Жаңалық

Данияр Есин Сыр жастарымен жүздесті

Өткен апта соңында Қызылорда облысына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Б. Сапарбаев басқарған үкіметтік жұмыс тобы келді. Топ құрамында келген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин облыс жастарымен кездесіп, олармен емен-жарқын пікір алмасты.

Сапар аясында вице-министр аймақта Жастар жылын атап өтудің Жол картасына енгізілген бағдарламалар мен тапсырмалардың орындалу барысын талқылады. Данияр Нұрашұлы жұмыс сапары барысында барлық коммуникациямен жабдықталған облыстық Жастар орталығымен танысты.​ Төрт мың шаршы метр аумақты құрайтын заманауи орталықты аралап, аймақта жастар саясаты бағытында жасалып жатқан шараларға оң баға берді. Жастар жылында осындай орталықтың пайдалануға берілуі оларға жасалып жатқан​ үлкен қолдау екендігін даусыз.

Сапар шеңберінде вице-министр облыста бірінші рет жүзеге асырылған жастардың стартап жобаларын инвестор алдында қорғауға үйрету, бизнеске баулуға бағытталған «Kyzylorda business hub» жобасына қатысушы жас стартапшылармен кездесті. Кездесу барысында жас өнертапқыш Евгений Демиденкомен пікірлесіп, YouTube бейнехостингіне ұқсайтын мүмкіндігі YouTubтен жоғары болатын қазақстандық нұсқаның жобасын іске қосу бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын және инвестор іздестіріп жатқаны жөнінде ақпар алды. Айта кетейік, жас өнертапқыштың бұған дейін «Boeing 757» базасында жаңа ұшақтың техникалық және дизайнерлік келбеті жобасын жасақтаған.

Сонымен қатар Данияр Нұрашұлы сол жағалауда орналасқан «Рухани жаңғыру» орталығының жұмысымен танысты. Осы бағыттағы жұмыстарға оң бағасын беріп, орталық ұжымына сәттілік тіледі. Осыдан кейін вице-министр сапары Жалағаш ауданында жалғасын тапты. Аудан жастарымен кездесуі барысында Жастар жылының Жол картасы аясындағы бастамаларды жүзеге асыруда «Зерен-2019» жазғы лагерінің тиімді ұйымдастырылғанына көз жеткізді. Себебі, лагерьге қатысушылар арасында Жалағаш ауданы жастары жиындық қорытындыда 3,5 млн. теңгелік сертификаттар иесі атанған. Жастар өз жобаларын алдағы көктемнен бастап жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді.

Қызылорда облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button