерлері. Біздің ұжымның мамандар саны тоқсанға жуық және олардың әрқайсысы өз ісінің шеберлері.

Ruh.kz: «Тіл қазынаның» республикалық деңгейдегі салмағы қаншалықты «ауыр»?

Ербол Ердембекұлы: Дұрыс сұрақ. Біздің талап пен тілектеріміз қашанда дәлелденген және айғағы бар. Соның бір дәлелі ретінде, 2018 жылы 6 желтоқсанда ел Премьер-Министрінің қатысуымен өткен Ұлттық комиссия отырысында жаңа қазақ әліпбиінің емлелері мақұлданды. Сол емленің авторы А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты. Біз сараптау функциясын атқардық. Бұл сараптау жұмыстары шілде айында басталып желтоқсан айында аяқталды. Сараптау жұмыстары республиканың барлық кеңістігін қамтысын деген мақсатта, біздің ғалымдар мен профессорлар облыстарға шықты. Нәтижесінде 18 500 адаммен кездестік. Оның ішінде 3 500 адамнан анкета-сауалнама алдық. Жалпы сауалнамаға қоғамның барлық әлеуметтік топтары тартылды. Екі үлкен кеңес өткізілді және тәуелсіз сарапшылардан пікір алдық. Ауқымды жұмыстар атқарылғаннан соң, желтоқсан айында Ұлттық комиссияға шықтық. Бірнеше ай бойы еліміздің барлық аудандарында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде біздің емле нұсқасы қаралды, мақұлданды. Ал қазіргі күні әліпби қарастырылуда, еміле бекітілу керек. Бірақ, айта кететін бір жайт. Ешқандай мемлекеттің әліпбиі бір-ақ рет бекітілген емес! Неге? Өйткені тіл – тірі организм. Уақыт өте келе ол өзінің түзетулері мен жаңашылдықтарын береді. Біздің мамандар соны байқап,уақытынша толықтырулар енгізіп отыру керек. Мысалы, 1929 жылы латын әліпбиі елімізге күшпен кірді. Бірақ тіл ешкімге бағынбай, 1938 жылы қайтадан реформа болды. Кеңес үкіметінің 1940-жылдары кириллица енді, бірақ 1955 жылы бәрібір реформа болды. Тіл өте нәзік, әрі үлкен құбылыс. Тіл – тастан қатты, гүлден нәзік! Тілді оқыту барысында, оны қабылдау және пайдалану барысында өзгертуді қажет ететін құбылыстар көрініп отырады. Біз қазір емлені бекітудің қарсы алдында тұрмыз. Соған қарамастан орталығымыздың сараптау жұмыстары жүргізіліп отыр. Бұл жұмыстардың қатарына пайдалы нәтиже беретін бағыт қосылды. Өңірлердегі он екі сағаттық оқу курсы және елордамыздағы жетпіс екі сағаттық оқу курстары. Оқу курстары басталғанда және аяқталғанда сауалнамалар алынады. Сондай-ақ, курс барысында тыңдаушылардың қай емілеге «бүйрегі» көбірек бұрып тұрғаны, қайсысы тез қабылданып жатқаны сияқты тұстарға да баса назар аударудамыз. Бұл үлкен жұмыстардың нәтижесі – үлкен статистика! Бұл дегеніміз, мақұлданған емленің өзіне күз айларында тағы да ұсыныс бермекпіз. Яғни, біздің талдау-зерттеу жұмыстарымыз көрсетендей, жаңа емленің кей тұстарына әлі де өзгертулер енгізу керек.

Ruh.kz: Сұхбатыңызға көп рақмет! Тіл мәртебесін түсірмеу және оның игілігіне қызмет атқару сіз және сіз басқарып отырған ұжым үшін қашанда адал іс болсын!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button