Жаңалық

Қаратал өзені жағалауындағы фестиваль

Талдықорған қаласында Қаратал өзенінің жағалауында «JETISÝ ETNO STYLE» облыстық жастар фестивалі өтті.

Дәстүрлі фестивальдің бұл жолғы ерекшелігі, тарих пен дәстүрді сабақтастырып, көшпелілер мәдениетінің заманға сай айшықталуы болды. Кіреберісі саяткерлер аймағынан бастау алатын алаңның соңы қазақ үйлермен жалғасын тапқан. Өзенді жағалай орналасқан үлкен керуеннің ішінде асық ату, қолкүрес, жілік тартыс, балалар алаңы, қолөнер бұйымдарының көрмесі, жастар театрының аймағы, армандар тақтасы, спорт алаңы орналасқан. Керуеннің ішінде ауданнан келген шаруашылық иелері қонақтарға қымыз, шұбат құйып, бауырсақтан дәм татқызды. Талантты қолөнер шеберлері мен зергерлер өздерінің көрмелерін көрсетіп, көптің көңілін баурады.

Фестивальға арнайы келген облыс әкімі Амандық Баталов керуенді аралап шығып, өнерпаздардың өнеріне тәнті болды. Алдымен оқушылардың «Әлқисса» күйін тыңдап, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жастардың әскери шеберлігін көрді. Аймақта алғаш рет құрылып отырған «МИЗАМ» жас әдебиетшілер мен еріктілер театрының тұсауын кесіп, ақ батасын берді. Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай бастау алған жыр-оқу челленджінің жалғасы ретінде оқушылармен қосыла «Көзімнің қарасы» әнін шырқады. Арман тақтасына жазған балалардың тілегін оқып, жас палуандардың білек күшін сынады. Одан кейін сахна төріне көтеріліп, жастарға ақ тілегін арнады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Елбасымыз жария еткен Жастар жылының ең басты мақсаты – өскелең ұрпақтың барынша сапалы өмір сүруіне қажетті жағдай жасау, жастар – бұл мемлекетіміздің күш-қуатын еселейтін ең негізгі, мықты буын екенін атап өтті. Осы мерейлі жылда Жетісу жерінде жастар фестивалін өткізудің біз үшін маңызы зор. Жастар – қоғамдағы ең белсенді буыны. Олардың рухани күш-қуаты, ғылымдағы интеллекттісі, саяси сауаттылығы – тәуелсіз елдің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан, мемлекетімізде жас буынның тегін білім алуына, шет тілдерін үйренуіне, техника тілін меңгеруіне, жаңа жобалармен жұмыс істеуіне толық мүмкіндік жасалып отыр. Жалпы облыста жыл басынан бері мәдениетті дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау бағытында 450 мың жасты қамтыған 1500-ге жуық шара өткізілді. Бүгінгі фестиваль жастарға әрі демалыс, әрі тәрбие, әрі өзара пікір алмасу алаңы ретінде пайдалы болады деп сенемін, – дей келе, Амандық Ғаббасұлы ел экономикасына сүбелі үлес қосып жүрген аудан жастарын марапаттады.

Фестивальға 200-ге жуық өнерлі жас қатысты. Олар 30-ға жуық түрлі шығармашылық, спорттық, ойын-сауық алаңдарын жасады. Мәселен, жыл басында жастармен кездесуде айтылған ұсыныс негізінде ауылшаруашылығын дамыту және жастарды ауылға тарту мақсатында әр аудан, қала жастарының ресурстық орталықтарына 10 гектарға дейін жер телімдері бөлінген. Сол жас диқандар жиған өнімдерінен көрме ұйымдастырып, осы фестивальға арнайы әкелген. Жасаған еңбектің жемісі, төккен тердің өтеуі деген, міне, осы болса керек.

Дүбірлі шараны ұйымдастырушы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Қаратас бізге берген сұхбатында бұл фестивальдің келер жылы бұдан да биік деңгейде өтетініне уәде етті.

– Өздеріңіз де көріп отырған шығарсыздар, тарих пен дәстүрді ұштастыра отырып, ұлттық құндылықтарымызды жастардың бойына сіңіру мақсатында осы шараны қолға алдық. Әр алаңда орналасқан бұйымдардан қазақтың иісі шығып тұр. Осы орайда қолдау танытқаны үшін облыс әкіміне алғысымды білдіргім келеді. Себебі, жастар – мемлекеттің моторы. Келешектің алтын көпіріне арқау болар дарын иелері. Сондықтан, бұл фестивальдің берері мол деп ойлаймын, – деді Жомарт Мандатұлы.

Тартысты додалар мен қызықты көріністерге толы шара соңы эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концертке ұласты.

Алматы облысы, «Рухани жаңғыру» жобалық офисі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button