Мақала

«Технологиялық инновациялардағы стратегиялық менеджмент» кітабына пікір

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «100 жаңа оқулық» жобасына байланысты қазақшаға аударылған Нью-Йорк университеті Штерн Бизнес мектебінде менеджмент және ұйымдастыру саласының профессоры Мелисса Шилингтің «Технологиялық инновациялардағы стратегиялық менеджмент» атты кітабына пікір

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында:

 «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз»

– деген еді. Тарих, философия, саясаттану, әлеуметтану, мәдениеттану, психология, тіл білімі, ғылымдарымен қатар, жоспарланған сүбелі жұмыстардың белгілі бір бөлігі экономика және менеджмент саласын да қамтып отыр.

 

Қазақстан баспаларынан осы уақытқа дейін шыққан менеджмент және стратегиялық басқару саласындағы оқулықтардың негізгі авторлары төмендегі ғалымдар болып табылатынын атап өтпеу орынсыз болар еді. Олар: Н.Қ.Мамыров, К.Б.Бердалиев, К.Ғ.Ахметов, Р.С.Кәренов, С.Ы.Өмірзақов, Е.Н.Сағындыков, Ү.С.Байжомартов, Б.А.Жүнісов, Н.В.Ювица және т.б. Бұл ғалымдардың әрқайсысы қазіргі менеджменттің жекелеген аспектілерін зерттеді. Бірақ, бізде менеджмент пәніне, оның мазмұнына қатысты ортақ пікір жоқ, ал кейбір мәселелер әлі де болса, Қазақстан экономикасының басқару жүйесін зерттеп, жетілдіруді қажет етеді. Қазіргі уақытқа дейін жарыққа шығарылған оқулықтар тек ағылшын және орыс тілдерінде қолжетімді болғаны баршаға мәлім.

 

Осыған орай жазылған, АҚШ ғалымы Мелисса А. Шиллингтің тікелей қазақ тіліне аударылған «Технологиялық инновациялардағы стратегиялық менеджмент» атты алғашқы еңбегі болып табылады, онда инновациялық менеджмент стратегиялық процесс ретінде қарастырылады. Бұл оқулықта стратегиялық менеджмент процесін нақты көрсету үшін бәсеке динамикасы, бағалау стратегиясын қалыптастыру және стратегияларды жүзеге асыру мән-жайы автордың сонғы онжылдықтағы зерттеу жұмыстары негізінде жан-жақты баяндалады. «Технологиялық инновациялардағы стратегиялық менеджмент» тақырыбы біздің қоғам үшін тың дүние екені баршаға мәлім. Осы тұрғыдан алғанда оқулықтың ғылыми құндылығы күмән тудырмайды. Кітаптағы мәтіндер мазмұнды мысалдармен, тақырыптар кестелер және сызбалармен толықтырылған.

 

Кітап авторы туралы айтар болсақ, Мелисса Шиллинг – Нью-Йорк университеті Штерн Бизнес мектебінде менеджмент және ұйымдастыру саласының профессоры, ол стратегиялық менеджмент, корпоративтік стратегия, технологиялар және инновациялық менеджмент курстары бойынша АҚШ, шет елдердің ЖОО-да және компанияларында дәріс оқыған. Мысалы, Нью-Йорк университетінен бұрын Бостон университетінде (1997-2001 жж.) ассистент, профессор, сондай-ақ INSEAD және Санта-Барбарадағы Калифорния университетінің Брен экология және менеджмент мектебінде профессорлық қызмет атқарған. Сонымен бірге Siemens Соrроrаtіоn, ІВМ, Kaufman Foundation стипендиялық бағдарламасы, Кореядағы Соган университеті, Politecnico di Milano және Politecnico di Torino бірлескен институты мен Alta Scuola Politecnico компаниясында стратегия мен инновациялар бойынша ғылыми зерттеулер жүргізген.

 

Профессор Шиллинг зерттеулері технологиялық инновация мен білім салаларын қалыптастыруды көздейді. Нақтырақ айтқанда, ғалым өзінің зерттеуінде технологиялық өзгерістердің инновациялық процестерге қалай әсер ететінін, сондай-ақ қазіргі кезде стратегияны ұтымды пайдаланудың өзекті проблемаларын қарастырады. Нарықтағы бәсеке серпініне және компаниялардың инновациялық шараларының, олардың стратегиялық дамуына қалай әсер ететіні туралы ғылыми тұрғыдан зерделенеді.

 

Автордың төмендегі пікірі барынша назар аударуға тұрарлық:

 

Инновация – ерекше құбылыс. Өйткені, ол эстетикалық және прагматикалық тартымдылыққа ие күш: инновация біздің шығармашылық шабытымызды оятып, ақылымызды, ойымызға келмеген мүмкіндіктерге жетелейді, бір мезгілде экономикалық өсімді жеделдетіп, медицина, ауыл шаруашылығы және білім беру сияқты қоғамдық маңызды салаларда прогресті қамтамасыз етеді.

Инновация – ерекше құбылыс. Өйткені, ол эстетикалық және прагматикалық тартымдылыққа ие күш: инновация біздің шығармашылық шабытымызды оятып, ақылымызды, ойымызға келмеген мүмкіндіктерге жетелейді, бір мезгілде экономикалық өсімді жеделдетіп, медицина, ауыл шаруашылығы және білім беру сияқты қоғамдық маңызды салаларда прогресті қамтамасыз етеді.

 

 

Оқулықтың негізгі мақсаты – оқырман қауымды инновациялық стратегия менеджменті мен жаңа өнімдерді әзірлеудің теориялық негіздерімен таныстырып, практикалық оқыту әдістері арқылы инновациялық ойды оқырмандар арасында жетілдіру болып табылады.

 

Кітаптың құрылымында стратегия жөніндегі оқулықтың көпшілігінде пайдаланылатын стратегиялық басқару, ситуацияның бәсекелік динамикасын бағалау, стратегияны қалыптастыру, сондай-ақ стратегияны жүзеге асыру процесі көрініс табады. Кітап мазмұны бойынша 3 бөлімнен және 13 тараудан тұрады.

 

Нақтырақ айтсақ, кітаптың бірінші бөлімі технологиялық инновацияның маңызы, және оның қоғамға ықпалы туралы сұрақтарды қамтиды, болашақ менеджерлердің креативті ойлау қабілетін жетілдіру және олардың өндірістің технологиялық ортасын зерттеу туралы мәселелерді тереңірек түсіндіреді. Оқулықтың екінші бөлімі фирманың стратегиялық бағытын дамытуға және оның инновациялық стратегиясын әзірлеуге арналады, оның ішінде жаңа жобаларды таңдау, компанияның мүліктік құқығын қорғау сияқты стратегияларын әзірлеу процестеріне арналған. Үшінші бөлімі жаңа инновацияларды енгізу процесін талдайды.

 

Бұл оқулық бизнес, инженерлік-технологиялық және басқа да мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттерге, ұстаздарға, жалпы стратегиялық менеджмент, инновациялық технология тақырыптарымен айналысатын оқырмандарға арналған.

 

 

Ақтөбе облысы, «Рухани жаңғыру» жобалық офисі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе ӨМУ профессорлары Х.Кусаинов,  Б.Жүнісов және кафедра доценті Ұ. Мәмбетов

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button