Мақала

«Ұлы дала тарихы» оқулығы

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Ұлы дала тарихы» атты оқулық жарық жарық көрді, деп хабарлайды оқу орнының Баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан.

«Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясында шыққан ғылыми еңбек екі кітаптан тұрады. Оқу құралында Ұлы дала тарихының ежелгі дәуірден XX ғасырдың басына дейінгі кезеңдегі оқиғалары мен құбылыстары және рухани мәдениет аясындағы ұлттық құндылықтар мәселесі қамтылған.

 

 Жастарға төл тарихымыздың шынайы беттерін ашып беру үшін ұсынылып отырған бұл оқулықтың өзіндік ерекшеліктері бар. Атап айтқанда, «Ұлы дала тарихы» Қыздар университетінің білім беру бағдарламасы бойынша 1-курс студенттеріне оқытылатын элективті пәнге арналған қазақ тілінде жарық көрген алғашқы оқу құралы. Ол типтік бағдарлама негізінде дайындалып, арнайы ғылыми әдістемелік сараптамадан өткізілген

– дейді кітап авторларының бірі, тарих ғылымдарының кандидаты Ердәулет Берлібаев.

 

Оқулықтың хронологиялық шеңбері Қазақстан тарихы бойынша қалыптасқан тарихи кезеңдермен анықталған. Дегенмен тарихи кезеңдердегі ұлттың өзіндік ерекшелігін айғақтайтын оқиғалар мен құбылыстарға баса көңіл аударылған. Сондай-ақ авторлар оқиғалар мен көріністерді қазіргі заманмен және шынайы қоғамдық өмірмен байланыстыруды басты назарға алыпты. Өскелең ұрпақтың тарихи санасын, отаншылдық сезімін қалыптастырудың және мемлекеттік саясатты қолдаудың өзіндік идеологиясы мен идеясы да қамтылған.

 

Осы орайда айта кетейік, өткен оқу жылы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің оқу үдерісіне «Ұлы дала тарихы» пәні енгізілген болатын. Таңдау пәнінің мақсаты – Қазақстанның ежелгі дәуірден XX ғасырдың басына дейінгі кезең тарихын студенттерге жүйелі түрде оқыту, Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің диалогы ауқымындағы бүгінгі Ұлы дала тарихының қайталанбас ерекшелігі мен маңыздылығын анықтайтын ғылыми тұжырымдарды зерделеу.

 

Пән 15 тақырыптан тұрады. Тақырыптарда «Ұлы дала тарихы» пәні және оның рухани жаңғыру мен тарихи сананы қалыптастырудағы орны, Түркі мәдениетінің дүниетанымдық мәні және көшпенділердің әлемді түйсінуінің ерекшеліктері, Ұлы Жібек жолы, қазақ халқының этногенезі мен ұлттық коды туралы тың деректер қамтылған. Сонымен қатар Ұлы даладағы тәуелсіздік үшін күрес, ұлттық бірлік пен бірегейлік идеялары, әскери өнердің қалыптасуы мен даму эволюциясы және Ұлы даланың ұлы тұлғалары жайындағы іргелі зерттеу еңбектер де топтастырылған.

 

– Пәнді оқыту барысында ұлттың өзіндік ерекшелігі мен бай рухани тарихын айғақтайтын оқиғаларға жете назар аударылады. Бабадан балаға мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны сақтай отырып, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп табыстау сияқты асыл қасиеттер осы пән шеңберінде жүзеге асырылады. Бұл бастама – болашақ мамандардың білім деңгейін көтерумен қатар, мемлекеттілікті нығайту, жаңа қазақстандық патриотизм мен ұлттық құндылықтар негізінде тарихи сананы қалыптастыру сынды өміршең идеяларды жүзеге асыруға септеспек, – дейді оқу орнының ғалымдары.

 

Алматы қаласы, «Рухани жаңғыру» жобалық офисі

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button