Мақала

Ақтауда «киіз үй – кабинет» ашылды

Жел мен жауын-шашыннан қорғау үшін арнайы қаптама қапталып, электр энергиясы тартылған.

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай арнайы оқу кабинеті ашылды. Кабинетті ашу құрметі абайтанушы, сәулетші, «Абай әлеміне саяхат» клубы идеясының авторы Сайын Назарбек пен «Абай оқулары» республикалық байқауының жүлдегері 10-сынып оқушысы Бекзат Мұстафаға берілді. Сондай-ақ, киелі Маңғыстау жерінің төл тумасы, қаламгер, қайраткер Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдық мерейтойының аясында білім ордасында оқу кабинеті ашылды. Енді жас зияткерлер аталған кабинеттерде қазақ әдебиеті қаймақтарының шығармаларымен жақын таныса алады. Кабинеттердегі кітап қорын жасақтауға оқушылар мен ата-аналар ерекше үлес қосқандығын айта кеткен жөн. «DARA» оқырмандар клубының ұйымдастыруымен «Bookcrossing» жобасының негізінде зияткерлік мектептің оқушылары 300-ге жуық Абай мен Әбіш шығармаларын жинақтап, қазақ тілі мен әдебиеті әдістемелік бірлестігіне сыйға тартты.

 

«Жаңа кабинеттер алдымен сабақ барысында қолданылады. Кейін «Абай әлеміне саяхат» клубы мен «Әбіштану» клубының балаларының сабақтарына, кездесулеріне пайдаланылады. Бұл кітаптар кабинеттердегі сөрелерден орын тауып, еліміздің ертеңгі келешегін тәрбиелеуге ерекше үлес қосады деп үміттенемін», – дейді әдістемелік бірлестік жетекшісі Мұстафа Шохаев.

 

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары енді заманауи инновациялық FAB LAB шеберханасында жоба жасақтай алады. Лабораторияның ашылу салтанаты қыркүйектің 6-сы күні өтті. Шеберхананың негізі мақсаты – жас зияткерлердің техникалық тұрғыдан ойлау қабілетін дамытып, инженерия, қолөнер, ІТ саласына қызығушылығын ояту. Лаборатория сандық модельдеуге арналған ноутбуктар, Arduino микроконтроллерлерімен, дәнекерсіз макетті платалар, интерактивті тақта, 3D принтермен әртүрлі станоктармен жабдықталған. «Өткен оқу жылында ғылыми жобалармен айналысып, жетістікке жеткен оқушылардың көптігіне байланысты арнайы шеберхана жасау қажеттілігі байқалды. Ұсынысымыз мектеп әкімшілігінен қолдау тапқанына қуаныштымыз. Қазірдің өзінде балалар қызықты жобаларын жүзеге асыруда», – дейді өнер пәнінің мұғалімі Аманғали Мұратов.

FAB LAB – кез-келген идеяны дайын өнімге айналдыруға мүмкіндік беретін сандық өндіріске арналған ең озық жабдықтары бар зертханалардың әлемдік желісі. Зертхана идея жүзінде қалыптасқан жобаның прототипін жасауға мүмкіндік береді. Мұндай орталық ең алғаш рет 2000 жылдары Массачусетс технологиялық университеті жанында құрылған. Қазіргі таңда әлемде 1200-ден астам зертхана жұмыс жасайды. Жаңа оқу жылының тағы бір жаңалығы өнер пәні кабинетінің киіз үйде ашылуы. Салтанатты шараға жиналған қонақтар шеберлік сағатын тамашалады. Мұнда өнер пәнінің мұғалімдері мен талантты зияткерлер өз жұмыстары туралы айтып берді. Мектеп директоры Ермек Пайзовтың айтуынша, енді оқушылар қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін, өнерін киіз үйде тұрақты түрде сабақ өту арқылы зерттейтін болады. «Қазақы үй орнату туралы мектептің ашылған кезінен ойлап жүргенбіз. Оқу кабинеттерінің бірі ретінде қолөнер, үйірме сабақтарын, шеберлік сағаттарын өткізу көзделіп отыр. Арнайы кесте дайындалды», – деді мектеп басшысы Ермек Серікұлы. Алты қанатты киіз үй тұрақты түрде өнер сабағы мен үйірмелерді өткізу үшін қолданылмақ.

 

Маңғыстау облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық офисі

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button