Жаңалық

Күй шақырғыш Ақжелең

Қазақтың осындай әйгілі күйші-композиторын жастарға үлгі етіп, танытып жатқан «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы жайында айтпасқа тағы болмас, сірә?!

Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары елімізде көптеген тың жобалар мен іс-шаралардың іске асуына себепші болып жүргені таңсық жағдай емес. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының іске асып жатқандығы, қазақтың бас ақыны, хәкім Абайдың 175 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында тойлау, әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабидің 1150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өту, Алтын Орданың 750 жылдығын тойлау. Осының бәрі-бәрі айналып келгенде еліміздің руханиятының жаңғыруына тікелей ықпал ететін мәдени-саяси бетбұрыс.

Сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінде «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында түрлі фестивальдер мен концерттік кештер де өткізіліп жүр. 27-ші қыркүйекте Елордадағы «Астана» концерт залында қала әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясына қарасты «Қорқыт» дәстүрлі саз тобының «Ақ желең» атты V концерттік маусымының ашылуы өтті. Концерттік бағдарлама халқымыздың әйгілі күйші-композиторы Қазанғап Тілепбергенұлының 165 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Дәстүрлі саз тобы мүшелерінің айтуынша, мұндай концерттерді олар жиі өткізіп тұрады. Былтыр композитор Ермұрат Үсеновке, сонымен қатар республикамыздағы жас композиторларға арнап арнайы кеш өткізген. Олар әр концертті бөліп қояды. Яғни былтыр Құрманғазыға арнап қойып, көбіне соның күйлерін орындап жүрген. Ал биылғы шараны Қазанғаптың 165 жылдық мерейтойымен сәйкес келіп отырғанына байланысты Қазанғаптың шығармашылығына арнады. Кеште өнер көрсеткен филармонияның жастары өздерінің жеке орындауындағы атақты күйші-композитордың күйлеріне өңдеу жасап, жастарға қызықты болуы үшін жаңаша форматта орындап шықты. Қатысқан қонақтардың да біршамасы Қазанғап Тілепбергенұлының күйлерін қалың жұртшылыққа паш етті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай рухани жаңғыру аясында жиі өткізілетін концерттік іс-шаралар, бағдарламалар еліміздің дамуына зор ықпал етеді.

Концерттік іс-шараның басты қонақтары – Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы, күйші, зерттеуші Еділ Басығараев пен Құрмет орденінің иегері, елімізге танымал композитор, сазгер, өзі орындаушы Еділ Құсайынов болды. Олар өздерінің орындауындауындағы әйгілі күйші-композитордың белгілі күйлерін орындады.

Жалпы кештің өтуіне себепкер – қазақтан шыққан атақты күйші Қазанғап туралы бірер сөз айтып кеткеніміз жөн болар. Қазанғап Тілепбергенұлы – қазақтың классик-композиторы, соның ішінде күй өнеріндегі композиторлардың арасында шоқтығы биік, бірегей күйші. Ол 1854 жылы сонау Арал өңірі, Құланды түбегіндегі Ақбауыр деген жерде дүниеге келген. Қазанғаптың күй өнерінде қалдырған мол мұрасы осы уақытқа шейін өз құнын жоғалтпай сақталып, атадан балаға жеткізіліп келді. Негізінен Қазанғап – эпикалық күйші. Оның күйлері халқымыздың өткеніне, бүгініне және келешегіне де тереңнен бойлайды. Қазанғап күйлері қазақ халқының тарихының артта қалған алмағайып кезеңі туралы «Ноғайлы босқыны» деп, он алтыншы жылғы патша жарлығын жарадай сезіне отырып, «Жұртта қалған» күңіренеді. Қазан төңкерісінен кейінгі ел өмірінің түбірлі өзгерістерін ұлы көшке теңеп, «Қызыл керуен» деп әуендейді. Ал «Майда қоңыр», «Учитель», «Өтті-ау дүние», «Көкіл» сияқты күйлерінде өмірдің мәні мен келешек өмірдің қамы туралы таусыла толғанады. Қазанғаптың күйшілік болмысына ден қойғанда, оны ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ халқының рухани әлемінде көрініс тапқан антиутопиялық ағымның, кертолғау сарынының, зар заман тақырыбының аса дарынды өкілі деп таныған жөн.

Концерт басталмас бұрын мерекелік кешке қонақ ретінде келген күйші Еділ Басығараевты біраз әңгімеге тартып, әйгілі күйші жайында біраз деректер біліп қайтқан едік. Ол күйші тарихынан көп жағдаяттар біледі екен. Ендеше қызықсаңыз, онда қазіргі заманның күйші-оқытушысының бұрынғының күйшісі жайлы айтқанына көз жүгіртіп өтіңіз. Еділ Басырғараев, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы, доцент, күйші:

«Мен бұл кешке қонақ ретінде келіп отырмын. Концерттік бағдарламаның арасында 1-2 күйлерді тартатын боламын. Яғни өзімнің орындауымдағы Қазанғаптың екі күйін – «Күй шақырғыш Ақжелең» және «Кәрі Ақжелең» деген күйін тартқым келіп отыр. «Күй шақырғыш Ақжелең» Қазанғаптың көптеген «Ақжелең» топтама күйлерінің арасында ең бірінші тартылатын күй басы, көшбасы іспеттес. Қазанғап өзі осы күйлерді тартқан кезде ең бірінші «Күй шақырғыш Ақжелеңнен» бастайтын болған. Бұл күй кіріспе іспеттес болған. Негізі бұл «Ақжелең» жайында ел аузында түрлі әңгімелер таралған. Солардан кішкене айта кетейін. 19 ғасырдың аяғында қазіргі қарақалпақ жері, яғни қоңыратта Әзберген деген хан болған екен. Сол ханның ұйымдастыруымен күйшілер сайысы өтеді. Онда «Әзберген бағы» деген бақ бар екен. Сол баққа 9 домбырашы келген деседі. Жобалап айтсақ, Айша, Үсен төре және т.б. Осы сайыста Қазанғап «Күй шақырғыш Ақжелеңді» тартып, сол күйдің аяқ жағына өз жағынан сірке қондырып, бір бөлім қосып, күйді әшекейлеп аяқтаған. Сол үшін Қазанғапқа бас жүлдені беріпті дейді. Біздің әкелеріміз солай айтады. Бөлім қосқан деп отырғанымыз, яғни ол заманда бір қатып қалған нотада болмаған. Бір күйдің өзінің сарыны, әуені бар. Соны бір тартады та, қазіргі тілмен айтқанда суырып салып айтып, күйді өзі әшекейлеп жіберетін болған. Жалпы, содан қалған «Күй шақырғыш Ақжелең» деген. Ал «Ақжелең» деген сөз – осы уақытқа дейін зерттеліп, зерделеніп келе жатыр. Күнделікті біздің сөйлеп жүрген сөздеріміздің арасында бұл сөз жоқ. Көнерген сөздер қатарында. Зерттеушілердің кейбірі айтады: «Ақжелең ақжарқын, пәктік, тазалықты суреттейтін сөз» деп. Көрдіңіз бе, Ақжелең деген пәктік, тазалық, нағыз деген сөз. Енді бір нұсқауда: «Ақжелең деген қыз болыпты» делінген. Ол күйші қыз болған көрінеді. «Оның тартатын бірнеше Ақжелеңдері болыпты», – дейді. «Ақжелеңнің күйі, Ақжелең деп содан айтылып кеткен», – дейді. «Ақжелең қыз және Ақжелең жігіт болған», – дейді. Яғни ол атын айтып тұрған жоқ. Ол ақкөңіл деген мағынада. Бұл «Ақжелең» қазір жанрға айналып кеткен. Ақжелең жанры деген 1-2 күй емес. Ол бірнеше күй. Біреулер айтады: «62 Ақжелең болған» деп. Бірақ «Ақжелеңдерді» санасаң, 62-ден көп. Ал енді екінші тартатынымыз ол да «Ақжелең» – «Кәрі Ақжелең». Яғни «кәрі Ақжелең» деп Қазанғап тартып кетсе, ол Қазанғаптың ұстаздарынан қалған күй болуы мүмкін».

Байқап отырғанымыздай, Еділ Басығараев күйшінің тек бір «Ақжелең» топтамасын ғана айтты. Соның өзінде қаншама философия мен лирика сабақтасқан терең мазмұн жатыр. Қазанғаптың басқа да әйгілі күйлері өте көп. Концерттік бағдарламаның аты – «Ақ желең» болғандықтан, тек бір топтамасына ғана тоқталуды жөн деп санадық. Қазанғаптың күйлері негізінен жергілікті сазымен ерекшеленеді. Музыкасы өте бір күрделі және әдемі болып келеді. Көбіне жай күйлер тартқан. Оның күйлері қағыстарымен өзгеше және онда ілме қағыс көп. Ұзын сөздің қысқасы, Қазанғап – қазақтың бірегей күйшісі, ол біздің қасиетті жердің топырағынан туған. Оның өмірін білу, тарихына тереңнен бойлауға біз, жас ұрпақ міндеттіміз. Оның күйлері бүгінге дейін құндылығын жоғалтпай өз деңгейінде жетті. Енді біз де соны келер ұрпаққа дәл солай аманат етіп тапсыруымыз қажет. Бұған Еділ Басығараевтың мына сөздері үлкен мысал, дәлірек айтсақ, атадан балаға берілетін үлкен тәлім-тәрбие бола алады:

«Барлық күйлер жоғары деңгейде. Мәселе тек оны жеткізуші мен оны бері қарай алып жүрушіде ғана. Қазанғаптың күйлерін біз әкемізден үйрендік. Туған әкеміз Қазанғаптың күйлерін, оның тікелей үш шәкіртінен үйренген: Дәулеткелді, Кәдіралы, Жұмал. Біз кішкентайымыздан соның тартқанын естіп өстік. Содан кейін ол бізге жұқты. Енді қазіргі таңда біз соларды шәкірттерімізге үйретіп жатырмыз».

Енді өзіңіз ойлап қараңыз, Қазанғап кезінде күйлерін өзінің үш шәкіртіне үйретіп кетсе, ол үшеуінен Еділ Басығараевтың әкесі үйренген. Ал одан баласы үйренеді. Нәтижесінде қазір қаншама жастар Қазанғаптың күйлерімен, олардың тың тарихымен танысып жатыр. Яғни, кішкене кезінен барлығын естіп, тыңдап өскен күйші бүгінде өнер университетіндегі көптеген студент жастарға соларды үйретуде. Бұдан шығатын қорытынды: сол өнер университетіндегі барша жастар атадан қалған осы эстафетаны ары қарай жоғалтпай жалғастыра білсе, онда еліміздің дәстүрлі музыка өнері дамып, руханияты көп ұзамай жаңғыратыны анық.

Қазақтың осындай әйгілі күйші-композиторын жастарға үлгі етіп, танытып жатқан «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы жайында айтпасқа тағы болмас, сірә?! Бұл топтың көркемдік жетекшісі – мәдениет қайраткері, Шолпан Қорғанбек болып табылады. Ол кісімен болған сұқбат барысында да көптеген ақпараттармен таныс болдық. Соның ішінде ансамбль туралы, оған қанша жасқа толған азаматтар қабылдана алатындығы және бүгінгі жастардың дәстүрлі өнерге деген қызығушылықтары қаншалықты деңгейде тұрғандығы деген сияқты мәліметтерден хабардар болдық. Шолпан Қорғанбек:

«Ансамбльде бүгінде 18 адам отырады. Қыздар да, жігіттер де бар. Қазақстандағы басқа ұжымдарға қарағанда ең жас ұжым осы біз шығар?!. Біз 20-21 жастан, 1-курстан бастап қабылдаймыз».

Ал қазіргі жастардың дәстүрлі музыкаға деген қызығушылықтары жайында ол кісі былай деді:

«Бүгінде екінің бірі талант. Бұрын 2-3 аспапты меңгергендер қатары өте сирек болатын. Ал қазір алысқа бармайық, біздің өзіміздің топтың өзінде әр артист бірнеше аспапта ойнай алады. Ол бізде кәдімгідей шарт. Қылқобызшы болса, міндетті түрде шаңқобызда да ойнай алуы керек. Сосын домбырашыларымыз шіңкілдек, бас, шаңқобыз секілді аспаптарда ойнайды. Біздің ансамбльдің бір ерекше тұсы – бүкілі өз аспаптарын ойнап тұрып, оны қоя салып шаңқобызға көшіп кетеді. Арасында сонымен ойнайды да, қайтадан өз аспаптарына оралады. Сондай-ақ, біздің ұжым шетелдегі фестивальдерге, байқауларға көп қатысып жүреді. Биылдың өзінде Катарға, Иорданияға, Кореяға бардық. Жақында Қазанға барып келдік. Соның ішінде үнемі Гран-при, 1-ші орындарды алып келіп жүрміз».

Ал бүгінгі өтіп жатқан концерттік бағдарлама туралы, оның маңызы мен ол жайында жастардың пікірлері қандай екендігі жөнінде сұрағанымызда ол:

«Осы бүгінгі алып жатқан тақырыптардың барлығы рухани жаңғыруға тікелей байланысты. Себебі бұл қазақилыққа тәрбиелейтін шара болып табылады. Ата-баба жолымен жүруге үйретіп, олар жайында бізге беймәлім болып келген жайттардан құлаққағыс етеді. Ал бұл жерде бізді қуантатын басты факт – жастарымыздың дәстүрлі өнерге деген бетбұрысының жоғары деңгейде болғандығы. Олардың өнерге деген құлшыныстары ерекше және ынталары зор екенін аңғару қиын емес», – деп жауап берді.

Осы өткізіліп жатқан шараның ұлтымыздың болашағы, еліміздің даму жолы үшін маңызы ерек. Осындай бағдарламалар бізді алға жылжытып, әлемге танытады. Қарап отырсаңыз, «Қорқыт» дәстүрлі саз тобының көркемдік жетекшісі өз сөзінде шетелдегі байқауларға көп шығып тұратындарын және одан көбінесе жүлделі орындармен оралатынын айтып өтті. Олар шетелге барғанда сол жақтың аспаптарында өнер көрсетпейді, олар өзіміздің домбыра, қобыз, қылқобыз, сыбызғы, сырнай, шаңқобыз, жетіген және тағысын тағы көптеген аспаптарда ойнайды. Көңілге қонымдысы – олар сол аспаптар арқылы өзге ел азаматтарын таңқалдыра алуы. Бұл еліміз үшін үлкен жетістік. Заманауи қазақстандық мәдениеттің жылдам дамып жатқандығының дәлме-дәл көрінісі.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button