Жаңалық

Ұлытау – ұлттың ұясы

Жарты әлемді жаулаған Шыңғысханның немересі, Жошының екінші ұлы – Бату хан негізін қалаған «Алтын Ордаға» 750 жыл.

Соған орай, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларының аясында елімізде көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Оның бастамасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзі бастап берді. Өткен айда ол іс сапарымен Қарағанды облысына барған кезінде Ұлытауға соғып, Жошы ханның кесенесіне тағзым етіп қайтқан болатын. Сонда ол: «Ұлытау – ұлтымыздың алтын бесігі, тағылымды тарихымыздың куәсі. Қалың қауым осы киелі өлкеде ел билеген хандарды ақ киізге көтеріп, таққа отырғызған. Сондықтан біз Ұлытау жеріне хан ордасы, қазақ кіндігі деп, ерекше құрметпен қараймыз!» деп Ұлытаудың тарихи маңызы ерекше мекен екенін атады. Сондай-ақ, мемлекет басшысы өз сөзінде: «Ұлытау туристік мекенге, демалыс аймағына, ұлы бабаларға тағзым ету орталығына айналуы тиіс. Бұл өңірге қазақ тарихының символы болатын ескерткіш-ансамбль орнату қажет. Қасиетті Ұлытау – ұлтты ұйыстырудың, елді біріктірудің негізі…», – деді. Бұл сөздерден тарихы терең жердің аса қасиетті екенін де байқаймыз. Жоғарыда айтып өткеніміздей мерейлі датаға орай елімізде бірқатар істер атқарылып келеді.

23 қыркүйек күні Қарағанды облысында «Ұлытау – Алтын Орданың бесігі» атты ғылыми-танымдық экспедициясы басталған болатын. Тақырыбы айтып тұрғанындай 5 күнге жоспарланған экспедиция барысында қатысушылар Алтын Ордаға қатысы бар барлық тарихи жерлерді, ескерткіштерді аралайтын болады.

Ұлытау жеріне бағытталған экспедицияны Қарағанды облыстық тарихи-өлкентану музейі ұйымдастырып жатыр. Экспедицияға қатысушылардың арасында тарихшылар, болашақ жас мамандар, Республикамыздың өзге де музей қызметкерлері, БАҚ өкілдері, географтар, суретшілер, блогерлер секілді түрлі мамандық иелері бар.

Тарихи-мәдени өлкелерге экспедиция басталмас бұрын баспасөз өкілдерінің қатысуымен баспасөз-конференциясы өтті. Онда келіп, қатысқан тарихшы ғалымдар, Қарағанды облысының «Рухани жаңғыру» аймақтық кеңсесінің өкілі, музей қызметкерлері экспедиция қатысушыларына сәттілік тілеп, жолға шығарып салды.

Экспедицияның алғашқы күні Қарағанды қаласынан бастау алып, қатысушылар Жаңаарқа ауданындағы архитектуралық ескерткіш – Жұбан Ана кесенесіне жол тартты. Жұбан Ана кесенесіне барғанда экспедиция мүшелеріне Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау орталығының басшысы Түлкібай Сақтағанұлы мен ҚарМУ-дың тарих факультеті деканының орынбасары Нұртас Бірлікұлы кесене тарихы бойынша мағлұмат беріп, жастарды қызықтырған сұрақтарға жауап берді.

Бүгінгі күні мемлекеттік республикалық маңыздағы тарих пен мәдениет ескерткіштері тізіміне қосылған кесене тарихына аздаған шолу жасағымыз келіп отыр.

X-XІ ғасырларда негізі қаланған Жұбан Ана кесенесі Жаңаарқа ауданы, Жезқазған-Қарағанды теміржолынан солтүстікке қарай 4 шақырым жерде орналасқан. Кесенені салғызған адамның есімі мен оның тұрғызылу тарихы туралы өкінішке орай тарихта дерек жоқ. Алайда бұған қарамастан, Жұбан Ана кесенесі осы аймақта орналасқан орта ғасырлардағы ең қызықты сәулет өнері ескерткіштерінің бірі болып табылатынын айта кеткен жөн.

Кесене бір камералы күмбездік құрылыс және жобасы жағынан төртбұрышты болып келеді. Сыртқы периметрі бойынша кесене өлшемдері – 6х6 метр, төменгі нүктесінен күмбездің жоғары нүктесіне дейін 6 метр, ал кесененің жалпы көлемі 190 м3 құрайды.

Жұбан Ана кесенесінің сәулеті тұрғысынан алғанда өте өзгеше күмбез. Оны құрған шебердің іргетасты тұрғызарда абсолюттік түрде нақты инженерлік есептерді талап ететін күрделі құрылыс амалдарын пайдаланғаны аңғарылады. Ол биіктігі шамамен 50 см құрайтын тас тақталарынан салынған, ішінен алебастр ерітіндісімен сыланған. Кесене салынған кезінде өлшемі 27х27х6 см құрайтын кірпіш қолданылған. Ерекше атап өту керек, барлық кірпіште іс жүзінде геометриялық фигурасы мен бірыңғай өлшемі бар. Бұл сол кездегі құрылыс материалдары өндірісі мәдениетінің дамығандығының айқын көрінісі.

Экпедиция мүшелері келесі күні Жезқазған қаласына бет бұрды. Сол күні Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде Орталық Қазақстандағы Алтын Орда кезеңінің ескерткіштерін бағытына алған   «Ұлытау – Алтын Орда бесігі» атты ғылыми-танымдық экспедициясының мүшелерімен баспасөз конференциясы өтті. Баспасөз конференциясына экспедиция мүшелері, қаладағы орта мектептердің тарих пәні оқытушылары және БАҚ өкілдері қатысты. Ал модератор музей басшысы Раушан Қапарова болды. Экспедиция қатысушылары шара барысында БАҚ өкілдері мен өзге де қатысушылардың сауалдарына жауап беріп, одан кейін музей залдарына экскурсия жүргізді. Ал соңында барлығы естелікке суретке түсті. Содан соң экспедиция мүшелері қаланың оңтүстігінде Сарысу өзенінің жағасындағы биік төбенің басында орналасқан, сол маңдағы күмбездердің ішіндегі ең үлкені – Болған ана кесенесіне барды. Олар Болған ана туралы, оның кесенесі туралы тарихпен таныс болды. Ұлы жерде орналасқан тағы бір көне күмбез жайында білу сізге де қызық болар?! Онда көз жүгіртіп өтіңіз.

Осы күнге дейін қирамай жеткен кесенеге бірнеше ғасырлар болды. Болған ана шамамен ХІ – ХІІ ғасырларда өмір сүрген әулие кісі. Ол туралы зерттеулер тек қаңлы тайпасымен ғана емес, сондай-ақ, бүкіл қазақ халқының тарихымен тікелей байланысты. Оның кесенесі Жошы хан мазарынан 100 шақырым жерде орналасқан. Тарихи дерек көздерінде күмбездің сыртқы жағы ақ түсті болған деген мәліметтер бар. Ал қазір ол ақ түсінен айырылып, күйдірілген қызыл кірпіші ғана қалған. Кірпіштерінде 20-ға жуық ру таңбасы, арабша жазулар бар. Кесене орналасқан аймақта кезінде үш жүздің басы қосылып, бірлікке қол жеткізетін талай ұлы жағдайлар орын алған. Болған ана күмбезі ортағасырлық сәулет өнеріне жататын ерекше күмбез.

Одан кейін, яғни 25 қыркүйек күні экспедиция мүшелері Алаша хан мен Жошы ханның кесенелерін аралап шықты. Онда да баспасөз конференциясы өтіп, студенттер өздерінің сұрақтарына жауап алды, түсірілім болды. Экскурсияны жүргізген тарихи-мәдени ескерткішерді қорғау орталығының жетекшісі, Қарағанды мемлекеттік университетінің ұстаздары, Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің қызметкерлері. Сондай-ақ, Мәдихан Сейтмаханұлы атты суретші сол жерде Алаша хан мен Жошы хан кесенелерінің суреттерін салды.

Кеше экскурсияға қатысушылар Арқаның ең биік тауы – Ұлытаумен ұшар басын таластырғысы келгендей қатар тұрған Едіге жатқан кіші тау – Едіге тауы мен сол маңдағы атақты Әмір Темір белгі қалдырған тау – Алтын шоқыға шықты.

Ал бүгін экспедиция мүшелері ортағасырлық Аяққамыр және Басқамыр қалашықтарына барып, содан кейін Жезді кентіне экскурсия жүргізеді. Жалпы экспедиция 28 қыркүйек күні аяқталады.

Негізінен, еліміздегі және шетелден келген туристер қазіргі кезде Қазақстанның туристік аймақтарын аралағанда, көбіне Сыр еліндегі – Қорқыт ата мазарына, Түркістандағы – Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне, Арыстан баб кесенесіне, Тараздағы – Айша Бибі кесенелеріне барады. Жоғарыда атап кеткен Жұбан ана, Болған ана кесенелеріне экспедиция жүргізетіндердің қатары тым аз екені жасырын емес. Алтын Орданың мерейлі датасы біздің елдің рухани жаңғыруына ерекше әсер етіп жатқаны сөзсіз. Соның арқасында көптеген азамат, әсіресе жастар жағы есімдері бүгінде тарих пәндерінде аз аталып жүрген, бірақ та тарихи шежірелерде атақ-даңқтары жер жарған, киелі бабаларымызды танып, олардың рухына тағзым етіп келеді. Қысқасы, Тұңғыш Президент – Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары негізінде іске асырылып жатқан экспедицияның мемлекетіміздің руханиятының дамуына маңызы зор.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button