Жаңалық

Ана тілін келешекте не күтіп тұр?

«Жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі»

Ұлты өзге бір әйел мелекеттік тілді неге үйренбейсіз деген сұраққа: «Очень трудно выучить то, что не нужно», – деп жауап берді…

Кіріспе орнына

«Жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі». Дәл осындай атаумен Нұр-Сұлтан қаласында, Қазмедиа орталығында республикалық тіл форумы өтті. Форумды Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тіл саясаты комитеті мен Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауында көрсетілген мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қазіргі жағдайы, оның келешегі, тіл саясатының әлеуметтік мәселелері форумның өзекті тақырыбы болды.

Республика деңгейінде өткізіліп жатқан форумға еліміздің түкпір-түкпірінен әр саланың өкілдері: Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттары, мемлекеттік орган өкілдері, ұлттық компания басшылары, зиялы қауым, сондай-ақ білім, ғылым, бизнес, БАҚ өкілдері және т.б. қатысты.

Аса күрделі мәселелерді талқылаған форумда сөз сөйлеген спикерлер қатарында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бар. Ол:

«Құрметті әріптестер, құрметті қонақтар, тіл жанашырлары, республикалық форумның жұмысына сәттілік тілей отырып, мұнда қабылданған шешімдер мемлекеттік тілдің дамуына және әліппе реформасының нәтижелі жүргізілуіне өз септігін тигізеді деп сенемін. Форумның қатысушыларына шығармашылық табыс, жұмыстарыңызға шын жүректен сәттілік тілеймін»,

– деп кіріспе сөз сөйледі.

Сөз сөйлеген спикерлердің бірі Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры, академик Амангелді Айталы:

«Менің үміт күтетінім – соңғы, төртінші ұрпақ. Яғни бүгінгі 35-40 жастағы азаматтар. Сол ұрпақты билікке көбірек тарту керек. Солар біздің тілімізді құтқарса құтқарады, ал біздің заманымыз кетті. Жастарды билікке көп араластыру керек. Себебі қазіргі жастар қазақ мектебінде оқыған, социологиялық зерттеулер бойынша қазақ тілінде сөйлеседі. Олар отбасында да қазақша сөйлейді. Бірақ біздің бүгінгі мемлекеттік аппаратта қазақ тілін білетін жастарға жол тар, орыс тілін білмесе жолатпайды».

Ал Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов ана тіліміз жайында былай деді:

«Айту қиын, айтпауға дәтің шыдамайтын мәселелер. Соның біреуін Амангелді ағамыз ана жылы «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде қозғап еді. Онда Қазақстанның өңір-өңірлерінде социологиялық зерттеулерде анкеталарға қайтарған жауаптарға байланысты мынадай мысал келтірді. Ұлты өзге бір әйел мелекеттік тілді неге үйренбейсіз деген сұраққа: «Очень трудно выучить то, что не нужно» деп жазған. Міне, біздің мемлекеттік тілдің көсегесінің көгермей келе жатқанының үлкен диагнозы. Мемлекет, өкінішке орай, қазақ тіліне мемлекеттік деңгейде сұраныс туғыза алған жоқ. БҰҰ-да келешегіне қауіп төнетін тілдердің қатарында қазақ тілі де бар. Біз бұны тұңғыш тіл форумында жасырмай, ашып айтуымыз керек. Осындай мемлекеттік орнаған кезде сондай қатер төнуі мүмкін бе деген үлкен теориялық мәселелер бар. Бірақ фактінің аты – факт. Құрметті Ақтоты Рахметоллақызы, тілді сақтаудың, тілді көтерудің бір тетігі – біздің әдебиетке қамқорлық жасау».

Тіл жанашыры өзінің ұсынысын да айта кетті:

«Адамдар қазір өзіне қажет нәрсені ғана үйренеді. Тіл қажет болса, сол тілді білетін адамның тасы өрлесе, сол тілді білмейтін адамның жүзі төмен болса, сол тілді жақсы білетін адамдарға қызмет бабында артықшылық берілсе, мемлекеттік тілді меңгермеген адамдарға, мемлекеттік тілді менсінбейтін, үйренгісі келмейтін адамдарға мемлекеттік деңгейде, саналы түрде кедергілер қойылса, онда адамдар қазақ тілін аз ғана уақытта үйренер еді».

Ана тіліміз туралы Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғамдық кеңестің мүшесі Ғосман Төреғұлдың пікірі төмендегідей:

«Қазақ тілінің қоғамдық қызметін жандандыру тарихымызды, мәдениетімізді, санамызды, ғұрпымызды жеткізуші құрал ғана емес, халқымыздың ертеңін жалғастырушы ғылым мен экономиканы ілгері жетелеуші құралға айналдыру мынау отырған сіз бен біздің қолымызда. Мемлекеттік тіл барша Қазақстандықтардың ортақ тіліне айналғанда тіл басқармалары мен орталықтардың рөлі шешуші деп айтуымыз керек. Оларды осылайша қосу әрекеттерін жалғастыра берсек еліміздегі тіл саясаты қалай жүзеге аспақ?!».

«Amal books» баспасының жетекшісі Бақытжан Бұқарбай:

«Менің айтқым келіп отырғаны мынау: елімізде тіл болсын, мәдениетіміз болсын мемлекетіміздің қолдауы арқылы емес, халықтың, тіл мамандарының және тіл жанашырларның арқасында дамып жатыр».

Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет те тіл саясаты мәселесіне тоқталды:

«Ертең қазақ мектептері босап қалудан қорқыңыздар. Әсіресе қаланың қазақтары. Оны да байқау керек. Сондықтан менің ұсынысым: латын қарпіне қазақтар ғана көшіп қоймай, орыстілді тұрғындарды да түгел көшіру керек. Әйтпесе халқымыздың белі екіге бөлініп кетеді. Осыдан сақтануымыз керек. Содан кейін, кеңсе мен халықтың арасы кішкене алшақтап отыр. Бұл жерде түсініспеушілік неде? Шенеуніктердің қазақ тілін білмеуінде. Мемлекеттік қызметке қабылдау үшін мемлекеттік тілді білуін міндеттеу керек. Мемлекеттік тілді білмеген адам мемлекеттік қызметке қабылданбасын деген қаулы шығарылсын!».

Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов:

«Әлемнің 36%-ы латын әліпбиін, 20%-ы қытай тілін, 11%-араб әліпбиін, 2,7%-ы ғана кирилл әліпбиін қолданады. Яғни кирилл әліпбиін қолдану латын әліпбиіне қарағанда 12, 13 есеге аз. Жаңа технологияда, білім мен ғылымда латын әліпбиіне қарағанда кирилл әліпбиі 250 есе бәсекеге қабілетсіз немесе латын әліпбиі 250 есе бәсекеге қабілетті».

Форумда мына тақырыптар бойынша қарар қабылданды:

1. ҚР Үкіметіне, ҚР Парламентіне тіл саясатын жүзеге асыратын 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға қазақ тілінің қолданысын міндеттеу нормативтерін бекітетін мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау;

2. ҚР Тіл туралы заңындағы мемлекеттік тілді меңгеру ҚР әрбір азаматының парызы деген 4-бапты мемлекеттік тілді меңгеру ҚР әрбір азаматының міндеті деп ауыстыруға қажетті шаралар енгізу;

3. ҚР кез келген нормативтік құжат, заң мәтінін алдымен мемлекеттік тілде әзірлеуді ұйымдастыратын қанат қақты жобаны іске қосу;

4. Латын графикалы жаңа әліпби негізіндегі емле ережелерімен қазақ әдеби тілінің жаңа нормативтік сөздіктерін мәртебесі жоғары құзырлы органдармен бекіту;

5. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне БАҚ-та мемлекеттік тілдегі хабарды прайм-тайм уақытында таратуды қазақтілді ақпарат таратудың нысаналы көрсеткішін 80%-ға жеткізу;

6. Отандық БАҚ-ты, масс-медиа кеңістігі, әртүрлі жастағы балаларға арналған сапалы, мазмұнды қазақтілді контентпен қамтамасыз ету;

7. Мемлекеттік тапсырыс, тапсырмамен әзірленетін барлық медиа өнімдерді мемлекеттік тілде таратуға басымдық беруді міндеттейтін шараларды жүзеге асыру және т.б.

Аталған ауқымды мәселелер жан-жақты қаралып, ұсыныстар айтылды. Қабылданған қарар «Тіл-қазына» ҰҒП орталығының ресми сайтында және БАҚ-та жарияланатын болады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button