Жаңалық

Түркістан жастары барша қазақстанға үлгі болуы керек!

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин Түркістандағы облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесіне ат басын бұрып, осы бағытта атқарылған жұмыстармен танысты.

ҚР Президентінің халыққа Жолдауын түсіндіру мақсатында Түркістан облысына келген жұмыс тобы өңірдегі жастармен кездесу өткізді. Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің вице-министрі Данияр Есин жастар жылының аясында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Түркістан қаласындағы «Жастар орталығында» өткен кездесуде Үкімет басшысының орынбасары студенттерге «Дипломмен ауылға» және «Серпін» бағдарламаларының мүмкіндіктері туралы сөз қозғады. – «Бүгінде Түркістан үлкен құрылыс алаңына айналды. Тағы 10 жылдан кейін қала адам танымастай өзгеріп шыға келеді. Бұл қала сіздер үшін салынып жатыр. Сондықтан рухани астананың өкілі ретінде түркістандық жастар бүкіл Қазақстанға үлгі болуы тиіс!», – деді Бердібек Сапарбаев.

Премьер-Министрдің орынбасары сонымен қатар, оңтүстіктегі жастарды солтүстік өңірлерге көшіру мәселелері мен оның тиімді жолдарын атап өтті. Ол жақтағы жастарға біршама жағдайлар жасалып жатқанын жеткізіп, жас мамандарды сонда қоныс аударуға шақырды. Сондай-ақ, келер жылдан бастап волонтерларға әлеуметтік несиелер берілетінін және стипендия көлемі 30 пайызға артатынын да тілге тиек етті. Қазақ жастарының білімі мен мәдениетін талапқа сай қалыптастыру жайын да қамтыды. – «Біздің жастар шет тілдерін еркін меңгерген, заман талабына сай білім алған азамат болуы керек. Сонда ол жас әлемнің кез келген елінде жұмыс істей алады. Президент Жолдауында дарынды балаларды қолдаудың «Жол картасын» әзірлеуді тапсырған болатын. Осыған орай Үкімет «Ел үміті» атты жоба жасап шықты. Жоба аясында келер жылдан бастап Қазақстан бойынша ең дарынды 1 мың бала іріктелініп, мемлекеттің толықтай қамқорлығына алынады. Олардың отансүйгіштік тәрбиесі мен лайықты әрі терең білім алуына жағдай жасалады», – деді вице-премьер.

Данияр Есин Түркістандағы «Рухани жаңғыру» аясындағы жұмыстармен танысты 

Бүгінде Түркістан облысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша еліміздегі көшбасшылар қатарында. Соңғы 2 жыл көлемінде өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Көне жетігеннің сыры» көркем және «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау», «Күш атасы – Қажымұқан», «Бәйдібек би» анимациялық фильмдері көрерменге жол тартты. Биыл «Төле би» сериялының түсірілімі аяқталып, «Хабар» арнасынан көрсетілді. «Түркістан», «Оқсыз оқиғасы», «Ордабасы – бірлік туы» атты анимациялық фильмдер шығарылды. Сонымен бірге өңірдің киелі әрі туристік орындарынан сыр шертетін құнды кітаптар жарық көрген. Облыстағы айрықша маңызы бар тарихи-мәдени сәулеттік және археология ескерткіштерінің фотоальбомы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде және «Оңтүстіктің қасиетті орындары: Аңыз-әпсаналар» жинағы жарық көрді.

Сонымен қатар Түркістан облысы ақын жазушыларының таңдамалы 10 кітабы шығарылды. Бұл жинақта республикаға және облысқа белгілі 22 қаламгердің дүниелері ұсынылды. Биыл 2 томдық «Түркістан облысындағы киелі жерлердің географиясы» жинағы мен «Тамыры терең Түркістан» ғылыми-танымдық альбомы таныстырылды.

«Туған жер» бағдарламасы мен «Алтын ұям» жобалары бойынша да облыста көптеген қайырымдылық іс-шаралары атқарылған. Осы және өзге де жетістіктерді саралаған вице-министр Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы шеңберінде жұмыс қарқынын төмендетпеуді тапсырды.

Бұдан кейін Данияр Есин Түркістан облысы, Кентау қаласының ақсақалдары және жастарымен кездесіп, пікір алмасты. Аға буын өкілдерінің елді дамыту жөніндегі ұсыныстары мен жалынды жастардың ой-пікірлерін тыңдап, жастарға мемлекет тарапынан қолдау жалғаса беретінін айтты.

«Қазіргі таңда елімізге кәсіби мамандар қажет. Сондықтан оқу орындары кәсіпорындармен келісе отырып, сұранысқа ие мамандықтарды анықтап, жастарды оқытқаны жөн. Бүгін ақсақалдар мен жастардың бір арнада ой тоғыстырғаны дұрыс болды. Әрдайым ұрпақтар сабақтастығы болғаны дұрыс», – деген Данияр Есин Түркістан облысын дамытуда, жалпы елді өркендетуде әрбір азаматтың қосар үлесі бар екенін жастарға ұғындыра алды.

Түркістан облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Back to top button