Мақала

ҚОС БАТЫРДЫҢ МӘҢГІЛІК МЕКЕНІ

Солтүстік Қазақстан облысындағы Қарасай және Ағынтай батырлардың мемориалдық кешенінің ашылғанына биыл – 20 жыл. Қос батырың мәңгілік мекеніне талай саналы азамат келіп, бас иіп, тағзым етті. Осындай киелі топыраққа табан тигізген ұл-қыздардың бойында тарихқа деген құрметтің, отансүйгіштік жігердің, достыққа деген адалдықтың оянбауы мүмкін емес. Ұрпақ үшін батырлардың өнегелі өмір жолынан шертілген әрбір шежіре баға жетпес тағылым.

«Қарасай және Ағынтай» мемориалдық кешенінің директоры Самедин Омаров:

 

«Бұл кешен топырағы қажылыққа келушiлер мен туристер үшiн киелі жер. Кешенге жастар көп келеді. Жас отау иелері, әскерге аттанатындар да осы жерден қадам жасайды. Кешеннен алыс емес жерде батырлардың құрметіне спорттық турнирлер, бәйгелер өткiзiлiп тұрады. Жылына бес мыңға жуық адамды қарсы аламыз. Соның басым бөлігі жас жеткіншектер. Осы топыраққа аяқ басқандарға қазақтың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын, батырлардың өмірі мен мінез-құлықтарын баяндаған кезде олардың жүрек түкпіріндегі отансүйгіштік, адамгершілік шоғын үрлей түсетінімізге сезімдіміз».

 

Әлемдік өлшемде жер аумағы жағынан тоғызыншы орында тұрған қазақ жерінің бүгінге дейін сақталып келуі ата-бабаларымыздың көсемдігінің, бірлігінің, ерлігінің арқасы. «Елім» деп еміренген ұл-қыздары қазақтың сайын даласына басқыншылық жасаған талай жаугершілік әрекеттен қорғана білді. Тарих қойнауына енген жоңғар-қалмақ шапқыншылығы заманының өзінде-ақ қазақтың талай ержүрек, елжанды батырлары сахна төріне шыққаны белгілі. Солардың қатарында болған Қарасай мен Ағынтай батырларға жасалып жатқан бүгінгі құрмет, барлық қазақ батырларының рухына бағышталып отырған ризашылық деп білеміз. Тарихты жасайтын – адам, оны қадыр тұтатын – ұрпақ.

 

ХVII ғасырда Есім ханның туы астында атақты Шапырашты Қарасай мен Арғын Ағынтай батырлар қазақ жерін басып алуды ниет қылған жаудан елін қорғау үшін жарты ғасыр бойы ат үстінен түспеген. Қолының қарына найза іліп, ерінің жанына айбалта байлап, беліндегі садағы мен қылышын шешпей, жауынгершілікпен өткен қос батырдың ғұмыры еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктің ерекше бір көрінісі. Олардың бір-біріне деген сыйластығы, достыққа адалдықтары да талайды тәнті еткен. «Қарасай мен Ағынтай батырдың арадан қыл өтпес достығы, – деп жазады Қазыбек бек Тауасарұлы өзінің «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабында – Жан алып, жан беріп жатқанда да айырылмауы, біріне-бірі сақшы болып жүруі, ұрыста басы домалап қалмай, екеуінің де өз ажалынан өлуіне себепші болды…».

 

Жоңғарларға қарсы қиын күрестерде Есім ханның әскерін он сегіз жасынан бастап Қарасай Алтынайұлы басқарса, арғынның Ағынтайы оның көмекшісі және адал досы бола білді. Үзеңкілес жандар екі жүзден аса қанды шайқасқа қатысып, заманында құрметтері асқақтап, есімдері аңызға айналып, ерлік істері бүгінге дейін жетті. Қос батырдың көп ерлігінің бірі – Жәңгір сұлтанды қалмақ тұтқынынан босатуы. Сол оқиғадан өрбіген аңыз оларың жүрек жұтқан батыр, айлакер жауынгер екендігін айқындай түседі.

 

1664 ұлу жылы наймандар мен жалайырларға шабуыл жасаған қалмақтардың бетін қайыру үшін болған соғыста екі дос та жараланады. Аяғынан жараланған Ағынтай ақсақ болып қалады. Қарасай батыр 1670 жылы егде тартқан шағында қазақ жеріне бейбіт өмір орнағанын көңіліне медеу тұтып, ұзақ жыл өзіне үзеңкілес болған досы Ағынтайдың мекен еткен Көкше өңіріне қоныс аударады. Бірақ көп ұзамай, келер жылы өмірден озады. Бір жылдан соң Ағынтай да қайтыс болып, досының қасына жерленеді. Көңілдері ортақ, жандары жақын қос батырға мәңгілік мекен де бір жерден бұйырады.

 

Қазақтың абзал азаматтары бүгінгі Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау ауданы, Қарасай ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай төрт шақырым жерде орналасқан Құлшынбай төбесіне жерленген. Ел егемендік алып, тарихты ұлықтаудың уақыты жеткен кезде батырларымыздың есімі халқына қайтарылып, 1999 жылы 15 қазанда осы жерде алып мемориалдық ескерткіш ашылған болатын.

 

Батырлардың дулығасына ұқсатып салынған кешен құрылысы биік төбенің үстінен ерекше көрінеді. Композициясы қағандардың көне түркі дәстүрін сипаттайтындай етіп жасалған. Сәулет жобасына сәйкес кесенелердің биіктігі – 16 метрді, мешіт биіктігі 12 метрді құрайды. Атақты батырлар қабірінің жанында ел қорғау жолында қаза тапқан көптеген жауынгердің жерлеу орындары орналасқан. Қазба жұмыстары кезінде осы жерден бойы екі метр болатын батырдың денесі, жанынан үлкен күш иесі ғана еркін көтере алатын қылыш пен қару-жарақтары табылған.

 

Қарасай және Ағынтай батырларының мемориалдық кешені ашылған күннен бастап қажылық және экскурсиялық орын болып табылады. Жыл сайын бұл жерге Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген бірнеше мыңдаған адамның табаны тиеді.

 

Үстіміздегі жылдың 19-20 қыркүйек күндері Айыртау ауданында Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешенінің 20 жылдығына арналған үлкен шараға өткізілмек. «Батырлар даңқы – бабаларға құрмет» тақырыбымен жоспарланған шара бағдарламасы ауқымды. Онда «Ботай – ұлы дала мәдениеті» атты суретшілердің халықаралық симпозиумы, «Ұлы даланың қас батырлары» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция, «Арқа шайқасы» театрлық-поэтикалық қойылымы ұйымдастырылады.

 

 

Солтүстік Қазақсан облысы,

«Рухани Жаңғыру» жобалық офисі.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button