Мақала

ҚҰЛШЫНБАЙ ТӨСІНДЕГІ ДҮБІРЛІ ТОЙ

Үстіміздегі жылдың 20 қыркүйек күні Солтүстік қазақстандықтар Айыртау ауданындағы Қарасай ауылынан төрт шақырым жерде орналасқан Құлшынбай төбесіне жиналды.

Бұл төбеде қазақтың ардақты ұлдары Шапырашты Қарасай мен Арғын Ағынтай батырлар жерленген. 1999 жылы осы жерде қос батырға арналып мемориалдық кешен бой көтерген болатын. Кешеннің жиырма жылдығына орай ұйымдастырылып отырған ауқымды шарада батырлардың рухына бағышталып, құран оқылды және ерліктері ел есінен өшпейтін жандардың құрметін асқақтатқан мерекелік шара өтті.

 

«Батырлар даңқы – бабаларға құрмет» деп аталған республикалық бағдарламасы екі күнге жоспарланған болатын. Бірінші күні «Ботай» республикалық мемлекеттік музей-қорығында «Ботай Ұлы Дала мәдениеті» атты халықаралық симпозиумға арнайы келген қазақстандық, ресейлік, қырғызстандық, өзбекстандық, армениялық суретшілер өңір табиғатымен сырласып, тың тақырыпқа көркем туындылар тудыру әрекетін бастаған-ды. Қылқалам иелерінің екінші күнгі нысаны Қарасай мен Ағынтай мемориалдық кешінінің көрінісі болды.

 

Салтанатты жиныннан кейін жиналған қауым С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері дайындаған «Арқа шайқасы» атты театрландырылған-поэзиялық қойылымды тамашалады.

 

Қойылымның сюжеті бүгінгі ұрпақтың бабаларға тағзым ету көрінісіне құрылған. Қойылымның бас кейіпкерлері Қарасай мен Ағынтай батырлардың образы арқылы «Ақтабан шұбырынды, Алакөл сұлама» заманын тудырған жаугершілік кезінде ел басына түскен ауыр күндерді еске салып, жоңғар-қалмақ шапқыншылығынан жерін, елін қорғау үшін ат үстінен түспеген ерлердің арманын сипаттап, көрермендердің жүрек түкпіріне жеткізуді ниет етті.

 

Спорттық жарыстар мерекелік бағдарламаның мазмұнын аша түсті. Қазақша күрес, аударыспақ, «жаппай көкпар» сайыстары бүгінгі күннің ер мінезді азаматтарына сахна төріне шығуға мүмкіндік жасады. Осы шараға Алматы қаласынан арнайы келген олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымов мерекенің салтанатты ашылу рәсімінде:

Бүгінгі таңда Ресейдің Екатеринбург қаласында бокстан әлем чимпонаты өтіп жатыр. Сол әлемдік додада Қазақстан бірінші орынға шықты. Бұл біздің мықты елдің ұрпағы екенімізді дәлелдейді

– деп тебірене сөйледі.

 

Ботай мәдениеті ежелгі адамның алғаш рет жылқыны қолға үйреткендігімен әлемге әйгілі болды. Бүгінде жылқы көлік болудан қалса да, онымен байланысты ұлттық ойындар жылдан-жылға жанданып келе жатқандығы қуантады. Адам баласы ойлап тапқан неше түрлі ойындарға жылқының бейімделіп алғандығы оның киелі мал екендігін айғақтай түскендей. Үстінде отырған иесі қара күшке салып, қарсыласымен арпалысып жатқанда астындағы тұлпардың ойын ережесін білетіндей қозғалысы қайран қалдырады!

 

Көрермендердің ерекше назарын аударған спорттық дода «жаппай көкпар» болды. Тігілген сыйлықты ұтып алу үшін жекедара күш пен ептің шеберлігін көрсеткісі келген шабандоздар тұша қолдарына іліккенде атой салып, мәре сызығына дейін шаба жөнелгендегі көрініс алыстан қарап тұрған көрермендердің де делебесін қоздырғанына куә болдық. Осы жолы он шақты шабандоз қалтасына ұйымдастырушылар тіккен сыйлықты басып қайтты.

 

Құлшыбай төбесіндегі дүбірлі той күн ұзаққа созылды. Мерекелік шара барысында жеңіске жеткендер мен қызықты тамашалап, көңілі толғандар бұл күнді ұзаққа дейін ұмытпасы анық. Ең бастысы, жиналған жұрт қос батырдың аруағы разы болса игі деп тарқағаны сөзсіз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы, «Рухани Жаңғыру» жобалық офисі

Басқа материалдар

Back to top button