Жаңалық

«7 жаңа туристік маршрут»

Студенттердің Start Up жобасының негізгі мақсаты – «Алматы облысындағы киелі нысандарды халық арасында насихаттау және аймақтық туризмнің дамуына өз үлестерін қосу.

2019 жылдың сәуір айында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «7 жаңа туристік маршрут» Start Up таныстырылым конкурсы өтті. Аталған сайыста жүзден жүйрік шыққан «Жетісу» тобы Жеті қазына құсбегілер мұражайы, «Бартоғай» көлі, «Ойрантөбе» тарихи орны, Шарын шатқалындағы «Қамалдар аңғары», «Темірлік Шыңғысхан бейнесі», «Қызылсай», «Жабыр» сияқты табиғи, тарихи киелі нысандарды қамти отырып, құрастырған туристік маршруты көпшілік тарапынан қолдау тапқан еді. Студенттердің Start Up жобасының негізгі мақсаты – Алматы облысындағы киелі нысандарды халық арасында насихаттау және аймақтық туризмнің дамуына өз үлестерін қосу.

Шығармашыл студенттеріміз: Жеңісбекқызы Айдана мен Бейсенғалиева Дана өздері құрған туристік маршруттарын әлеуметтік желілер арқылы жарнамалай отырып, тур ұйымдастырды және 26 қазан күні аталған киелі нысандармен жақынырақ танысуға ниет білдірген оқытушылар мен студенттерді рухани танымдық саяхатқа алып шықты.

Тур бағдарламасы бойынша Алматыдан шыққан саяхатшыларымыз өз саяхаттарын Жеті қазына құсбегілер мұражайынан бастады.

Қазақтың саятшылық өнерін дәріптейтін мұражайдың жанында ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан құсбегілер мектебі қалыптасқан. Нұра ауылында орналасқан бұл мұражай 1999 жылы құрылған. Бұл рухани нысаннан қазақтың төл өнері саятшылыққа қажетті барлық дүниені табасыз. Қыран бүркіт пен тазы иттің түрлері, саятшылыққа қажетті құрал саймандар мен қарулар, ауланған аңдардың макеттері және тағы басқалар. Сондай-ақ Ойрантөбеден табылған қарулар мен әскери жорықтарда қолданылған саймандарды, тарихтан сыр шертетін түрлі балбалдарды да көруге болады.

Мұражайдан кейін, суы тұнық тау аңғарлық Шелек өзенінің бойына салынған Бартоғай су қоймасына жол тарттық. Бұл жерде табиғаттың сұлулығына тапсанып, бір сәт дамылдап алуға мүмкіндік болды.

Саяхатшылардың келесі тоқтаған нысаны «Құлжа» тас жолынның бойымен ұзыннан-ұзақ созылған Көкпекті жазығында орналасқан «Ойрантөбе» деп аталатын Райымбек Түкеұлы қолбасшылығымен жоңғарлармен шайқас болған орын болды. Райымбек батырдың 300 жылдығына орай, 2005-ші жылдың тамыз айында шайқас болған орынға арнайы тас орантылған екен. Бұл төбенің де қазақ руханиатында өз орны бар екені даусыз.

Одан кейін, Қазақстанның ең көрікті жерлерінің бірі, қайталанбас көркем табиғатымен ерекшеленетін Қазақстанның інжу маржаны – Шарын шатқалы мен ондағы табиғат салған мүсіндерді тамашалауға бет алдық. Алқаптар ғимараты деп аталатын Шарын шатқалы Алматы қаласынан 195 шақырым, Талғар ауданынан 180 шақырым қашықтықта орналасқан. Шатқалды аралай жүріп, сіз, осыдан 12 млн жыл бұрын тау жыныстарының сыртқы табиғи факторлардың қашалып, мүжілуінен пайда болған алуан түрлі таңғажайып көріністерді көре аласыз.

Ғажайып жартастар тарихи қалалардың мұнаралары мен қиял ғажайып бейнелерді, тарихи тұлғаларды көрсетіп тұрғандай! Жартастар ішінен Шыңғыс ханның заңғар тұлғасын бейнелейтін «Темірлік Шыңғысхан бейнесін» кездестіресіз.

Бір қызығы, түстен кейінгі сағат 4-5-тер шамасында жартас қызыл түске боялып, жарты әлемді жаулаған әміршінің табиғат салған мүсіні айқын көріне түседі екен. Ерекше шайылған формалар, желденген релефтер, сізді «Қызылсай», «Жабыр» сияқты ертегідей ескерткіштер әлеміне алып келеді.

Студенттеріміздің осындай рухани мұраларымызды дәріптейтін және әсем табиғатымызды паш ететін жаңа туристік маршруттарды құрастыру арқылы туризмнің, жалпы алғанда, еліміздің дамуына үлес қосу жолындағы осындай талпыныстары көңілге қуаныш ұялатады. Қазақ қыздарының қара шаңырағына айналған университетіміздегі География және туризм кафедрасы осындай рухани құндылықтарымыз бен көркем табиғатымызды ұштастыратын жаңа туристік маршруттардың жасау және рухани танымдық саяхаттар мен экскурсиялар ұйымдастыру бойынша игі істерді жалғастыра бермек.

Алматы қаласы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button