Мақала

Алматыда ALMAFEST фестивалі өтті

Жыл сайын Алматыда қыркүйек айының әрбір үшінші жексенбісінде Қала күні тойланады.

 

Мереке аясында алма фестивалі, жәрмеңкелер, көрмелер, түрлі байқаулар мен театрландырылған қойылымдар, басқа да ойын-сауық шаралары ұйымдастырылады. Оған жергілікті тұрғындар белсене қатысады.

 

Биыл Алматы күні 15 қыркүйекте аталып өтілді. Мерекелік шаралар негізінен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің паркінде өтті.

 

Жиналған қауым тақырыптық он алаңды арады. Мысалы, ашық аспан астындағы «Almaart» галереясында қазіргі заманғы қылқалам шеберлерінің Алматыға қатысты еңбектерін тамашалауға мүмкіндік жасалды. Мұнда Қазақстанның Суретшілер одағының мүшелерінің туындыларынан өзге қалалық көркемсурет музейлерінің қорынан сирек кездесетін картиналар да көпшілік назарына ұсынылды. Классикалық техникада орындалған дала пейзаждары, шабандоздық, суаттағы жылқылардан бастап, алма бақтарының, егіс даласындағы арулардың сюрреалистік нобайларына дейін қаз-қатар тізілген. Алматылықтар шаһардың бұрынғы және қазіргі тыныс-тіршілігімен таныса алды. Бұдан басқа, Алматының көрікті жерлеріне арналған фотогалерея ашылды.

 

Көшпенділер әлеміне саяхаттағыңыз келе ме? Жолаушыларға қымыз ұсыну, асық ойнаған балалар, домбыра шертіп, ән айтып, өз өнерлерін ортаға салған ақындар, елге қоныс аударғандарға ерулік беру немесе басқа да мерекелерге дайындық… «Қазақ ауылы» аймағында зергерлердің қолынан шыққан бұйымдарды көріп, өткенімізді еске алып, «Ақ сарай» ұлттық салт-дәстүрлер театрының өнері тамашаланды. Мерекелік шаралар «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің сүйемеледуімен өтті. Сондай-ақ келушілер саздан, ағаштан және теріден түрлі бұйымдарды өз қолымен жасау мүмкіндігіне ие болды. Кеш соңында Мүслім Жұмағалиевтің ұлттық костюмдер жиынтығы және «Арлан» театрының қойылымы көрсетілді.

 

Жастарға арналған «Almaactiv» аймағында фристайл-шоу, би жарыстары өтті, воркаутқа арналған алаң жасалды. Сонымен қатар садақ атудан «Алмабол» ойыны ұйымдастырылды. Қонақтар ойын ойнап, күш сынасып жатқанда, қаладағы қабырғалардың біріне Алматы күніне орай интерактивті граффити сурет салынды.

 

Ал кішкентай қала тұрғындарына арнап «Almakids» алаңы жасалды. Онда лабиринт, интерактивті ойындар, шығармашылық шеберханалар, дала зертханалары, Мұрат Мұтырғановтың цирктік қойылымдары мен қуыршақ театрларының спектакльдері ұйымдастырылды. Интеллект-байқаулар, шығармашылық және спорттық жарыстар да осы бөлімнің ажырамас бөлігіне айналды.

 

Балмұздақ фестивалінде және қолөнершілер жәрмеңкесінде алма стритфуд ұйымдастырылды. Мұнда қонақтар қаланың белгілі 20 мейрамханасында алмадан әзірлеген түрлі тағамдарынан дәм татты. Сондай-ақ, барбекю аймағы жасақталып, фестивальге келушілер өз бетінше ет қуырып, сейіл құрды.

 

Батпырауықтар фестивалі, алма квесттері, караоке байқауы, би жарыстары, ас әзірлеу және гүл шоғын жинау бойынша шеберлік дәрістері, сондай-ақ, Алматыдағы 55 шаруа қожалығы өсірген алмалардың көрме-жәрмеңкесі де осы күні өтті.

 

Алматы қаласы, 

«Рухани жаңғыру» жобалық офисі

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button