Мақала

Майра Ілиясова: «Жастарға көп оқу керек»!

Қазақ ән өнерінің кешегісі мен бүгінгісі, мәдениет адамының «Рухани жаңғыру» жобасы жайлы ойы, қазақылық пен таза қылық турасында аз-кем сөз

 

І БӨЛІМ

Арманымдай алдағы,

Ақ шуақтай таңдағы,

Аялай бер арманым, аялай бер!

Сандуғаштар жырлаған,

Көктемдерге бір барам,

Шақырады біздерді көкорай бел!

 

Қазақы әнді құлағы естіген адам болсаңыз, сіз бұл тіркестерді ыңылдап оқып шықтыңыз. «Әннің де естісі бар, есері бар. Тыңдаушының құлағын кесері бар. Ақылдының сөзіндей ойлы күйді, Тыңдағанда көңілдің өсері бар…», – дейді Хәкім. Қазақ ән өнерінің кешегісі мен бүгінгісі, мәдениет адамының «Рухани жаңғыру» жобасы жайлы ойы, қазақылық пен таза қылық турасында сөз қозғамақ ниеттеміз.

 

Ілия Жақанов, Қабдеш Жұмаділов, Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдімбек секілді алыптардан биік баға алған, қазақ ән өнерінің жауһары, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Майра Ілиясова апаймен жолығып, жоғарыда тізілген һәм өзге де ойға оралған, көңілге қонған сауалдар төңірегінде аз-кем сөз қозғап, ой қостық. Сұқбат бағасын беру, оқырман, өзіңіздің құзырыңызда.

 

 

 

Ruh.kz: Майра апай, амансыз ба?! Алтын уақытыңызды бөлгеніңіз үшін алғыс айтамыз! Көп сөйлеп созбай, сұқбатымызды басталық. «Әркімнің өз уақыты бар». Сіздің сөзіңіз. Қазір кімнің, ненің уақыты?

 

Майра Ілиясова: Аманбыз, айналайын! Оқасы жоқ! Мамандығым әнші болған соң, «қазір әншілердің заманы» дер едім. Осыдан біршама уақыт бұрын әншілер 10-15 күндеп сапарлап кететін едік. Бүгін бір ауылда, ертең тағы бір ауылда жүретін сапарда тоңу да, шаршау да, шөлдеу де бар болатын. Ал қазір әншілерге барлық қажетті жағдай жасалған. Ән жазам десе жап-жақсы орталықтар бар, киінем десе тәп-тәуір дизайнерлер бар…

 

Әннің жақсы болуы өңделуіне, сөзі мен әніне, орындаушысына байланысты екені даусыз. Әуелгі үшеуін соңғысы таңдап жүріп, жақсы бір дүние шығару мүмкіндігі бар. Осыдан жақсы ән шығады. Технологияның қарқындап дамыған кезеңінде жақсы дүние тез тарайды-дағы, халық ықыласына бөленіп, тез танылады, талғамы бір тыңдаушы қалыптастырады. Осы танымалдықтың арқасында алшақ ауылдарда да, үлкен қалаларда да жеке концерттерін бере алады. Осылай әуелі адамның жағдайы жөнделеді. Жағдайы жөнделген адам алаңсыз өнермен айналысып, жан-жақты сараланған ән жазып, сапалы бейнебаян түсіреді. Бұл тыңдарманның талғамын биіктетеді.

 

Осындай қажетті жағдай жасалған уақта ән ғұмыры орындаушысына ғана байланысты болып қалады. Заманауи технологиялар мүмкіндік береді екен деп жазбалармен ғана жұмыс істеуге тағы болмайды. Қазір жанды дауыста айтушылар мен таспа әншілері тең дәрежеде. Келе-келе «фонограмма» деген сөз лексиконнан жоғалады.

 

 

Ruh.kz: Біздің құлақ «Майра ханымның мектебі» дегенді естіді. Ол не мектеп? Қазір немен айналысып жүрсіз?

 

Майра Ілиясова: Мен тек әнші емес, продюсермін, ұстазбын. Продюссерлік қырымды көптеген топқа берген көмегім, өзімнің тобым танытса, ұстаздық қырымды Қазақ ұлттық өнер университеті айқындап берді. Неге екенін, көбіне қыздармен жұмыс істеймін. Жүзі жылы, мінезі мақпалдай, дауысы жағымды қыздарды іріктеп алып, бір жақсы топ құрдық. Бірақ бойында осынша қасиеті бар бойжеткендер тез тұрмыс құрып кетеді (күліп). Және бұған менің қарсылығым да жоқ. Біз ондай шартқа отырмаймыз. Менің ойымша қыз баланың негізгі миссиясы – тұрмыс құрып, ана атану. Сондықтан бұндай жағдайға қуанбасам, ренжімеймін. Продюсер ретінде бұл тиімсіз болғанымен, адамгершілік жағынан дұрыс деп білемін.

 

Мектебімізде жанды дауыста ән айту өнерін шыңдаумен, ұлттық аспаптарда ойнауды үйретумен айналысамыз. Көшеде, табиғат аясында жазбаны қолдануға болғанымен, сахнада, мерекелік кештерде, техникалық мүмкіндіктер бар жерде ән жанды дауыста орындалуы керек. Мектебіміз, әзірше, бес бөлімнен: домбырамен ән салу, халық аспаптары (домбыра, жетіген, қобыз, шаңқобыз, сазсырнай), көркемсөз оқу, эстрада-вокал, фортепиано мен биден құралады.

 

Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептің ашылғанына 2-3 күн ғана болды. Ақтау қаласындағы мектебіміздің жұмыс істеп тұрғанына 1 ай. Алматы қаласынан мектеп ашу жоспарда бар.

 

Ruh.kz: Бәрекелді! Сәттілік тілейміз!

 

«Қасиетіңнен айналдым, кешір, домбыра,

Шаң басып, шанағың кесір қонды ма?!

Есі кеткенше билейтін етегін ашып,

 

Эстрадаңды қайтейін есірген мына?!.», – деп көсіледі Қалқаман Сарин. Ақынның ғана емес, қаншама тыңдарманның сөзі де осы! Эстрада қалай өзгерді? Өнер – тәрбие құралы болып қала алды ма?

 

Майра Ілиясова: Рақмет! Мен өнерді, оның ішінде әнді «классикалық» немесе «дәстүрлі» деп бөлгім келмейді. Бәрі де өнер. Әрқайсысының бағыты әртүрлі. Әнді түсінбейтін әншіні, бүгін айтылса, ертең ұмытылатын бір әнді естігендегі жазған өлеңі шығар?! Өнердің аты – өнер! Тыңдармандарының талғамы, жас шамасы әртүрлі болуы мүмкін. Дәл осы сөзге келісе алмаймын.

 

Эстраданы «жаман» дей аламыз ба? Қазақ эстрадасының өкілі, бір ғана Димашымыз күллі қазақты әлемге мойындата салды емес пе?! Мен эстраданың нанын жеп жүрмін. Төрт жобамның үшеуі эстрадаға байланысты.

 

Десе де кейінгі жылдары құрылып жүрген топтардың Корей эстрадасына еліктеп жүргенін байқаймын. Бұған көңілім тоймайды. Айту мәнері мен биіне, киім үлгісі мен әннің құрылымын кешірсек те, қазақ ұлдарының «қызылды-жасылды» болып жүргенін кешіре алмаймын. Оның не керегі бар? Қазақтың өзіндің қоңыр, қара шаштары бар. Шаштары Кәріс, аттары Қазақ ұлдардың айтып тұрған әні қай ұлттың әні екенін ажыратып көр?! Түптамырымызды ұмытпауымыз керек. Қазақылығымызды ұмытпауымыз керек. Талғам керек!

 

Қобызы Қорқыт бабадан келе жатқан, домбырасы Құрманғазы мен Тәттімбеттен келе жатқан дүние ғой?! Осындай бір ойдан шыққан өлең деп түсіндім.

 

Ruh.kz: Жастар арасынан топ 5 вокалды топ?

Майра Ілиясова: «Алаш» тобы, «МuzLife» тобы, «Азия» тобы, «Үш қоңыр» тобы және бөліп-жармай «Асыл» тобы мен «КешYou» тобын қосар едім.

Ruh.kz: Жастар арасынан топ 5 жеке орындаушы?

Майра Ілиясова: Қуандық Рақым, Нұрболат Абдуллин, Ғазизхан Шекербек, Әміре мен Мөлдір Әуелбекова.

Ruh.kz: Соңғы 10 жылдықта жазылған қазақ классикалық туындысы?

Майра Ілиясова: Арман Дүйсенов, Арман Бексұлтан, Мархаба Сәби, Роза Әлқожа сынды авторлар мен орындаушылардың кей-кей туындыларын жатқызар едім.

 

 

Ruh.kz: Шапалақ – өнер адамын өсіреді де, өшіреді де. Артық мақтау жас өнерпазға қаншалықты «қауіпті»?

 

Майра Ілиясова: Дөп басылып, сахнадан жібермей ұзақ-ұзақ соғылған шапалақ өнер адамының шаршауын басып, көңілін марқайтатыны анық. Халық ақымақ емес! Ол тек жақсы көретін, сүйіп тыңдайтын әншісіне, әнді жетер жеріне жеткізе алған әншіге ғана шапалақ соғады, мақтау айтады. «Өшіреді» дегенмен тағы келіспеймін.

Ruh.kz: Бәрекелді. Сұқбаттың бірінші бөлімін осымен тәмәмдалық. 

 

 

ІІ БӨЛІМ

Бірінші бөлімді қазақ әні туралы айтылған бөлім деп алсақ, екінші бөлім салт-дәстүр, таным-түсінік, жастардың білім деңгейі мен мемлекеттік жоба туралы болмақ. Жалғастыралық.

 

 

Ruh.kz: Қазақы құндылық уақытқа байланысты құбылып отыра ма?

 

Майра Ілиясова: Қазақи ән тыңдайтын адам қалмай ма деп қорқамын. Қазірдің өзінде жөнді тыңдарманы жоқ дәстүрлі әннің ертеңі қатты алаңдатады. Өзім сабақ берген университеттің өзінен бәленбай жас түлеп шығады.

 

Шапандарын жарқыратып, техникалық жабдықтарын дұрыстап беріп, үлкен сахнадан үлкен кештер жасар ма еді?!. Осындай кештер жоқ. Және осыған жаны ашитындарды да көргенім жоқ.

 

«Сағындырған әндер-ай» жобасында, аты айтып тұрғандай, халық сағынып жүрген әндерді орындаймыз. Халық әндері, халық композиторларының әндері, Совет композиторларының әндері мен 50-60, 70-80 жылдары шыққан, тыңдарман жадында сақталған әндерді орындаймыз. Ретромен шектеліп қалмаймыз.

 

Дәстүрлі әнді көнекөз қариялар, ақын-жазушылар тыңдауы мүмкін. Тіпті біздің эстрада деп жүргеніміздің өзі орта жастан асқан азаматтар үшін ғана ерек болып саналады. Кештерімізге келушілердің 80-90 пайызы да солар. Жастар жаңағы «қызылды-жасылды» әншілерді жақсы көреді. Мен осыдан қорқамын. Қазақтықтың жоғалып кетуінен қорқамын.

 

Асылбек Енсеповтар келген уақта жастар домбыраны тыңдайтын болды. Асылбек түрлендірді, жаңашалады. Оны да «сынаушылар» шықты. «Домбыра күні» белгіленіп, 1000 бала домбырада ойнап, осы бір өнердің нәзік қылын ұстап тұр десе де болады.

 

Ruh.kz: «Рухани жаңғыру» жобасын қалай түсінесіз?

Майра Ілиясова: Бұны әр адам өз деңгейінде түсінеді. Мен бұл сөзді «рухани құндылықтарымыздың қайта жаңғыруы» деп түсінемін. Ал «қайта жаңғыру» дәл осы сәтте керек-ақ құбылыс. Жаныма жаққан жағымды жаңалық болды. Бұл дәстүріміздің, салт-санамыздың, құндылықтарымыздың, ән-күйіміздің, фольклорымыздың, тарихи-сокралды мекендеріміздің, атқа міну мәдениетіміздің жаңаша форматта жалпыұлттық сипат алуы.

 

«Бізді тыңдайтын адам қалмады-ау», деп жүргенде, «енді қайттік», деп жүргенде Елбасымыздың тарапынан таңылған өте қажетті жоба болды. Адам рухани бай болуы керек. Сонда ғана ол Абай айтатын «толық адам» бола алады. Рухани байлық, әсіресе, жастарға ауадай қажет.

 

Сұрақ қоя білмейтін журналистері, Құрманғазыны білмейтін дәстүрлі әншілері, «Абай жолын» оқымаған әдебиетшілер бар жастардың арасында. Бұл ойнайтын шаруа емес. Жастардың білім деңгейіне қарным ашады. Жастар керек дүниесін ғаламтордан ала салады. Бұл шұқып жеген астай нәрсіз болады. Өзімнен өресі төмен журналистпен әрең сөйлесемін. Жастар жан-жақты болмақ керек. Әнші болмасам журналист болар ем. Қай салаға барсам да өзіндік орным болар еді дейтінмін. Көп оқу керек, іздену керек.

 

Ruh.kz: «Гендерлік саясат» деген ұғымды қазақ қалай қабылдады?

 

Майра Ілиясова: Бір тамақты мөлшерінен артық тұтынсаң жүрегің айниды. Бұл да сол секілді. Жүйелілік пен жөн білмек керек. Тұтас бір елді басқарған әйелдер де бар. Қазақтың кей-кей ру аттары осыған дәлел. 50 де 50 пайыз теңсіздік болмаса да, 80 де 20 пайыз көлемінде болса, бұның ешқандай артықтығы жоқ.

 

Мен тойда да, кештерде де айтып жүремін: «Азаматтың аты – азамат»! «Алтын басты әйелден, бақа басты еркек артық», – дейді қазақ. Еркекке деген құрмет – әкеге деген құрмет. «Әкең айтсын», «әкең алсын», «әкең келсін» деп отырған үйдің тәрбиесі тым басқа болады. Осындай тәрбиені жастардың барлығы да көрсе екен деймін. Теңсіздік екен деп, бетінен алу – әбестік. Ер адамның орны бөлек. Алайда қолыңнан келіп тұрса, мүмкіндігің бар болса неге іс істемеске?! Әр дүниенің өз орны бар, реті бар, жөні бар.

 

 

Ruh.kz: «Жаман болады» адамды шеңберге қамап тастамай ма?

 

Майра Ілиясова: «Халық айтса, қалып айтпайды», деген мәтел бар. Қазақтың әр ескертпесінде, салтында бір үлкен мән жатыр. Бір салт екінші салтпен, бір ырым екінші тыйыммен ұштасып жатады. «Орынсыз күлме», «жағыңды таянба», – дейтін әкеміз. Қазақтан сөз қалмаған. Бұның бәрі тәрбие. Ал «тыйып тастау», «шеңберге қамап қою» адамның санасындағы дүние ғана.

 

Ruh.kz: Сіз оқуға кеңес беретін 10 кітап?

Майра Ілиясова:

1.     Бексұлтан Нұржекеев – «Ерлі-зайыптылар»;

2.     Ілияс Есенберлин – «Көшпенділер»;

3.     Әзілхан Нұршайықов – «Махаббат қызық мол жылдар»;

4.     Мұхтар Әуезов – «Абай жолы»;

5.     Сәбит Мұқанов – «Мөлдір махаббат»;

6.     Қабдеш Жұмаділов – «Соңғы көш»;

7.     Мұқағали Мақатаев;

8.     Марфуха Айтқожина;

9.     Фариза Оңғарсынова;

10. Аққұштап Бақтыгереева;

 

 

Ruh.kz: Жастарға айтарыңыз бар ма?

 

Майра Ілиясова: Жастардың ұшқыр ойлы, заман талабына сай технологияларды меңгергендігі көз қуантады. Жастар, шынында да, болашақта ел тізгінің ұстамақ болса, оларға көп оқу керек. Тарихты, этнографияны, әдебиетті, өнерді, мәдениетті оқу керек. Жастар сауатты болса ғана біздің болашағымыз жарқын бола алады. Ал сауатсыз, есерсоқ жастардан қандай болашақ күтеміз?!. Жастар біз қаласақ та, қаламасақ та билік басына, жоғарғы қызметке, мұғалімдікке келіп, маман болады.

 

Осы ретте «Жастар жылы» жастарға дем берерлік жоба болды. Жастарды қолдау керек-ақ. Озық ойлы, сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу қыз-жігіттерді жақсы көремін. Соның бірі – өздерің.

 

Ruh.kz: Жып-жылы ниет-тілектеріңізге, аналық ақылыңызға рақмет! Қазақ әнінің бағына орай аман жүргейсіз!

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button