Жаңалық

Әлемдегі ең үздік «СПАРТАК»!

Балет өнері кез келген ер балаға бірден ұнап кететін мамандық емес. Оған бірден үйрену қиын.

Технологиялар дамып, адамзат ғарышты бағындырып, роботтарды күнделікті пайдалануға мүмкіндік берген заманда барлығы да күнделікті өзгеріс үстінде. Сіз таңертең жұмысқа барар жолда смартфоныңызды қосып, әлемде болып жатқан жаңалықтарға таң қалып отырасыз. Себебі, Илон Маск Марс планетасына ғарыш кемесін жібергісі келеді, ал еліміздің оқушылары болашақта адам қоғамға тек өзінің эмоцияларын сата алады деген тұжырым жасап отыр. Оның барлығы да рас, тек уақыттың еншісіндегі дүниелер. Сонда күнделікті өзгеріп отырған жаһанда санаулы құндылықтар мен рухани байлықтар өзгеріссіз қалады. Олардың қатарын тізіп жазбай, тек біреуін айтсам ғана менімен келісетініңізге күмәнім жоқ, қадірменді, оқырман.

Классикалық балет өнері сонау XV ғасырдан бері барлық адамзаттың мәдени мұрасы болып келеді. Бұл өнер соншалықты нәзік болғанымен ғасырлардың сынағынан сүрінбей өткен жауһар! Балет өнерін әлемдің рухани құндылықтардың қатарына қосудың өзі келешек ұрпаққа берер сый деп айтуға болады. Әрине, бұл классикалық өнер қазақ өнерінің төл туындысы емес, алайда Елбасымыз «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында атап кеткендей, «өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіру…» кемел ұрпақтың мінсіз міндеті. Сондай жас буын азаматтар біздің елде бар. Олардың қатары шет елде қазақтың өз балет өнерін жоғары дәрежеде көрсетіп, біздің жас мемлекеттің мәдени мұрасын биік шыңнан көрсетіп жүр! Талантты, талапты жастармен танысу мақсатында, Ruh.kz редакциясы еліміздің алдыңғы қатарлы өнер ордасы «Астана опера және балет театрына» қонақ болып барды. Бүгінгі танысу өзгеше болды. Себебі біздің кейіпкер «Астана опера және балет театрының» жетекші солисті Бақтияр Адамжан. Сымбатты, қайсар мінезді қазақтың талантты баласын еуропаның талғамы жоғары өнерсүйер көрермені мойындады. Еуропаны өзіне қаратқан Адамжанның ұрпағы Бақтиярмен сіздер де таныс болыңыздар, оқырман.

Ruh.kz: Бақтияр, қайырлы күн! Классикалық би өнерінің өкілісіз. Оқырмандарымыз сіз туралы толық ақпаратты білу үшін, өзіңізді таныстырып өтсеңіз.

Бақтияр Адамжан: Қайырлы күн! Адам өзін таныстырғанда алдымен кіндік қаны тамған жерін атайды ғой. Сол секілді, менің кіндік қаным тамған жер Алматы облысының шырайлы Кербұлақ ауданы Сарыөзек деген мекені. Ауылдың ыстық құмына аунап, мөлдір бұлағының суын ішіп, қазақтың тәрбиесін бойыма сіңіріп өскен қазақтың қарапайым ұлымын. Әкем төтенше жағдайлар саласының қызметкері, ал анам математика пәнінің мұғалім. Төрт баланың алды да емеспін, арты да емеспін. Отбасымыз үлкен әрі ұйымшыл деп сеніммен айта аламын. Себебі, әкем де , анам да әр баласына қазақы тәрбиені берді және де жаңашылдыққа ашық болуды, оны да қабылдай білу керектігін ұмыттырмады. Сол кісілердің арқасында өмірлік жолымдағы салт-дәстүр мен тарихты, технологиялр мен заманауилықты қатар алып жүру мен үшін қиын емес. Бойыма бабаның қанымен дарыған жауапкершілікті ата-анамның берген тәрбиесімен ұштастыра отырып, бүгінгі күннің дәрежесіне жеттім деп толық сеніммен айта аламын!

Ruh.kz: Бақтияр, сіздің бүгінгі дәрежеңіз көп балаға арман және керісінше көп бозбалаға түсініксіз деуге де болады. Жалпы классикалық балет өнері қазақ жігітіне қаншалықты жақын?

Бақтияр Адамжан: Балет өнері әркімнің бара беретін өмір жолы емес. Себебі, бұл ауыр жол. Оның өзінше және өзгеше қиындықтары бар. Қиындықтарды көтеріп алып кете алатын жандар көп емес. Жалпы, еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап, соның ішінде елордамызда әлемдік деңгейдегі өнер ордасы салынып және есігін өнерсүйер қауымға ашқан сәтті неге пайдаланбасқа? Себебі Людовик XIV өзі кезінде барлық әлемге танытқан бұл өнер түрін біздің елде насихаттау мен үшін мәртебе. Өнердің бұл жолына түсер алдында мен төрт жыл аралығында күрес секциясының тәрбиеленушісі болдым. Спорттан классикалық өнерге алып келген менің ата-анам. Мен бала кезден өте белсенді едім. Мектеп жылдары барлық қоғамдық және мәдени шараларға қалмай қатысатын едім. Мүмкін содан болар, ата-анам мені өнер жолына табыстады. Әрине, он жасымда А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің оқушысы болғанда, бірден балетке бас идім дей алмаймын. Ауылдан келген бала бұл өнерді қайдан білсін (күлді). Баламыз ғой, үлкенді, соның ішінде ұстазды тыңдаймыз. Күнделікті жаттығуларға барып, олардың қатаң көзқарастарын көрмеу үшін жаныңды салып, дайындаласың. Кейін барып, жоғары кластарға ауысып, Алматыдағы опера және балет театрларына барып, сол жердегі аға әріптестерім Дмитрий Сушков, Дастан Шыныбаевтардың еңбегін көріп, жандандым! Мен де солар секілді сахнаның еркесі, алдыңғы шептегі артисі болғым келді. Солай бұл өнерге толықтай еніп кеттім десем де болады. Бір жағынан балет мен үшін спорттың бір түрі десем қателеспеймін. Себебі күнделікті жаттығулар менің физикалық дайындығымды шыңдады. Күнделікті жаттығулар, демалыс күндері сахнадан тамашалайтын балет қойылымдары, жоғары курстарда халықаралық конкурстарға қатысып, олардан жүлделі оралу, осының барлығы да менің балет өнерінде қалуыма, өз орнымды табуға үлкен септік болды. Себебі: балет өнері кез келген ер балаға бірден ұнап кететін мамандық емес. Оған бірден үйрену қиын.

Ruh.kz: Сонда баланың бойында алдымен қандай қасиеттер табылуы керек?

Бақтияр Адамжан: Ойға алдымен келетін жауап талант. Бірақ мен онымен келіспеймін! Бұл өнерге келетін талантты адамдар өте көп. Ең алдымен адамның бойында табандылық болуы шарт. Себебі күнделікті физикалық және эмоционалды тұрғыдан ауыр жаттығуларды жасау талантты адамның емес, ең алдымен табанды жастың қолынан келеді. Таланттылар шыдамай кетіп қалып жатса, ал табандылығы жоғары оқушылар шеберліктерін шыңдап, биікке көтеріле алады. Содан соң барып түсінік керек. Яғни, сені бұл өнер жолын не үшін таңдадың деген сұрақтың жауабын түсініп тұру керексің. Табандылық пен түсінік болса, қалғанын қалағаныңдай жасап алуға болады.

Ruh.kz: Осы екі қасиет сіздің бойыңызда болғандықтан, еліміздің жетекші театры «Астана опера және балет театрының» жетекші солистерінің бірісіз. Жауапкершілік жүгі қаншалықты ауыр және сіз сол жауапкершілікті қаншалықты сезінесіз?

Бақтияр Адамжан: Еліміздің, тіпті әлемнің жетекші театрларының бірі «Астана опера және балет театрының» сахнасында өнер көрсету үшін тыңбай еңбек еттім. Шет елдің тарихи сахналарында өнер көрсетіп жүрген қазақ жігіттерінің арасында жалғыз да шығармын. Әрине, менің орнымда көп жас болғысы келеді. Оны да білемін. Өтіп келген жолдың ауыртпашылығына қарай отырып, жауапкершілікті барынша сезінемін. Бірақ жауапкершілікті мойныма артылған жүк ретінде емес, еңбегімнің жемісі және үлкен мақсатқа жету жолы деп түсінемін.

Ruh.kz: Бақтиярдың үлкен мақсаты қандай?

Бақтияр Адамжан: Ол өте үлкен мақсат! Сол мақсатымды орындау үшін көп күш пен уақыт кетіп, көп тер төгілетіні айдан анық. Алайда, Жаратқанның қолдауымен мақсатымның орындаларына сенімдімін! Мен Қазақ Балеті деген тармақтың әлемге танылғанын қалаймын. Соның ішінде, Қазақ ерлер балеті бағытын танытсам деген ойым бар. Бізде, өте жақсы биші азаматтар көп. Ұлы даланың ұрпағы болған соң біздің бойымызда батырлық пен қайсарлық қашан да көрініп тұрады. Бабаларымыздан мұра болып қалған рухты бізден ешкім ажырата алмайды! Осы қасиеттердің барлығы да біздің биші жігіттердің бойында сахнадан көрініп тұрады. Біз осымен-ақ дараланып тұрамыз. Ал көзі қырағы көрермен эмоциялық толқуларды бірден сезеді. Қазақ балетіндегі азаматтрдың бірден-бір ерекшелігі осында. Ол біздің «фишкамыз».

Ruh.kz: Сондай күш-жігерді қажет ететін балеттердің бірі – «Спартак» балеті. Бұл партия сіздің де репертуарыңызда бар және сізді «әлемдегі ең үздік Спартак» деп те атайды екен. Сіз сомдайтын Спартак қандай?

Бақтияр Адамжан: Спартакқа қатысты көп жылы лебіз естідім. Алайда ең жоғары баға деп ресейлік «Балет» журналының бас редакторы, танымал балеттанушы Валерия Уральскаяның білдірген пікірі деп білемін. Оның «Қазіргі таңда мұндай «Спартактың» Ресейдің Үлкен театрында да жоқ», деп айтқан ыстық лебізі мен үшін өте үлкен баға. Қойылымның өзіне тоқталатын болсақ, алдыңғы жауабымда айтып өткендей, қазақ баласы үшін ержүректілікті және қайсарлықты сахнада ойнау қиын емес. Мен үшін де бұл рольді сахнада сомдау қиынға соқпады. Спартактың бас бостандығынан айырылып, құл болған дәуренін көрерменге жеткізу, міне сол сәттер қиындау болды. Себебі, мен Тәуелсіз мемлекеттің азаматы болған соң ба деп ойлаймын. Ал жалпы бұл образдың бойында күрес пен қорқыныш, құлдық пен бостандыққа ұмтылу, махаббат пен қайғыру мінездері бар. Бір образдың бойынан әр қырлы қасиеттерді көрерменге жеткізу үшін өзіңмен-өзің диолог құру керек сияқты. Мен осының барлығын да түсінемін және бойымнан Спартактың болмысын толықтай өткізуге тырысамын.

Ruh.kz: Ал «Спартактан» басқа қандай рольдарды сахнаға алып шығып жүрсіз және қолыңыз әлі де болса жете қоймаған рольдер бар ма?

Бақтияр Адамжан: Ролан Петидің қойылымы «Париж Құдай анасының соборында» Квазимодо ролін сомдаймын. Бұл кейіпкер Спарттаққа мүлдем ұқсамайтын өзгеше кейіпкер. Ролан Пети адамзатта кездесетін ең таза, әрі мөлдір махаббатты әлемдегі ең қорқынышты жанның ішіне сыйғыза алды. Балеттегі Квазимодо осы таза махаббатты өзінің шорқақ, жан түршігерлік қимыл-әрекеттерімен көрерменге жеткізуі тиіс. Ерекше жанның ішкі дүниесін түсініп, оны жеткізе білу маған жақын. Содан басқа, Ролан Петидің бастамасымен қойылған «Бозбала мен Өлім» атты бір актілі балетінде Бозбаланың ролін сомдадым. Бұл қойылым тек Италияда қойылды. Одан басқа, өз театрымыздың барлық қойылымдарына қатысамын. Соның ішінде: «Баядерка», «Дон Кихот», «Шехеразада», «Жизель». Атап кеткен туындылардың барлығы да маған өте жақын және олар бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Әр туындының кейіпкері де, суреттейтін заманы да, құндылығы да мүлдем басқа. Қолым жете алмай жүрген рольдер жоқтың қасы (күлді). Себебі, біздің қара шаңырағымыз – «Астана опера және балет театры» шығармашылық топқа бар мүмкіндіктерді беріп, жағдайдың барлығын да жасап отыр. Әлемдік классика сахнасында қойылатын туындылардың барлығы да біздің театрдан да табылып отыр.

Ruh.kz: Сұхбатымызды бастаған кезде, сіз өміріңізді арнаған балет өнері көп балаға арман деп айтып қалдық. Артыңыздан еріп келе жатқан інілеріңізге қандай кеңес берер едіңіз?

Бақтияр Адамжан: Алғашқы және негізгі кеңесім немесе ақылым – бұл өнерді не үшін таңдадық деген сұраққа жауап беру қажет. Содан соң өмірдің мақсатын айқындап алған соң балет өнерімен «қатты ауырып» кетпеу керек. Себебі тек қана өзінің мақсатына жұмыс жасап жүрген жандар, өмірдің басқа да қызықтарынан құр қалады. Олар көп жағдайда қоғамға жабық болып келеді. Ал кез келген әртіс көрерменге жан-дүниесін паш етуі керек. Жан-жақты болуы керек. Яғни, кітап оқу, қызықтыратын дүниелерді зерттеу, әлемді тану сияқты құбылыстар. Мақсат және қоғаммен қарым-қатынас арасын тең ұстау керек. Сонда ғана жүгі ауыр классикалық өнерден орнын табуға болады.

P.S. Бақтиярмен болған сұхбаттан соң, біз атақты «Шехерезада» балетін тамашаладық. Біздің кейіпкер бұл қойылымда басты рольдердің бірі – «Алтын құлды» сомдады. Кейіпкеріміздің бұл қойылымға дайындалу барысын сұхбат алдында өз көзімізбен көрген едік. Дайындық барысында Бақтияр қаншалықты жігерлі, әрі кейіпкердің болмысын өз бойынан өткізген болса, сол кеште «Астана опера және балет театрының» бас сахнасында да көрерменге жақын болды. Ол өз образын 200% ашты және өнерсүйер көрерменге жеткізе білді. Қойылым соңында әртістердің халық алдына шығып тағзым етуінің өзі бөлек дүние. Себебі халық Бақтиярды қолдады, халық оған өз ілтипатын білдірді. Көрерменді алдау қиын, ал біздің кейіпкер сұхбат барысында қаншалықты шынайы болса, сахнада да өнерге соншалықты адал. «Шехерезада» қойылымынан соң, сұхбатымыздың қорытынды сұрағын қойып үлгердік.

Ruh.kz: Бақтияр, дәл қазір, сені көрермен қошеметтеп тұрған сәттегі бойыңдағы эмоциялар қандай?

Бақтияр Адамжан: Ойыма келетін бірінші жауап – халықтың ыстық ықыласы! Көрерменнің қолдауы сахнаның төрінде тұрып сезілгені соншалық, мен өзімнің шаршағанымды бірден ұмытып кеттім. Бұл сөзбен жеткізіп айтатын сезімдер емес. Оның барлығы да менің көз жанарымда және жүрегімде. Мен халқыма ризамын!

Ruh.kz: Классика «Әлеміндегі үздік Спартак», еңбегіңіз еленіп, мақсаттарыңызға жете беріңіз!

Бақтияр Адамжан: Алғысым шексіз!

P.S.S: «Әлемдегі үздік Спартактың» дайындық барысында қаншалықты образға енетінін тамашалау және балет өнері иелерін сахнадан емес дайындық залынан көру кезкелген өнерді бағалаушы көрерменге бағалы естелік деп ойлаймын. Бірі еніп, көбі ене бермейтін киелі сахнаның дайындық залында болу мәртебесі біздің редакцияға бұйырды. Сол үшін, «Астана опера және балет театрының» баспасөз қызметіне алғысымызды білдіреміз!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button