Мақала

Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

Бүгін Қостанайда Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің «Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында және «Рухани жаңғыру» бағдарламасында белгіленген міндеттерді шешудегі аналар кеңестерінің рөлі» тақырыбында кеңейтілген отырысы өтті.

Бүгін Қостанайда Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің «Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында және «Рухани жаңғыру» бағдарламасында белгіленген міндеттерді шешудегі аналар кеңестерінің рөлі» тақырыбында кеңейтілген отырысы өтті.

 

Отырыстың жұмысына ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Қ.Түймебаев, облыс әкімі А.Б.Мұхамбетов, Жалпыұлттық жоспардың іске асырылуына жауапты орталық мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сондай-ақ республика бойынша өңірлік Аналар кеңестерінің, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері қатысты.

 

Естеріңізге сала кетейік, Аналар кеңесінің Қостанай өңіріндегі жұмыс кестесі екі күнге жоспарланған болатын. 29 қазанда кеңес қатысушылары Қайырымдылық акциясына қатысып, жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесті. Сондай-ақ, Қостанай облыстық аналар кеңесі қызметінің жұмыс тәжірибесіне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Қазақтану» жобасы аясында І.Омаров атындағы драма театрында «Төркіндеу» атты шығармашылық кеш өтті.

 

Бүгін Аналар кеңесінің жұмысы республикалық жалпы отырыспен басталды. Оның барысында Мемлекет басшысының Жолдауында отбасылық құндылықтарды сақтауға, ұлттық салт-дәстүрлерді дамытуға, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қолдауға, тұрмыстық-зорлық зомбылықты, масылдықты жоюға байланысты берілген тапсырмаларды орындаудағы аналар кеңестерінің рөлі талқыланды.

 

Кеңес отырысына қатысқан ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев осы жылы алтыншы мәрте өткізіліп отырған дәстүрлі Аналар кеңесінің қоғамдық институт жұмысындағы маңыздылығына мән артты. Республикалық форумның өткізілетін орны ретінде Қостанай қаласының таңдалып алынуының да өзіндік себебі бар. Қостанай облысы – бейбітшілік пен келісімді сақтаудың үлгісін көрсетіп келеді. Соңғы жылдар ішінде облыста бірде-бір келеңсіз жағдай болған емес. Мұнда 17 этномәдени бірлестік пен 62 этностық бірлестік жұмыс жасайды. Өңірде «Тіл дарын» тіл оқыту орталығы, 8 жексенбілік мектеп бар. О.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетте, М.Дулатов атындағы Қостанай инженер-экономикалық университетінде Ассамблея кафедрасы, медиация және халықтық дипломатия мектептері ашылып, жұмыс жасауда.

 

Жансейіт Қансейітұлы өңірдегі Кейкі батыр мавзолейінің, тұңғыш тархан Шақшақ Жәнібек ескерткішінің, Ы.Алтынсарин мавзолейінің, А.Байтұрсынұлы музейінің қостанайлықтардың ғана емес, күллі қазақстандықтардың мақтанышы екенін айтты. Өңірде жыл сайын қайырымдылық шаралары дәстүрлі өткізіліп тұрады. Тіпті облыс орталығынан шалғайда орналасқан аудандардың өзінде 19 қоғамдық медиатор жұмыс жасауда. Облыстық Аналар кеңесі үш жылдан бері отбасы қатынастарын үйлестіру жөніндегі «Отбасын қолдаудың ресурстық орталығы» жобасын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

 

«Қостанай ассамблеясының қалалар мен аудандарға шығып, қоғамдық қабылдау өткізу, тегін кеңес беру-психологиялық көмек көрсету және отбасын сақтау мен нығайту жөніндегі ашық лекциялар оқу тәжірибелерін еліміздің өзге аймақтары да өз жұмыс тәртіптеріне енгізуде», – деген Жансейіт Қансейітұлы өңір басшысына облыстық ассамблеяның жұмысына тұрақты қолдау көрсетіп отырғандығы үшін алғыс білдірді.

 

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндай келе, ҚХА-ның қоғамдық институт ретінде үлкен беделге ие екенін айтты.

 

Форумда Ж.Қансейітұлы ҚХА жанынан құрылған түрлі деңгейдегі Аналар кеңестері жұмысы отбасы институтын сақтау мен нығайтуға, ұрпаққа тәрбие беруге, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталуы керек деді.

 

«Аналар кеңестері рухани жаңғыру, жас ұрпақ бойында Отанға деген патриоттық сезімді қалыптастыру, отбасылық құндылықтарды дәріптеу істерін тек мемлекеттің еншісі деп қарамайды. Ұлт абыройын көтеретін іс-шараларға Аналар кеңестерінің белсенді араласуы – заман талабы екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр», – деді Жансейіт Түймебаев.

 

Жалпы бүгінде облыстық, аудандық, ауылдық деңгейлерде барлығы 1793 Аналар кеңесі жұмыс жасауда. Мұнда 10400 адамға дейін қамтылған. Аналар кеңесі әлеуметтік мекемелермен, оқу орындарымен, балалар мекемелерімен, бастамашылдық орталықтармен бірлесіп жұмыс жасауда. Соның нәтижесінде, жыл сайын түрлі әлеуметтік жобалар дүинеге келуде. Әйел-аналар ел ішінде болып жатқан түрлі әлеуметтік мәселелерге бей-жай қарамай, оның күрмеуін шешуге белсенді атсалысып келеді.

 

Аналар кеңесі қазақ қоғамында отбасы құндылықтарын дамыту мақсатында құрылған болатын. «Әрбір этностың өзіндік ерекшелігі бар. Біз солардың ішінде ең үздіктерін алып, дамытып, дәріптеуміз керек», – деді Аналар кеңесінің жұмысына баға берген Жансейіт Қансейітұлы.

 

Ж.Түймебаев Павлодар өңірінде Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен өткізілген «Бесік жыры» фестивалінің тәрбиелік маңызы жоғары екенін айтты. Мұнда әрбір этномәдени бірлестіктің өкілдері өз тілдерінде бесік жырларын таныстырған болатын.

 

«Бұл өте жақсы бастама. Ананың киелі әлдиіне арналған фестивальдың ауқымын кеңейту керек», – деді Жансейіт Түймебаев.

 

Сондай-ақ, Ж.Түймебаев аналардың бала тәрбиесі мен білім алуында ер адамның жауапкершілігін арттыру, балалардың барлық ойын алаңдарында бейне бақылау орнату туралы ұсыныстарына да қолдау білдірді. «Біз қыздың ғана емес, ұлдың да тәрбиесіне көңіл бөлуіміз керек. Себебі, олар болашақ отағасы. Ал отбасының жауапкершілігін барлығы да бірдей деңгейде түсінуі керек. Әйелге қол көтеретін еркектер де отбасында тәрбиеленеді. Сондықтан аналар кеңесі әкелердің жағымды үлгісін дәріптей отырып, отбасында ұлдың тәрбиеленуіне көңіл бөлуі керек», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

 

Статистика мәліметтеріне сүйенсек, еліміздегі әйелдердің 70 пайызы өмірінде ең болмаса бір рет болса да, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған екен. Ал дағдарыс орталықтарының өкілдері мұндай таяққа жығылған әйелдердің 10 пайызы ғана полицияға арыз жазып, мұң шағатынын айтады.

 

«Біздің көмекке мұқтаж азаматтарымыз үнемі мемлекеттің қарауы мен қорғауында екенін білуі керек», – деген Жансейіт Қансейітұлы еңбектенуге ұмтылған адам үшін мемлекет оқу оқып, мамандық алуы, өз кәсібін ашуы, жұмысқа тұруы үшін жағдай жасайтынын айтты.

 

Отбасы институты бүгінде әлеуметтік қорғау нысаны ретінде ғана қарастырылмай, адами капиталды қалыптастырудың, жаңғыртудың нәтижелі құралына айналуы керек. Әлеуметтік-экономикалық мәселелерге, сыртқы нарықтағы тұрақсыздықтарға қарамастан, Қазақстан гендерлік саясат, отбасы институтын қолдау бойынша даусыз табыстарға қол жеткізді.

 

Жансейіт Түймебаев қоғам назарын әйелдің отбасындағы орнына және оның әлеуметтік белсенділігіне қайшы келетін кейбір өрескел ғұрыптарға аударды. Оның айтуынша, қызды алып қашу немесе зорлап тұрмысқа беру, бұл ата дәстүрін жаңғырту емес, қылмыс ретінде бағалануы керек.

 

Сондай-ақ, әйелдер мен еркектердің денінің саулығы маңызды. Бүгінде әрбір бесінші жүктілік жасанды түсік жасатумен аяқталып жатады. Сондықтан, Хатшылық меңгерушісі ерте тұрмысқа шығу, отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға назар аударып, кешенді шара қабылдау керек деді. Кеңеске қатысушылар балаға қатысты зорлық-зомбылықты да талқыға салды. Сондай-ақ, көпбалалы аналардың экономикалық әлеуетін арттыру мәселесі де сөз болды.

 

«ҚХА Аналар кеңесі бұл мәселелердің шешімін табуда тасада қалмауы керек», – деген Жансейіт Қансейітұлы оның түйінін тарқатуда ұлттық үлгіні қолдануды ұсынды. «Ол үшін мемлекетпен отбасылардың өз бетінше даму мүмкіндіктерін кеңейту шарттары ұсынылуда. Ең бастысы – жастарды еңбек етуге ұмтылдыру», – дейді Ж.Түймебаев.

 

Бұл мақсатта Аналар кеңесінің атқаратын рөлінің жоғары екенін айтқан Ж.Түймебаев, баланың еңбекке қатынасы, көзқарасы отбасында алған тәрбиеге байланысты қалыптасатынын айтты. Және Аналар жауапкершілігі мектебін құруды ұсынды. Мұнда жас аналар мен әйелдерге тәжірибелі құрбылары тарапынан кеңес пен тәжірибелік көмек берілетін болады. Және ол бизнес саласын ғана емес, жас отбасылардың нарықтық бейімделуін де қамтуы қажет. Аналар бүгінгі қоғамда өзекті мәселеге айналған масылдық мәселесін де айналып өтпеді.

 

«Аналар кеңесі Ассамблеяның аяғынан тұрған табысты институты деп мақтанышпен айта аламын», – дейді Жансейіт Қансейітұлы.

 

Сондай-ақ, форум аясында әйел кәсіпкерлігін қолдау бойынша «Атамекен» ҰКП-нің жоспарлары, мемлекеттік жобалар мен бастамалар талқыланып, аналар кеңесінің қоғамдық ұйымдармен, әсіресе ақпарат құралдарымен жұмысы сарапқа салынды.

 

Іс-шара шеңберінде белсенді аналар марапатталып, өңірлердің Аналар кеңесінің қызметін көрсететін және «Shuǵylakіtap» баспасының балаларды дамытуға арналған өнімдерімен таныстыратын көрмелер өткізілді.

Қостанай облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button