Мақала

«Ұлттық жаңғыру – туған жер тұтастығының негізі»

Әмбеге аян, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  атты бағдарламалық мақаласы қоғамға қозғау салып, санамызға тың серпін берді.

 

Жалпы, қазақ халқының ұлттық сана­сының ерекшелігі – туып-өскен жері, өнген ортасын кие тұтып, оның қадір-қасиетін бағалауымен құнды. «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» деген халық даналығы тегіннен-тегін айтылмаса керек-ті. Туған жер мен елдің халық санасына сіңген ру­хани құндылығының ұлт­тың қалыптасуында, дамуында айрықша орны бар.

 

Елбасының аталмыш бағдарламасы аясында Орал қаласының өңірінде қасиетті тарихи орын­­дарды анықтап, оларды ұлт­тық ұстаным деңгейіне көтеру хақында ауқымды шаруалар қолға алынды.

 

Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Батыс Қазақстан облысы бойынша «Болашақ» қауымдастығы биылғы жылдың 16-19 қыркүйек аралығында «Қазақстанның киелі жерлері» арнайы жобасы барысында Батыс Қазақстан облысының сакралды орындарына блог-тур ұйымдастыруды құп көрді. Бұл жоба – ұлттық байырғы құндылық­тары­мызды осы киелі нысандар арқылы қайта түлету, нақтырақ айтқанда рухты жаңғыртып, халықты рухтандыратын жоба.

 

Өлкенің тарихын, киелі орындарын насихаттау, рухани-мәдени мұрамызды бойымызға сіңіру, көпшілікке журналистер мен блогерлер арқылы таныстыру – шараның ең басты мақсаты.

 

Жалпы, киелі, қасиетті ны­сан­дар біздің ұлтты рухани жұтаң­дықтан сақтайтын символдық қал­қанымыз және ұлттық мақ­танышымыздың қайнар бұлағы іспеттес.

 

Бабалардан мұраға қалған ел мен жерді көз­дің қарашығындай мұқият сақтау – асыл парызымыз. Жаңа заман ұрпағы, туған жер, елін сүйер жас буынды ұлт­жан­дылыққа, елжандылыққа тәрбиелеу, туған өлке тарихын, таби­ғатын таныту – мұратымыз.

 

Тінін тарқаталық, Батыс Қазақстан облысының сакралды орындарына арналған блок-турдың қатысушылары алғашқы бағыты 16 қыркүйек күні Теректі ауданы, Долин ауылынан («Тақсай ханшайымы» кесенесі), Шыңғырлау ауданы, Ақсуат ауылынан (Шыңғырлау сарқырамасы, Сегізсай қалашығы, Торыатбас тау, Қыземшек тауы) бастады.

 

Одан әрі, 17 қыркүйек күні Жаңақала ауданына («Соркөл» көлі), Бөкей орда ауданы Хан ордасы ауылына («Хан Ордасы» тарихи – музей кешені) баратын болады.

 

Ал қыркүйектің 18-і күні Қазталов ауданы, Жалпақтал ауылына (Овчиниковтың саяжайы, Қожантай Қажы мешіті) бару жоспарлануда. ​

 

Айта кетейік, блог-турға танымал блогерлер Тимур Бектұр, Яков Федоров, облысымыздың қаламы қарымды журналист-блогерлері Нұртай Текебаев, Жайнагүл Хамидолла, Нұрлан Сәдір, Жидегүл Аманғалиева, Динара Насыр, сонымен қатар жігерлі жастар қатысуда. Қатысушылар алғашқы күннен бастап-ақ әлеуметтік желілірге көз тартар әдемі де киелі жерлерден алған әсерлерімен бөлісуде. Мәселен, Яков Федоров: – Батыс Қазақстан облысының киелі жерлеріне блог-турмен барып келуге шақыру келді. Блог-турды Теректі ауданының орталығы Федоров ауылынан бастадық.

 

Теректі ауданы облыстың тарихи жәдігерлеріне ең бай аудан. Бұл жерде 28 табиғи ескерткіш сақталған.

 

Бірақ Теректі ауданының нағыз бренді ретінде Есік қорғанынан табылған Алтын адамнан еш кем болмайтын Тақсай ханшайымын атауға болады.

 

Шамамен V ғасырда өмір сүрген Сармат абызының мәйіті 2012 жылы Тақсай қорғандарының бірінен табылды. Қалған қорғандардың орны таланып, тек осы мәйітте ғана барлық әшекейлер сақталған. Абыздың киім-кешектерінің реконструкциясын Астана қаласындағы Ұлттық мұражай мен Орал қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан көруге болады.

 

Абыздың жоғары дәрежесін қасында жерленген екі қызметшілерінен де байқаймыз. Көзі тірісінде жамбас және сан сүйектерінің бірігіп кетуіне байланысты абыз жүру қабілетінен айрылған екен. Сондай-ақ мәйіттің үстінде жағылған үлкен оттың орны қалған.

 

Қорғандарға жақын орналасқан Долин ауылында меценаттардың көмегімен Тақсай ханшайымының кесенесі салынған. Егер осы ауылдың маңынан өтер болсаңыз, міндетті түрде барып келуге кеңес беремін, – деп жалпақ жұртшылықты Теректінің тамаша жерлерін көруге шақырды.

 

Батыс Қазақстан облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық офисі

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button