Мақала

Алтын сапты, алмас қылышты Сәрке батыр

Сәрке батыр - Жоңғар шапқыншылығы кезінде асқан ерлігімен көзге түскен, 1690 жылы туған, шын есімі Меңдібек Шоңмұрынұлы.

Сәрке батырдың әкесі Шоңмұрын баба XVII ғасырдың басында он бір мың жылқысы бар ең ықпалды және бай адамдардың бірі болған. Орынбор, Ақтөбе және Қостанай облыстарының аумағында тұратын Біліс Жағалбайлы руынан шыққан.

 

Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданы, Қос Естек ауылдық округінде XVII ғасырда Бөкенбай бастаған Кіші жүз сарбаздарының қалмақ пен казактарға қарсы соғыстарында ерлігімен көзге түскен
Сәрке Меңдібекұлына арналған ескерткіштің құрылыс жұмыстары толық аяқталып, ашылу салтанаты аясында 7 қыркүйек күні «Алтын сапты, алмас қылышты Сәрке батыр» атты іс-шаралар жиыны болып өтті.

 

Атаулы жиынға Башқұртстан мемлекеті, Челябинск, Орск, Орынбор қалаларынан, еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Қостанай қалаларынан делегаттар келіп қатысты. Сонымен бірге, Ақтөбе облысының белгілі азаматтары мен батырдың ұрпақтары да шарадан тыс қалмады.

 

Шара барысында батырға арналған көрмелер назарға ұсынылып, Қарғалы ауданы әкімі Жүсібалиев Асқар Қазиханұлының қатысуымен «Алтын сапты, алмас қылышты Сәрке батыр» атты батырдың өмірі мен ерлік әрекеттеріне арналған конференция ұйымдастырылды.

 

Кейін Сәрке батыр ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Рәсімде облыс әкімінің бірінші орынбасары Сыдықов Рахат Мәжитұлы жиылған халықты осындай атаулы оқиғамен құттықтап, ескерткішті ашып берді. Кейін елімізге белгілі айтыскер ақын Марат Ахметов ер Сәркеге арнап өзінің жүрекжарды арнауын орындады.

 

Сонымен қатар, ескерткіш маңына 8 киіз үй тігіліп, келген қонақтарға, ауданның сыйлы ақсақалдарына, тұрғындарға ас берілді. Одан бөлек, аталған шара аясында қазақша күрестен турнир, Сәркеге арналған өлең-жырларды мәнерлеп оқу сайысы, облысқа белгілі ақындар арасында айтыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар аудан әкімі атынан сертификаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Айта кететіні, жиынға қатысқан қонақтарға Сәрке батырдың символикалық бұйымдары сыйға тартылды.  Бір күнге созылған шаралар жиыны мерекелік концертпен өз мәресіне жетті.

Ақтөбе облысы, «Рухани жаңғыру» жобалық офисі

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button