Жаңалық

Тіл форумы

«Жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі» атты Тіл форумы

Шараның заңнамалық негіздері – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы, Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауы, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2018 жылғы 13 наурыздағы №27-Ө өкімімен бекітілген «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарының» 6-тармағы.

Шараның мақсаты: Заманауи үрдістер мен үдерістердің әсерімен қалыптасқан Қазақстандағы қазіргі тілдік жағдаятты, қоғамның лингвистикалық сұранысын, латын графикасы негізіндегі әліпби реформасын ескере отырып, мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мен сапасын арттыруға бағытталған өзекті мәселелерді заң ісі, бизнес, білім беру, ғылым, БАҚ саласы мамандарымен бірлесе талқылау, тіл саясатының болашақтағы тиімді тәсілдері мен іс-шаралар жүйесін белгілеу.

 

Шараның міндеттері:

–                Жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігін арттыратын реформа ретіндегі жаңа әліпбиге көшу барысын талдау, осыған қатысты атқарылған шараларды қорытындылау, алдағы міндеттерді айқындау, жұртшылық арасында бұл реформаға қатысты жүзеге асырылған жұмыс нәтижелерін насихаттау;

–                Әліпби реформасының жалпыхалықтық сипат алу тетіктерін іске қосудың жолдарын анықтау;

–                мемлекеттік тілдің қолданыс аясы мен сапасы өз деңгейінде көрініс таппай жатқан қоғамдық өмір салалары мен құрылым өкілдеріне (саяси және бизнес элита, жаратылыстану ғылымдары, жекеменшік білім беру секторы, ұлттық компаниялар, т.б.) арналған әліпби реформасы, мемлекеттік тілдің нормативтік базасы, Қазақстандағы және әлемдік тілдік қауымдастықтағы қазақ тілінің рөлі мен мәртебесі туралы заманауи білім, ақпарат, насихат алаңдарының жұмысын ұйымдастыру

–                Тілдерді дамытудың өңірлік басқармалары мен оқыту орталықтарының латын графикасына көшу бойынша атқарған жұмыстары мен дайындаған өнімдері бойынша көрме ұйымдастыру

–            қазақ тілінің терминологиялық қорын жүйелендіру, оқыту және үйрету әдістемесін әзірлеу және латын графикасын ІТ технологияларға және ақпараттық кеңістіктерге бейімдеу бойынша сарапшылардың әзірлеген өнімдерін таныстыру;

–                тілдерді дамытудың өңірлік басқармалары мен оқыту орталықтарының латын графикасына көшу бойынша атқарған жұмыстары мен дайындаған өнімдері бойынша көрме ұйымдастыру.

Насихаттау қамтылатын контингент

Ақпараттық-насихаттау форумына

–            тіл мәселесін көтеріп жүрген ҚР Парламенті Сенаты, Мәжілісі депутаттары,

–            ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Тіл саясаты комитетінің мемлекеттік қызметшілері,

–            – Облыстық, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалараның тілдерді дамыту басқармаларының/тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары,

–            Тілдерді оқыту орталықтарының директорлары, қызметкерлері,

–            орталық атқарушы органдардың тілдерді дамыту басқармалары қызметшілері,

–            ҚР Үкіметі жанындағы Ұлттық комиссияның орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, сараптама-техникалық жұмыс топтары мүшелері,

–            тіл жанашырлары, тіл мамандары,

–            ЖОО оқытушылары,

–            Ұлттық компания департамент басшылары, ондағы мемлекеттік тілдің қолданысына жауапты мамандар;

–            Қазақстан дипломатиялық корпус өкілдері;

–            жаратылыстану ғылым саласының өкілдері;

–            бизнес қауымдастық өкілдері (копирайтерлер);

–            саяси элита өкілдері және саяси мәтін әзірлеушілер (спичрайтерлер);

–            тілтанушы ғалымдар;

–            Қазақстан халқы ассамлеясы өкілдері (этномәдени орталықтардың тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, мамандары)

–            «Тіл-қазына» орталығының қызметкерлері қатысады.

Сонымен қатар форумға бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, блогерлер, журналистер, тәуелсіз сарапшылар келеді.

Ақпараттық-насихаттау форумындағы атқарылатын іс-шаралар

Ақпараттық-насихаттау форумы Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылады. Форум аясында бірнеше іс-шаралар өтеді.

Ақпараттық-насихаттау форумы 2019 жылдың 24 қазан күні Қазақстан халқы тілдері күніне орайластырылып ұйымдастырылады. Форум барысында келесі іс-шаралар атқарылады.

1.        «Жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі» ғылыми-практикалық конференциясы өткізіледі.

2.        Республикалық орталық коммуникациялар орталығында конференция қарары мен нәтижелері бойынша брифинг ұйымдастырылады.

3.        Облыстық, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалық тілдерді дамыту басқармаларының тапсырысымен, ұйымдастыруымен атқарылған жұмыстар мен әзірленген өнімдер көрмесі өтеді. Көрмеге келушілердің сауалдарына жауаптар беріледі, қажетті ақпараттар жазылған үлестірме материалдары таратылады.

1.     Конференция

Қазақ тілінің қоғамдағы рөлі мен жаһандану және ұлттану үдерісіндегі оның өміршеңдігіне арналған ғылыми-практикалық конференция. Конференция жұмысы пленарлық және 6 түрлі пікір алаңдары отырыстармен жалғасады.

Пікір алаңдары:

1. Ғылым, білім және тіл

2. Бизнес және тіл

3. Заң және тіл

4. БАҚ және тіл

5. «Мемлекеттік тіл болашағы – жастар болашағы»

6. Өңірлердегі тілдік ахуал

Пікір алаңдарында әр салада қызмет атқырып жүрген тіл мамандары қазақ тілінің өмірдің әртүрлі саласындағы орны мен рөлі, оның болашағы, ұлттың ұйысуындағы негізгі факторлары, даму бағыттары туралы ой қозғайды. Өзекті проблемалардың шешімін іздеп, қарар қабылдайды.

2.     Брифинг

Тіл мәселесін көтеріп жүрген танымал депутаттар, қоғам қайраткерлері, Тіл саясаты комитетінің басшылығы, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы басшыларының, облыстық және калалық тілдерді дамыту басқармалары басшыларының қатысуымен орталық коммуникациялар орталығында «Жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі» тақырыбында брифинг ұйымдастырылады. Брифинг барысында еліміз бойынша мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қазіргі жай-күйі мен даму бағыттары туралы және ғылыми-практикалық конференция қарары бойынша ақпараттар баяндалады, өзекті сауалдарға жауап беріледі.

3.     Көрме

Латыннегізді қазақ тілін үйренуге, оқытуға арналған әдістемелік құралдар мен өзге тілді ересек азаматтарға мемлекеттік тілді үйренуге арналған оқулықтар мен әдістемелік құралдар, компьютерлік бағдарламалар, мобильді қосымшалар көрмесі ұйымдастырылады. Көрме жалпы оқырман қауым мен оқыту саласындағы мамандардың назарын аударады. Өзара тәжірибе алмасу, пікір алысу алаңы қалыптасады.

«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы еліміз бойынша қазақ тілін ересектерге оқыту бойынша республикалық әдістемелік-үйлестіру мекемесі болғандықтан, қазақ тілін әдістемелік тұрғыда жаһандық кезеңдегі дамыту жолдарының әдістемелік сүйемелдеуші құралдарын, негізгі нормативті басшылыққа алатын құжаттар мен әдістемелік қосымшалар әзірлеп, өңірлерге жолдайды.

«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының көрмелік секторында мемлекеттік тапсырыс аясында әзірленген қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру үдерісінің әдістемелік негіздемелері мен әзірленген құралдары, ересектер мен балаларға арналған әртүрлі қосымшалар, екі жыл көлемінде латын графикасына көшіру бойынша атқарылған жұмыстар көпшілікке ұсынылады.

Латын графикасына көшуді көпшілікке насихаттау

Өңірлер бойынша әр жұмыс топтарының нәтижелерін көпшілікке насихаттау жұмыстары 2018 жылдың қазан айынан басталды. Ақпараттық-насихаттау шараларына барлық облыстар, жекелеген қалалар, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының тұрғындары қатысып, алғашқы ақпараттармен танысты. Барлық өңірде филолог мамандар жаңа әліпбидегі жазу ережелері бойынша сабақтарға қатысты. Сонымен бірге, Нұр-Сұлтан қаласында арнайы тренерлер дайындайтын курстар ұйымдастырылып келеді. Ақпараттық-насихат жұмыстары жан-жақты жүргізіліп отыр. Интернет сайттары, әлеуметтік желілер арқылы, жұмыс топтары мүшелерінің жеке парақшалары арқылы насихаттау шаралары атқарылып келеді. YouTube каналы арқылы бейне сабақтар жүргізіліп, әдіскер мамандарға көмек беріліп отыр. Арнайы бірнеше бейнебаяндар әзірленіп, әлеуметтік желелерге салынды. Балаларға арналған мультфильм әзірленіп, жас бүлдіршіндер назарына ұсынылды. Қызықты мультфильм таңдап алынып, латын графикасында қазақша субтитрі әзірленді, көрерменге жол тартты. Ақпараттық баннерлер, буклеттер, лифлеттер, таратпа материалдар, арнайы оқу құралдары да насихаттау шараларына ықпал етіп келеді.

Ақпараттық-насихаттау форумы ақпараттық насихат жұмыстарын пысықтау, өзекті мәселелерді талқылау, алдағы міндеттерді нақтылау алаңы болады. Форум барысында барлық өңірдегі мемлекеттік тілге қатысты өзекті мәселелер ортаға салынады. Мамандар пікірлерін білдіріп, мәселенің шешімін табу жолдарын қарастырады. Сонымен бірге, әр өңірдегі озық үлгілер мен тәжірибелер көрмесі арқылы тәжірибе алмасу іске асады. Ерекше атқарылған жұмыстар мен әзірленген өнімдердің белсенділерін ынталандыру шаралары атқарылады. Республикалық деңгейдегі мәселелер хаттамалық шешім ретінде Тіл саясаты комитетіне жолданады.

«Мемлекеттік тіл болашағы – жастар болашағы» тақырыбында тіл саласында қызмет атқарып жүрген белсенді жастар арасындағы өзара пікір алысу алаңы қалыптасады. Қазақ тілінің қоғамның барлық саласында кеңінен пайдаланудың тетіктері мен оны іске асыру механизмдерін талқылайды.

Тіл саясаты комитетінің қызметкерлері өңірлік тілдерді дамыту басқарма басшыларының баяндамасынан өңірдегі тілдік ахуалмен толық танысады. Жаңа әліпби негізіндегі жаңа емле ережелерін оқыту деңгейі сарапталады.

Барлық өңірлік тілдерді дамыту басқармалары арқылы өңірдегі тіл саласы мамандарының ұсыныстары негізінде 2020-2025 жылдарға арналған «Мемлекеттік тіл және Қазақстан халқының тілдері» мемлекеттік бағдарламасының жобасына ұсыныстар жинақталады. Барлық өңірлік тілдерді дамыту басқарма басшыларының қатысуымен алдын ала онлайн конференция ұйымдастырылып, ұсыныстар жобасы іріктеледі, жинақталады. Форум аясында ұсыныстар жобасы пысықталады.

Күтілетін нәтиже

Ақпараттық-насихаттау форумы нәтижесінде:

–                қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі болуындағы өміршеңдігі мен әлеуеті пайымдалады;

–                қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру үдерісі пысықталады;

–                өңірлер бойынша атқарылған жұмыстарға мониторинг жасалады;

–                келесі жылдар жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге ұсыныстар әзірленеді;

–                өзекті проблемалар талқыланады, шешімін табу жолдары қарастырылады;

–                БАҚ, әлеуметтік желілер мен сайттар арқылы жалпы қауымға насихаттау шаралары атқарылады;

–                2020-2025 мемлекеттік бағдарлама жобасына ұсыныстар пысықталады;

–                өңірлік тілдерді дамыту басқармалары мен тілдерді оқыту орталықтары өзара тәжірибе алмасады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button