Жаңалық

«Қазақстан этностары: еліміздің тарихи-мәдени дамуына қосқан үлестері»

Қолға алынып отырылған шараның тоқетері – XIX-XXI ғасырларда еліміздің дамуына үлес қосқан қазақстандық этностардың ең көрнекті өкілдерінің өмірі мен қызметі туралы ақпаратты электрондық дерекқор құру.

Қазақстанда елдің тұғырын биіктетіп, абыройын асқақтатып жүрген өзге ұлт өкілдері көп саналады. Олардың қызметі мен еңбегіне тиісті баға беру, жалпыхалықтық назарда ұстау әрекетін қолға алған «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ-сы бүгінде еліміздің төрт бұрышын аралап, үлкен іс тындыру үстінде. Институт өкілдері еліміздің батысы мен шығысында болып, жақында теріскейдегі өңірге атбасын тіреді. Өткен жұма күні институт төрағасының орынбасары Роза Кәрібжанова бастаған топ М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Қазақстан этностары: еліміздің тарихи-мәдени дамуына қосқан үлестері» тақырыбында сұхбат алаңын ұйымдастырды. Шараға Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды, Ақмола, Қостанай өңірлерінен арнайы өкілдер шақырылды.

Қолға алынып отырылған шараның тоқетері XIX-XXI ғасырларда еліміздің дамуына үлес қосқан қазақстандық этностардың ең көрнекті өкілдерінің өмірі мен қызметі туралы ақпаратты электрондық дерекқор құру. Бұл жобаның қиындығы жүздеген адамдардың ішінен ең тұлғалысын таңдап алуда болып отыр. Сондықтан электрондық дерекқорға енгізілетін азаматтардың қызметі мен еңбегін терең зерттеп, белгілі бір талаптарға сай келуін қадағалап, үлкен жұмыс жүргізу міндеттеледі.

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ бас сараптамашы-менеджері Рузия Камарова институт әр өңірмен хабарласып, лайықты тұлғалардың тізімін жинастырып жатқандығын жеткізді. Бүгінде тізімге 213 азаматтың есімі ұсынылған. Бұл санның әлі де еселене түсетініне күмән жоқ. Зерттеушілердің айтуынша, электрондық дерекқорға ең көрнекті өкілдер енгізілуі тиіс. Ол үшін таңдалатын тұлғалардың сіңірген еңбегіне қойылатын критерийлер нақтылана түсуі керек. Петропавл қаласында өткен сұхбат алаңына жиналғандар Қазақстанның солтүстік және орталық аймақтарындағы танымал отандастардың өмірі мен қызметін зерттеу бойынша пікір білдіріп, тәжірибе алмасты. Сондай-ақ, зерттеу жұмыстарын оңтайлы жүргізу үшін практикалық ұсыныстар жасалды.

«Қазақстан этностары: еліміздің тарихи-мәдени дамуына қосқан үлестері» атты сұхбат алаңы қазақстандық зиялылар тізімінде ойып алар орны бар ірі тұлға Г.Бельгердің 85 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференциямен жалғасты.

Герольд Бельгердің қазақ ұлтына сіңірген еңбегі орасан. Қаны неміс болса да, жүрегі қазақ жанның жергілікті ұлтқа деген құрметі мен сүйіспеншілігі ерекше еді. Қазақтың «Гера ағасы» атанып кеткен тау тұлға қазақ әдебиеті мен ұлы даладағы ұлтаралық татулықты нығайтуға сүбелі үлес қосты. Г. Бельгер осыдан төрт жыл бұрын өмірден озған болатын. Оның шығармашылық жолы ғылыми зерттеулерді талап ететін бай дүние. Ол – жазушы, сыншы, аудармашы, публицист, оған қоса әдебиет зерттеушісі және қоғам қайраткері. Қазақстан Республикасының Президент архивінде Герольд Бельгердің жеке қоры сақтаулы. Оны тұлға өз қолымен 1999 жылы сыйға тартқан болатын.

ҚР Президент архивінің бас сарапшысы Евгения Чиликова:

«Архивте Герольд Бельгердің қолтаңбасы қойылған кітаптарынан бөлек, мыңға жуық құжат сақтаулы. Тіпті, Михаил Сергеевич Горбачевқа жолдаған хаты да бар. Бұл хатта Бельгер не жазды? Ол кеңес үкіметіне мәжбүрлі түрде депортацияланған немістердің проблемасын бірінші болып көтерген болатын. Ұлы Отан соғысынан кейін қыспақ көрген қандастарының тағдыры қынжылтты. «Фашистер» деген айыптауды есту қиынға тиді. Сондықтан Герольд Бельгер Горбачевке жазған хатында немістерге теңдік беруді сұрайды».

Герольд Бельгердің қазақ халқына деген сүйіспеншілігі ерекше еді. Еділ бойынан Есіл бойына жанұясымен бірге жеті жасында жер аударылған ол теріскейдегі қарапайым қазақ ауылының тыныс-тіршілігіне сіңісіп қана кеткен жоқ, жергілікті ұлттың тілін, әдеп-ғұрпын, салт-дәстүрін да бойына сіңіруді мақсат тұтты. Гера аға көркем тілмен қазақ тілінде сөйлеген кезде көпшілікті таңғалдыратын. Ол шын мәнінде үш ұлттың мәдениеті мен әдебиетін ұштастырған жан.

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ Тіл және әдебиет институты директорының орынбасары Ботагөз Тағұдретова:

«Герольд Бельгер «Мен өзім неміспін, бірақ мен Гетені Абай арқылы таныдым» деген жазба қалдырған. Оның тіл жанашыры болғанын да білеміз. «Тіл – халықтың руханияты, дүниетанымы. Халықтың көзқарасы осы қазақ тілінде жатыр. Сондықтан біз тілімізге немқұрайлы қарамай, оның рөлін асқақтатуымыз керек» деген ойын айтып, көпшіліктің санасына қозғау салған кездері де аз емес».

Г. Бельгер жанымен де, санасымен де қазақстандық азаматпын деп өзін де, өзгені де мойындатып кеткен. Оның романдары, повесть-әңгімелері әдеби қауымдастықта аса жоғары бағаланады. Ол Қазақстан тарихында бірінші болып “Парасат” орденінің кавалері атанды. Бүгінде оның қазақ елінің болашағы мен абыройы үшін сіңірген еңбектерін бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Артында қалған бай мұрасы зерттелген сайын, құнды деректер қатары толыға түсері анық.

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ осындай тұлғалардан еліміздің дамуына үлес қосқан қазақстандық этностардың ең көрнекті өкілдерінің өмірі мен қызметі туралы ақпаратты электрондық дерекқор көзін жасамақ.

Солтүстік Қазақстан облысы,

«Рухани Жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button