Мақала

#Ең_ұзақ_түн

Күн санау және апта күндері жайлы

 

Шығыс ғылымы мен дәстүрін негізге алған қазақ халқы уақыт, мерзім өлшемдерін жеке-жеке бөліп қарап, оны «күн санау», «ай санау», «жыл санау» деп атаған. Бір күн мен түннің қосындысын халық «тәулік» дейді. Бір тәулік 24 сағатты құрағанымен оның күні мен түнінің ұзақтығы әр айда өзгеріп отырады. Жазда күн, қыста түн ұзарады. Екеуінің теңелетін тұсы – 22 наурыз және 22 кыркүйек, ең ұзақ күн – 22 маусым, ең қысқа күн – 22 желтоқсан.

 

Күн санау – ертеден келе жатқан жүйелік есеп кағидасы. Шығыс елдерінде, соның ішінде қазақ халқында да күн санауды сенбі күнінен бастаған. «Құдайдың күнінің бәрі сәтті» деп есептейтін халқымыз жұманы ислам дініне сәйкес қасиетті күн деп есептейді. Өткен күндерді – «кеше», «алдыңғы күні», «мұрнағы күні», келер күндерді – «ертең», «бүрсiкүні», «одан арғы күні» деп атаса да, жұрт түсініп жатады. Күндерге халқымыз үлкен танымалдықпен ат қойған. Олар:

 Реті  Көне (Өтейбойдақша)  Планетасы  Қазіргі аталуы
 1  бақтал  Сатурн  сенбі
 2  баттал  Күн  жексенбі
 3  сақтал  Ай  дүйсенбі
 4  жақтал  Марс  сейсенбі
 5  аттал  Меркури  сәрсенбі
 6  ғаттал  Юпитер  бейсенбі
 7  мереке  Шолпан  жұма

 

Өтейбойдақ бабамыз былай дейді: сенбі, сәрсенбі, бейсенбі күні туылғандар – опалы, милы, толғамды, ұстамды болмақ. Бірақ ұйықтамаға кіріптар болатыны көп. Сейсенбі, жұма күні туылғандардың ата-анасына опалылығы аз, қайырымдылығы да кездейсоқ, дүниеге көп қызықпайды. Әңгүдіктеу, сырқатты да елемейді. Жексенбі, дүйсенбі күндері туылған маңдай жұлдыздылар оңай-оспақ сырқатпен науқастанбайды, ыстық-суықтық деңгейдегі науқастарға тез ұшырайды…

 

Міне, бұл жұлдызбен, туған күнмен адамның ішкі дүниесін, психологиясын ұштастыра зерттеуге негіз болмақ.

 

Жеке күндердің анықтамасы мынадай деп көрсетеді Зейнолла Сәнік:

 

Бірінші күн – сенбі. Аптаның алғашқы күні. Ислам рауаяты бойынша, бұл күні Алла тағала адам баласын және жан-жануарларды жаратқан. Сондықтан бұл күн сәтті күн болып есептеледі. Ең алғашкы жұмыс күні болғандықтан жұрт алаңсыз еңбек етуге тиіс. Мұхаммед пайғамбар Меккеден Мединеге осы сенбі күні көшкен.

 

Екінші күн – жексенбі. Бұл күнге қатысты ырымдар мен қағидалар көп айтылмайды. Мұсылмандар «ауыр күн» деп санаса да, қазақтар қатардағы күндердің бірі деп есептейді. 1941 жылғы 22 маусымда басталған Екінші Дүниежүзілік соғыс осы жексенбі күні басталған. Содан да шығар, жексенбі – христиан дініндегілердің қасиетті күні…

 

Үшінші күн – дүйсенбі. Қазіргі есеппен алғанда, аптаның басы. Бұл күндері ол алғашқы жұмыс күніне айналып отыр. «Дүйсенбіде тырнақ алса, адамның ақыл-ойы кемелденіп, ауру-сырқаудан айығады» деп айтылады халық ырымында. Ислам рауаяты бойынша, дүйсенбіде Жер мен Көк жаратылған. Мұхаммед пайғамбар осы күні туып, осы күні дүниеден өткен (570-632 жылдар).

 

Төртінші күн – сейсенбі. Әуе, аспан кеңістігі осы сейсенбі күні жаратылған делінеді. Қазақтың кейбір рулары сейсенбі күнді тергеп, жолға шықпайды (қаракерейлер). Ал кейбір рулар (Қазақстанда) сейсенбі күнді тергегенімен, Шынжаң қазақтары бұл күнге қатардағы күндердің бірі ретінде қарап, өз жұмысын одан ары жалғастыра береді.

 

Бесінші күн – сәрсенбі. «Сәрсенбінің сәті» деп қазақтар бұл күнді өте сәтті күн деп есептейді. Қазақ халқы өзінің игілікті істерінің көбін осы күні бастайды. Рауаят бойынша, су және әртүрлі өсімдіктер осы сәрсенбі күні пайда болған делінеді.

 

Алтыншы күн – бейсенбі. Мұсылман елдері үшін қасиетті күндердің бірі. Бейсенбіде Күн, Ай, жұлдыздар жаратылып, жерге жарық түскен делінеді. Қазақтар бұл күні жуынып-шайынып, өздерін пәк ұстайды. Осы күні аруақтарды еске алып, Құран оқиды. Бейсенбі күні қайтыс болғандарды жақсылыққа жориды.

 

Жетiнiшi күн – жұма. Аптаның соңғы күні. Бүкіл мұсылман әлемі үшін ең қасиетті әрі демалыс күні. Бұл күні Адам ата жаратылған, су жануарлары мен құстар пайда болған. Көктен қасиетті Құран Кәрім түсе бастаған. Құранда «жұма» атты сүре бар (62-сүре). Қасиетті жұма күні аруақтар әр үйден Құран-дұға дәметеді. Соған сай мұсылмандар осы күні шелпек пісіріп таратады. Бейіт басына барып аруақтарды еске алады. Мешітке барып жұма намазына қатынасады. Бұл күндері адамдар пәк жүруге, әдепті болуға, халыққа пайдалы жұмыс істеуге міндетті. Жұма күні қайтыс болғандар немесе жамбасы жерге тигендер екі дүниеде бақытты адам болып есептеледі. Халық осы жеті күнді косып «бір апта», «бір жұма» немесе «бір жеті» деп атайды.

Басқа материалдар

Back to top button