Жаңалық

Сармат дәуірінің құнды жәдігері

Алтын адам – Қазақстанның құнды жәдігері, елдігіміздің символы. Біздің елімізде Алтын адам табылғанға дейін әлемде тек перғауындардың зираты тұтас күйінде аршылғаны болмаса, дүниежүзілік деңгейде патшалардың қабірі толықтай табылған жағдайлар кездеспеген.

Ақтөбе өңірінен табылған «Алтын киімді көне ескерткіш» – бүтін қазақ елінің тарихында ерекше орын алатын тарихи құндылық. Елді елең еткізген жаңалық, Темір ауданының Тасқопа елді-мекенінің маңынан б.з.д. V ғасырда алтын киіммен жерленген сармат көсемінің қорғаны табылды.

«Кешегі Есік қаласынан, Шығыс пен Атыраудан табылған көне ескерткіштердің жалғасы бүгін Ақтөбе жерінен де көрініс берді. Бұл дегеніміз сол заманда қазақ жерін мекендеген бабаларымыздың өркениеттің жоғары сатысында өмір сүргендігін көрсетеді. Бұл қойнауы құтты, тарихы тереңде жатқан Ақтөбе өңірінен табылған құндылықтардың бастамасы ғана деп білемін. Мұндай тарихи жәдігерлер әлі де көптеп табылып, Дүние жүзінің алдында Қазақ елінің мәртебесін көтереді деп сенемін”, – деді облыс әкімі О.Оразалин мақтаныш сезіммен.

Аумақтағы қазба жұмыстарын Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының қызметкерлері жүргізген. Қазба жұмыстары кезінде табылған қабірдегі адамның киімі алтынмен жалатылған. Қабірде жылқы да көмілген, оның ер-тұрман әбзелдері де бағалы металмен қапталған. Экспедиция жетекшісі Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының Бас сарапшысы Арман Бисембаев: «Ерте көшпелілердің таңдаулы ескерткіштерін зерттеу, облыстың Мұғалжар және Темір аудандарында жүргізіліп жатыр. Бұйымдар Алматы облысы Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» дәуіріне жатады. Табылған заттар арнайы мамандарға зерттеуге жіберілді. Ғалымдар жұмысын жалғастыруда, әлі де жаңалықтардың болатынына сенеміз» деп түйіндеді.

Қалай десек те, Алтын адам – Қазақстанның құнды жәдігері, елдігіміздің символы. Біздің елімізде Алтын адам табылғанға дейін әлемде тек перғауындардың зираты тұтас күйінде аршылғаны болмаса, дүниежүзілік деңгейде патшалардың қабірі толықтай табылған жағдайлар кездеспеген. Ендеше, осы тарихи, мәдени құндылығымыз болып табылатын алтынмен апталған адамның құпиясын ашу болашақтың еншісінде.

Біздің алдымызда тұрған басты мін­дет­­­тердің бірі – барша қоғам болып Ұлы дала халқының ұлттық құнды­лық­та­рын сақтау және болашақ ұрпақ­қа аманат ету болып табылады.

Ақтөбе облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Back to top button