Жаңалық

#Топ_10_қазақ_ақыны

Көзі тірі классиктер ондығы

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін,

Көкірегі сезімді, тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін!

Хәкім

Тұңғұйық пен тым биіктің ортасындағы перизат перде – поэзияны әркім әрқалай бағалайды. Оған дұрыс не бұрыс деп баға да бере алмайсың. Талғаммен, түсінікпен қашанға алыспақсың?! Тоқтайсың, тынасың.

Ар мен ойдың арпалысын, адамгершілік пен адалдықтың аражігін, сезім мен түйсіктің парқын білер біреу болса, ол – ақын. Ақындар жайлы небір түрлі алып-қашпа әңгіме-аянның барын біз де білеміз. Десе де тарихқа олардың жырынан өзгенің қажеті жоқ. Осы қырынан қарасақ соларға тең келер жан бар ма?! Ақыннан пәк, жырдан тұнық не бар?!

Алдынғы мақаламызда #топ_10_қазақ_жазушыларын тізген едік. Сол қағидамен ақындар ондығын да жасадық. Тағы сол критерийлер. Атақ, абырой, жас секілділерге емес, ақынның шығармашылық қуаты мен оқырман арасындағы алар орнына баса назар аударылып жасалған ондықты назарыңызға ұсынамыз. Келісерсіз… Келіспессіз… Ерік сізде, оқырман.

 

Х       Есенғали Раушанов. 1957 жылы 5 қазанда дүниеге келген. «Мына шалдар кетеді ертең дау бар ма?! Біз өзіміз айналамыз тауларға», – дейтін ақын, сол күннің тым әріде емес екенін білді ме екен?! Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері. 1980 жылы «Бастау» атты тырнақалды туындылары тізілген жыр жинағы жарыққа шықты. «Келінтөбе», «Шолпан жұлдыз туғанша», «Ғайша бибі», «Қарабауыр қасқалдақ» секілді жыр жинақтарымен қатар, «Нұрдан жаралған» романының авторы.

 

IX     Тыныштықбек Әбдікәкімұлы. 1953 жылы 20 шілдеде Семей облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында дүниеге келген. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері. «Тәңір неге мәңгілік азап жазбақ маңдайымызға, Бар-жоғы бес Күн беріп?!..», – дейді ақын. Осы екі жолдан-ақ, Тыныштықбек Әбдікәкімұлының буынға бағынбас асаулығы, ой мен сөз еректігі анық көрініп тұр. «Ақшам хаттары», «Қас Сақ Аңқымасы», «Рауан», «Бесінші маусым жұпары» жыр жинақтарының авторы. Қазіргі жас ақындар арасында «Тыныштықбекше» деген түсініктің бар екендігі Тыныш ақынның өзіндік «мектеп» қалыптастырып үлгергендігінің анық айғағы.

 

VIII AIT-MAN. Светқали Нұржан. 1962 жылы 15 желтоқсанда Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Қаңға баба ауылында дүниеге келген. «Құрмет» орденінің иегері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты. «Көк түтіннің көзге жағып бояуын, Қақсын қанат – қауырсыны кір арман», -дейді ақын. «Аруана», үштомдық «Таң қауызын жарғанда» жыр жинақтарының авторы. «AIT-MAN-ның айтқандары» ел ішін кезіп жүргеніне талайы куә. Айтқыштығымен, сөздерінің өтімділігімен, жырларының жалынымен, қаламының қуатымен даралынып жүрген ақын.

 

VII    Гүлнар Салықбай. 1963 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген ақын, аудармашы. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. «Бір жұтым ауа, қызыл гүл», «Жан» жыр жинақтарының авторы. Марина Цветаеваның өлеңдеріне жасаған аудармалары енген «М.Цветаева» атты кітабы оқырман ықыласына бөленіп үлгерген.

«Кешіріңдер жазылмаған сөзімді,

өзімді де әлі аман.

Кешіріңдер менің ғашық көзімді – өздеріңе қараған…», – дейді ақын.

 

VI     Темірхан Медетбек. 1945 жылы Түркістан облысы, Амангелді ауылында дүниеге келген. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері. Қоғам қайраткері. 1970 жылы «Жанымның жас құрағы» атты алғашқы кітабы жарық көрді. Одан өзге «Сапар алдында», «Алыс шақырымдар», «Көгершін қауырсындары», «Көк түріктер сарыны», «Дауыс» және т.б. жыр жинақтарының авторы.

«Ұлдарымыз.

Алшаң-алшаң жүретін,

Балпаң-балпаң басатын.

Қаншалардың шымылдығын,

Найзасының ұшымен ашатын,

Жолбарыстарды алып ұрып

Сүтін ішетін,

Сөйтіп шөлін басатын», – деп көсіледі ақын. Темірхан Медетбектің жырында түркілік сарын бары, кешегі Махамбеттердің асқақ рухы бары оқырманға мәлім.

 

V       Иран-Ғайып. 1947 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданында дүниеге келген. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.    1974 жылы «Жүрек жырлайды» атты алғашқы жыр жинағы жарыққа шықты. «Қорқыттың көрі», «Жеті қазына», «Түннің көзі», «Сұлулық сарасы», «Иран бағы» атты кітаптардың авторы.

«Жырмен емдеп жүректегі жараны,

Күйін кештің табиғаттың қаралы –

Өлгенің жоқ! –

Қырық жыл қырғын болса да –

Ақын тірі қалады!

Ақын тірі қалады», -деп тебіренген Иран-Ғайып тірі де ірі ақындардың бірі де бірегейі екені тағы даусыз.

 

IV     Жәркен Бөдеш. 1944 жылы 15 мамырда дүниеге келген. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. «Көкше құрақ», «Қос қанат», «Зейін», «Емендер түнде бүрлейді», «Бөрінің асығы», «Жұлдызтас», «Бұрылыс», «Аспан даусы» атты өлеңдер мен поэмалар топтастырылған кітаптардың авторы. Ақынның «Жалғыз» поэмасында мынадай шумақ бар:

«Бұл жалғанда кім жалғыз?!

Ақ борықтай Ай жалғыз, Айдан нұрлы Күн жалғыз.

Жарқырап тұрған Шолпан да жалғыздығын сезінер,

Таң алдында көз ілер…». Өзі айтқан Шолпан жұлдыздай, қазақ әдебиетінің аспанынан ойып тұрып орын тепкен дүлдүлдің бірі – Жәркен Бөдеш.

 

III     Исрайл Сапарбай. 1941 жылы 15 мамырда дүниеге келген ақын, аудармашы. «Платиналы Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты. «Парасат» орденінің иегері.

«Жабықпа, жарылқасын бетіңді алдан.

Өткен күн өшкен, көшкен секілді арман…

Болар-ау бәрі де ұмыт,

Амалым не,

Аяймын махаббатты жетім қалған». Исрайл Сапарбай осындай ақын! «Қызыл жел», «Аққу арман», «Ғашықтың тілі», «Раушан ғұмыр», «Бармақтай бақ», «Қызыл-жасыл дүние» және т.б. кітаптары оқырман еншісіне тиіп үлгерген.

 

II       Серік Ақсұңқарұлы. 1950 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. «Көктем тынысы», «Қарлығаш», «Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті», «Жезтасқын» және т.б. жыр кітаптарының авторы.

«Жек көрем итті!

Алысып жүрем, шабысып жүрем қағынып.

Сайын даланың тағысымын мен,

Не деген ғажап тағылық!». Ақын өлеңдерінен түркілік сарынды, дала рухын аңғару қиын емес. «Құс баласы ؘ– қазақ әдебиетінің белгілі бір кезеңіндегі үлкен құбылыс». Бұл – Серік Ақсұңқарұлына кей замандастары тарапынан әділ берілген баға. Біздің де бұдан асырып айтарымыз жоқ.

 

I        Ұлықбек Есдәулет. 1954 жылы 29 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Үлкен Қаратал ауылында дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері. Ұлықбек ақынның қаламынан шыққан «Қара пима» поэмасы иісі қазақтың жүрегінен орын алғаны белгілі.

«Жүрегім өзімде емес, қарындасым,

Босатшы, жіберші деп жалынғасын

Ұшырып туған жерге жібергенмін,

Барсын да мауқын бассын, дамылдасын», – дейді ақын. 1974 жылы «Қанат қақты» атты алғашқы кітабы, содан соң «Көздеріңе ғашықпын», «Жұлдыз жарығы», «Ұлыстың ұлы күні», «Ақ керуен», «Заман-ай», «Киіз кітап», «Алтай асулары» және тағы басқа кітаптары жарық көрді.

P.S: Өлең сүйер оқырманның талғамы ескеріліп тізілген бұл ондықта бірінші не екінші деген реттік сан жоқ. Осыны білдірмек ниетте, әдейілеп, Рим сандарын пайдаланып отырмыз. Бұл – қазақ поэзиясының аға буын өкілдері. Орайы келіп, жолы түсіп жатса орта буын мен жастардың да топ ондығын жасауға әзірміз. Ол енді басқа әңгіме…

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button