Мақала

Қазақ балетінің аңызы

Қазақы болмыс пен балет өнерінің ұқсастығы бар дегенге сене аласыз ба? Бұл санымызда біз қазақ балет өнерінің аңызы деп аталып кеткен Болат Аюхановтың өмір жолы, оның қазақ балет өнеріне қосқан ерен еңбегі туралы айтамыз.

 

Сахналық өнердің түрлері көп: ән, би, аспаптарда ойнау, опера, балет және тағысын тағылар. Аталғанның барлығы әр жанрға бағытталған және олардың өзінің тыңдармандары мен көрермендері болады. Бүгінгі қозғайтын тақырыбымыз осылардың ішінде балет өнеріне қатысты. Балет – музыкалық-хореографиялық кескіндердің көмегімен жасалатын спектакль. Сахналық өнердің бірі адам ішіндегі шынайы болмысты әнмен шырқап жеткізсе, енді бірі алуан-түрлі аспаптардың сазды дыбыстары арқылы өзінің терең ойларын білдіреді. Балет адамдардың жан дүниесінің түкпірінде тығылып жатқан сезімді дене қозғалысының көмегіне жүгіну арқылы байқататын өнердің түрі.

 

Бұл санымызда біз қазақ балет өнерінің аңызы деп аталып кеткен Болат Аюхановтың өмір жолы, оның қазақ балет өнеріне қосқан ерен еңбегі туралы айтамыз. Көзі тірі тұлға жайлы сөз бастамас бұрын балет тарихына кішкене шолу жасап өткіміз келіп отыр.

 

Балеттің тарихы да өнердің өзі секілді тереңде жатыр. Ол музыка мен би өнерлерімен тікелей сабақтастықта туған. Сахналық өнер алғаш Еуропа елдерінде, қайта өрлеу дәуірінде пайда болған. Опера-балет және комедиябалет XVII ғасырдың орта шенінде дүниеге келді. Солай-солай балет жеке бір өнер түрі болып қалыптаса бастайды. Ал Шығыс елдеріне, соның ішінде Египет, Түркия, Жапонияға балет өнері XХ ғасырда келеді. Елімізде балет өнері өткен ғасырдың бірінші жартысында пайда болып, қалыптасады. Қазақ сахнасында алғаш шыққан билер «Қоян-бүркіт», «Өрмек би», «Шашу» деп аталды. Бұл орайда халқымыздың тұңғыш режиссері Жұмат Шаниннің еңбегі ерен. Елімізде балет жеке жанр болып қалыптасқаннан кейін 1938 жылы қазақтың тұңғыш балеті – «Қалқаман-Мамыр» балетінің тұсауы кесіледі.

 

Қазақтың балет өнерінің дамуына балетмейстер Л. Жуков, Д. Әбіров, Р. Захаров, З. Райбаев, М.Моисеев, Ш. Жиенқұлова және т.б. үлкен әсер етті. Өткен ғасырдың қақ ортасында қазақ балеті өнеріне балетмейстер Д. Әбдіров келді. Сол уақыттан кейін еліміздің балет өнері едәуір шарықтай түсті деуге болады. Д. Әбдіров орыс балетіндегі қағидаттарды сақтай отырып, «Қамбар – Назым», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» тәріздес эпостық, фольклорлық мұралардан негіз алатын ұлттық тақырыптардың сахналық шешімін табудың жаңа әдістерін қолдана білді. Ал 60 жылдары балетмейстер Зәуірбек Райбаев сахнада «Шопениана», «Болеро», «Франческа да Римини» атты бір актілі балеттерін қойып, біраз шарықтады. Одан кейін қазақ сахнасында «Фрески», «Ақсақ құлан», «Әлия», «Мадам Баттерфляй», «Корсар», «Ұйқыдағы ару» балеттері қойылып, көпшілік қауымының көңілінен шықты.

 

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Нұрқалиев бір редакцияға берген сұқбатында қазақ балеті туралы: «Кейінгі жылдары, әсіресе, егеменді ел болғалы біз қазақ балеті деген ұғымды қалыптастыра алдық. Қазір біздің өнерімізді тамашалаған адамдар таңғалады. Неге десеңіз, классикалық балеттегі бишілеріміздің кәсіби деңгейі өте жоғары. Бұл қалай десеңіз, менің айтарым, біз классикалық балетті соңғы 25 жылда қазақ балеті ретінде қалыптастырдық. Біздің спектакльдеріміз, қандай да бір номерлер болмасын, орындаушының көзқарасы, актерлық шеберлігімен айшықталып тұрады. Егер балетте қаракөздеріміз билесе, онда орындау мәнері де, ішкі жан-дүниеңді ақтару да қазақша болады. «Қыпшақтар биін» шетелдік гастрольге апарғанда, сырт елдегі көрермен таңғалды. Және айтқандары: – «Жиырмасыншы ғасырдың басында қойылған би, дәл қазіргі сіздердің болмыстарыңызға арналған екен. Себебі әртістеріңіздің орындауындағы бұл би өзінің бір шарықтау шыңына жетті», болды. Бұл біздің солистеріміздің өзіндік ерекшелігі, актерлік қабілеті, сахнаға дәріптеп шығарған өз дүниесі. Сондықтан қазір қазақ балеті деген ұғым бар», – деп айтқан екен. Тұрсынбек Нұрқалиевтің бұл пікірі халқымыздың балет өнерінің биікте тұрғандығын айқындай түседі.

 

Мақаламыздың басты тақырыбы «Алматының жас балеті» ұжымын (қазіргі Мемлекеттік академиялық би театры) құрушы әрі оның тұрақты жетекшісі, ҚР халық әртісі, әйгілі хореограф, профессор, қазақ балетінің көзі тірі аңызына айналған Болат Аюхан туралы болмақ деп жоғарыда айтып кеткенбіз. Ендеше көп кешікпей негізгі кейіпкеріміз жайында әңгімемізді бастайық.

 

 

Болат Аюхан Алматы хореографиялық училищесін А.Селезневтің класы бойынша, Санкт-Петербордағы А.Ваганова атындағы би академиясын, ГИТИС-тің балетмейстерлік бөлімін бітірген. Бастапқыда, яғни
1957-1959 жылдары ол Қазақ опера және балет театрының бишісі болып қызмет атқарған. Жемісті еңбегінің арқасында көптің көзіне түсіп, нәтижесінде 1967 жылы «Алматының жас балеті» ансамблін құрады. Ансамбль құрылысымен балет өнерінің бишісі онда көптеген балеттер мен хореографиялық миниатюраларды, композицияларды саханаға шығарған. Би өнерінің іргетасын қалаған би падишасы – Шара Жиенқұловамен бірге қойылған Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы, Д. Шостаковичтің 4-ші симфониясы бойынша «Қылмыс пен жаза», П. Чайковский мен М.Плетневтің «Евгений Онегин», Ф.Шопеннің «Шопениана», «Пахита» балеті негізінде қойылған гран па (жеке өзінің хореографиялық болжамдары): аңыздың қатысуымен болған осы жұмыстардың барлығы да қазақ балет өнеріне ғана емес, дүние жүзілік балеттің тарихына енген жаңалықтар бола алды. Осылайша Болат Аюхан жылдан жылға көрерменін қалыптастыра бастады. Оның «Эдит Пиаф – Францияның рухы» атты француз композиторларының әуендеріне қойылған спектаклі сарапшылардың көңілінен шығып, жоғары бағаға ие болды. Ол ансамбльді отыз жылдан астам уақыт бойы басқарып келеді. Сол жылдар ішінде ол ұжымымен бірлесіп көптеген белестерді бағындырды. Ансамбльді қазіргі таңда әлем таниды десек қателеспегеніміз болар еді. Оның хореографиялық өнерді игеруі жөнінен әлемдік балет ұжымдарының ең үздігі саналатын алғышқы ондыққа кіретінін де ерекше атап өткен жөн. Қысқасы, «Алматының жас балеті» ансамблінде Болат Аюханның анық қолтаңбасы бар.

 

 

Өткен жылы аңыз адам мерейлі 80 жасқа және әйгілі балетмейстердің өзі түп-тамырын қалаған Мемлекеттік академиялық би театрына 50 жыл толып, Елордада «Астана балет» театрында өз деңгейінде атап өтілді. Айтулы датаға орай арнайы концерттік іс-шара ұйымдастырылып, оның шымылдығын Мемлекеттік академиялық би театрының бас балетмейстері Гүлфида Ғафурова ашып берген еді. Ол өзінің баяндамасында: «Менің пікірімше, Болат Ғазизұлы – әркез, өз дәуірінен озып жүретін адамдардың бірі. Мен оны бес саусағымдай білемін. Ол өз ортасынан үш, төрт, бес, тіпті 10 қадам алда жүреді. Сенбесеңіз, оның хореографиялық стиліне көз жүгіртсеңіз болады. Бұл стиль әлі де қызық, әлі де жаңашыл. Болат аға – хореография өнерінде революция жасаған тұлға. Осы себепті де оны – уақыттың алдында келе жатқан адам деп айтуға һақым бар. Оның қойылымдары хореографиясымен ғана ерекшеленіп тұрмайды, сонымен бірге стилі де ерекше. Оның ырғағы – керемет таңдалған музыкалық материал», – деді.

 

Өзгелерден өзгерек болып, әрдайым 10 қадам алға жүретін қазақ балет өнерінің королі ерекше болып туған жандардың бірі. Табиғат оған басқаның бойынан табылмайтын ғажап өнерді сыйлады. Тіпті ол балеттен бөлек ақ қағаз бен қаламды да өзіне серік етеді. Оның «Менің балетім», «Сезімдер өмірбаяны» атты кітаптары бар. Тағы бір қызықты мәлімет: Еуропа мәдениетінің ХХ ғасырдағы 60 жарық жұлдызы туралы шығатын 25 кітаптың біреуі қазақтан шыққан аңыз адамның өмірі мен өнеріне арналған. Халықаралық маңызы жоғары бұл туындының авторы австралиялық өнер зерттеушісі Юри Рюнтю. Балет өнеріндегі корольдің әлемдегі алатын орнын тоқтаусыз айта беруге болады. Мәселен, Болат Аюханды Түркия, Өзбекстан мемлекеттері арнайы шақырып, балет қоюын сұраған. Ол Түркияда «Махаббат аңызын», ал Ташкентте «Алдар Көсе» балеттерін қойған.

Былтыр болған мерейтойда Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ балет өнерінің аңызына арнайы құттықтау хатын жолдап, оның қазақ балет өнерінің дамуына сүбелі үлес қосқанын ерекше атады. Хатта: «Сіздің өнердегі өмір жолыңыз, халқымыздың ұлылығы мен сұлулығын, ел бірлігі мен халықтар достығын би нақыштарымен өрнектеудің, елімізде өнердің осы түрінің өркен жаюына сүбелі үлес қосудың жалғыз үлгісі екені сөзсіз. Сондықтан да жұртшылық сізді үлкен өнер иесі ғана емес, танымал тұлға ретінде де жақсы біледі және құрметтейді» делінген. Осымен біздің де сөз тәмәм!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button