Мақала

EŃBEGІ JANǴAN ARÝLAR форумы

Солтүстік Қазақстан облысының орталығында іскер және жұмысшы әйелдердің басын қосқан «EŃBEGІ JANǴAN ARÝLAR» форумы өтті.

Бір қолымен бесік, екінші қолымен әлемді тербетуге қуатты әйелдердің отбасы мен мемлекеттің іргесін нығайтуға қосып жүрген үлесі өлшеусіз. Қоғамдық-саяси өмірдің кез-келген саласында тынымсыз еңбек етіп жүрген нәзік жандылар ер азаматтармен бірге иық тірестіріп, ұлтына қызмет көрсетуде. Табиғатынан нәзік, мейірімді, қамқор жандар саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында аналық үлкен міндет арқалап қана қоймай, ұл-қызының әлеуетін жасау үшін аянбай еңбек етуде. Белсенді қыз-келіншектер түрлі қауымдастық құрып, қоғамдық өмірде орын алып жататын өзекті мәселелерді шешуге атсалысып жүргендігі бір төбе әңгіме. Қырық шырақты әйелдердің қолынан келмейтін іс жоқ. Бүгінгі Ұлт жоспары ретінде белгіленген рухани жаңғыру ұстанымы адамның әлемді сезінуі мен дүниетанымы, оның қоршаған ортасындағы орны және түсінігі, дәлелдері мен мінез-құлық стилі, құндылық бағдарлары мен мәдени қалаулары десек, қоғамдағы әйелдердің осы мақсатты жүзеге асыруға қосып отырған үлесі ерен деп айтуға негіз мол. Арулардың осындай қасиеттері бағаланып, шараға «EŃBEGІ JANǴAN ARÝLAR» деген тақырыптың қойылуы қыз-келіншектердің атқарып жүрген еңбектеріне құрмет деп білеміз.

 

Шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – әйелдердің қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру, жұмыскер нәзік жандылардың еңбегін бағалап, әрі қарай ынталандыра түсу, кәсіпкерліктің тізгінін ұстап жүргендердің іс-әрекеттерін насихаттау, қолдау және дамыту болды. Форумға Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының  Президенті   Раушан Сәрсембаева, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Көкшетау, Павлодар және Тараз қалаларынан арнайы қонақтар келіп, қатысты.

 

Форумның салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов:

Елімізде гендерлік саясат мәселесіне зор көңіл бөлінеді. Оның айғағы осы жиын. М. Әуезовтың «Ұлт болам  десең, бесігіңді түзе» дегені әйелдер рөлімен тікелей байланысты. Қай қоғамда болмасын әйелдің арқалаған жүгі  жеңіл емес. Бүгінгі әйел отбасы мен еңбекті қатар алып жүрген тұлға. Еліміздің өркендеу жолында аянбай қызмет жасап жүргендеріңізге ризашылығымызды білдіреміз

 

деп жиынға қатысушыларға жылы лебізін жеткізді.

 

Қазақстанда іскер әйелдер қауымдастығы құрылғанына алдағы жылы ширек ғасыр толмақ. Саясат, мемлекеттік басқару, бизнес, ғылым, білім, денсаулық сақтау, мәдениет тағы басқа салада еңбек етіп жүрген әйелдерді қызықтыратын ортақ тақырыптарды тауып, нәзік жандарды тебіренткен мәселелер бойынша бастарын бітіктіріп жүрген бұл қауымдастықтың қоғамдағы рөлі орасан зор. Үкіметтік емес ұйым алдына қандай мақсаттар қойып, қаншама жұмыс атқарылғанын осы қауымдастықтың негізін қалаған  Раушан Сәрсембаева жақсы біледі. Талай қиындықты еңсерген әйелдер ұйымы бүгінде мақсат-мүддесі айқын ынтымағы жарасқан орта. Раушан Біргебайқызы бүгінгі форумның мақсатын былай түсіндірді:

 

«Қоғамның барлық саласында әйелдердің еңбегі өлшеусіз. Экономикадаға ғана емес, саясат пен басқару жүйесінің барлық деңгейінде әйелдерді маңызды шешімдер қабылдауға қатысуына септесу біздің басты мақсатымыз. Ал Солтүстік Қазақстан облысының әйелдерін нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту аясындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бүгінгі күнге жүктелген мақсат болып отыр».

 

Форум жұмыскер әйелдердің құрметіне арналғандықтан әр салада қызмет атқарып жүрген 12 қыз-келіншек «Мамандығы бойынша үздік» парадына қатысып, қауымдастықтың дипломымен марапатталды. Олардың қатарында мұғалім, сылақшы, аспаз, споршы,  медбике, режиссер, оператор, тәртіп сақшысы, кәсіпкер, журналист, мал және өсімдік шаруашылықтарының үздік еңбеккерлері бар. Солардың қатарынан көрінген кәсіпкер Зайда Мұхтарова өзі таңдаған еңбек жолының сәттілігін мақтан етеді:

 

«Әрине егіншілік ер адамның жұмысы. Бастапқыда оңайға түскен жоқ.  Бірақ өз күшімді сынамақ болып, осы саланы таңдағандықтан, істің соңына дейін шыдауға бел будым. Уақыт өте бұл мамандық менің қолымнан келетіндігін, оны әрі қарай дамыту қажеттігін түсіндім. Еш өкінбеймін. Бұл – менің сүйікті ісім!».

 

Әйелдердің қоғамдық өмірге белсенділігін арттыру  үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіледі.  Әсіресе кәсіпкерлікте өз бизнесін дөңгелеткісі келген жанға арналған түрлі бағдарламалар бар. Есесіне мемлекеттің жалпы ішкі өнім көлемінің 39 пайызын әйелдер еңбегінің нәтижесі құрап отыр. Солтүстік Қазақстан өңірінде орта және шағын кәсіпкерліктің отыз мың субъектісі болса, соның 20 пайызы қыз-келіншектердің қолымен жасалып отырған бизнестер. Форум барысында мүмкіндікті пайдаланған іскер жандар бір-бірімен тәжірибе алмасып, әрі қарай іскерлік байланыс орнату шарттарын жасады.

 

Жиынға қатысқан қоғам қайраткері Елена Тарасенко айтқандай, бақытты әйел бақытты қоғам қалыптастырады. Әр қазақстандық өз өмір жолын, еңбек ортасын жаңылмай таба алса, еліміздің болашағы жарқын болары сөзсіз. АҚШ-тың көрнекті ойшылы әрі жазушысы Эмерсон Ральф Уолдоның “Өркениеттің шынайы көрсеткіші байлық пен білім деңгейі емес, қалалардың көлемі емес, өнімнің көптігі емес, ел тәрбиелеген адамның бейнесі”, – деген тұжырымын тақырыпқа тұздық ретінде пайдалана отырып, бүгінгі қыз-келіншектердің іс-әрекеті мен бейнесіне қарап, біздің қоғамымыз да өз несібесін иеленіп жатыр деген оймен сөз аяқтаймыз.

 

Солтүстік Қазақсан облысы,

«Рухани Жаңғыру» жобалық офисі.

 

Басқа материалдар

Back to top button