Жаңалық

Жошы ұрпақтарының кесенелері табылды

Археологтар жарты айда 100 шаршы метр аумақты зерттеп, жаңалық жаршысы болатын жәдігерлерді тауып үлгірді. Олардың айтуынша, ерекше ескерткіш XIV ғасырдың ортасы мен екінші жартысында тұрғызылған. Мазардың Алтын Орда дәуірінің бай-шонжарларына тиесілі болғаны, Жошы хан әулетінің шыңғысидтер отбасының өкілдері жерленгені туралы  болжам айтылады.

Орта ғасыр дәуіріндегі ежелгі кесенелердің орны, шеберхана мен кірпіш күйдіретін пештің қалдықтары, қыштан жасалған ыдыс-аяқ пен су құбырларының бөлшектері, алтын сырға мен темір қалдықтарын қойнауына бөктеріп, бес-алты ғасыр бойы жабық жатқан археологиялық қазынаның көзі ашылды. Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында табылған археологиялық орынды ғалымдар Жошы ханның ұрпақтары жерленген кесене деп жорамалдап отыр. Ғалымдар қазба жұмыстарын терең жүргізген кезде ол жерден орта ғасырдағы қала мәдениетінің дәлелі болатын тарихи алғышаттар табылатынын да жоққа шығармайды. Бірегей археологиялық нысанның жаңалығын ашқан М. Қозыбаев атындағы СҚМУ мен Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ғалымдары мен студенттері.

Жаңалықты жария етудің тұсаукесерінде Солтүстік Қазақстан облысы әкімі Құмар Ақсақалов: «Бұл Алтын Орданың 750 жылдығы қарсаңында бүкіл ел үшін үлкен сыйлық болмақ. Археология әлемінің тарихи жаңалығын түбегейлі анықтау үшін жұмыс жалғасады», – деген қуанышты лебізін жеткізді.

Археологиялық экспедицияны ғалымдар Уәлиханов ауданы Береке ауылының маңындағы Сілеті өзенінің төменгі ағысында жүргізді. Қызылоба қазбасын зерттеу жұмыстары осы жылдың 13 қыркүйек күні басталған болатын. Археологтар жарты айда 100 шаршы метр аумақты зерттеп, жаңалық жаршысы болатын жәдігерлерді тауып үлгірді. Олардың айтуынша, ерекше ескерткіш XIV ғасырдың ортасы мен екінші жартысында тұрғызылған. Мазардың Алтын Орда дәуірінің бай-шонжарларына тиесілі болғаны, Жошы хан әулетінің шыңғысидтер отбасының өкілдері жерленгені туралы болжам айтылады.

Қызылоба қазбасының жанында тағы жеті қорған бар көрінеді. Археологиялық экспедицияның жетекшісі Тимур Смағұловтың пікірінше, бұл деректер Сарыарқа даласын мекендеген көшпенділердің осы күнге дейін белгісіз болып келген мәдени-саяси өмірі мен орналасу картасын анықтауға жол ашпақ. Солтүстік өңір аумағында ортағасырлық қалалық мәдениет ескерткіштерінің бар екендігі туралы алғашқы тұжырымды академик Әлкей Марғұлан айтқан болатын. Ол өзінің ғылыми еңбектерінің бірінде Солтүстік Қазақстан облысында кесенелер, сарайлар мен керуен-сарайлар болғанын дәлелдейтін құрылыс қалдықтары болуы мүмкін деген.

Қызығы, мұндағы қоныстар мен қалашықтардың орналасу картасы ортағасырлықтардың егіншілікпен айналысқанын, отырықшылық тұрмысын айғақтайтын деректер де табылған. Ғалымдар оны археологиялық барлау, аэро және спутниктік суреттерді талдау барысында қазба аумағында бөгеттер мен арықтардың іздерін байқап, суды көтеру мен ағызу тетіктерінің қыш ыдыстарының сынықтарымен анықтап отыр.

М. Қозыбаев атынағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің археология ғылыми орталығының жетекшісі, ғалым Анатолий Плешаков:

«Бұл жерде, сөз жоқ, мұсылмандар болған. Алайда, мазарға жерлеу рәсімі ислам дініне сәйкес келмейді. Бұл осы қазба жұмыстарында табылған ең маңызды әрі қызықты мағлұматтардың бірі деп есептеймін. Әзірге Алтын Орда дәуіріндегі билеуші хандардың бірі жерленген болуы мүмкін деген дәлелдер бар. Анық-қанығына алдағы жылдары жүргізілетін зерттеу жұмысы барысында көз жеткіземіз».

Бұл археологиялық қазба жобасы Қазақстан Республикасының тарихы мен мәдениеті бойынша білім жүйесін дамытуға, мектеп оқушыларының тарихи санасы мен патриотизмін, жастардың еңбек дағдыларын қалыптастыруға, мамандардың ғылыми-әдістемелік және мәдени-ағартушылық деңгейін жетілдіруге бағытталған. Бүгінде отандық тарихтың рөлі мен маңызы арта түсті. Оның негізгі міндеттері – тарихты білу және қадірлеу, қоғамдық даму заңдылықтарын тану және “Рухани Жаңғыру” бағдарламасы шеңберінде қоғамды топтастыру болып табылады.

Алтын Орда көшпенділерінің мұрасын зерттеу бойынша археологиялық экспедицияны ұйымдастыру ісі бойынша Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті арасында осы жылдың мамыр айында келіссөз жүргізілген болатын. Кең ауқымды археологиялық ізденістерді талап ететін жаңа нысанның басы-қасына алдағы жылы жоғары оқу орындарының студенттерімен бірге Қазақстан Ғылым Академиясының ғалымдары да тартылады.

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында ғылымды дүр сілкіндіретін жаңалықтың салтанатты түрде тұсауы кесіліп, сол жерде БАҚ өкілдермен баспасөз мәслихаты өткізілді. Шараға қатысқан өңір басшысы Құмар Ақсақалов қазба жұмыстарын жандандыру үшін алдағы жылы қаржылай қолдау болатынын, нысанның көп кешіктірілмей Қазақстанның киелі жерлерінің картасына енгізілетінін жеткізді.

Солтүстік Қазақстан облысы,

«Рухани Жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button