Жаңалық

Д. Есин Ақтөбеде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барысымен танысты

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтік жұмыс тобы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауының негізгі басым бағыттарын түсіндіру мақсатында Ақтөбе өңіріне келді.

Ағымдағы жылдың 2-3 қараша күндері Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтік жұмыс тобы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауының негізгі басым бағыттарын түсіндіру мақсатында Ақтөбе өңіріне келді.

Жұмыс тобының құрамында болған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Есин Данияр Нұрашұлы өңірдегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталығында болып, 2017-2019 жж. атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымдылығы мен жүйелілігіне баса назар аударды.

2017-2019 жылдар аралығында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жалпы сомасы 11,2 млрд теңгеге 1982 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде, 2019 жылы «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жалпы құны 1,1 млрд. теңге тұратын 580 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды.

Арнайы жобалардың қатарында Қобда ауданындағы Абат-Байтақ қорымындағы «Қыз әулие» күмбезіне консервация жасау, Ойыл ауданындағы «Керуен сарай» тарихи-архитектуралық кешеніне (сауда қатарлары) реставрация жұмыстарын жүргізу, Ырғыз ауданындағы Жаманшың метеориттік кратеріне ғылыми-зерттеу экспедициясы, «Түйетөбе» – қуғын-сүргін, ашаршылық кезінде опат болғандар ұрпақтарының халықаралық форумы, «Хан моласы» кешені бар.

Сонымен қатар «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасына енген республикалық (10) және жергілікті маңызы бар (22) ескерткіштің 3D моделін әзірлеу, облыс аумағындағы киелі жерлер тізіміне енгізілген 16 ескерткішке QR-код орнату және үш тілдегі веб-сайтты әзірлеу үшін облыс бюджетінен 8 млн. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Жерлес-меценаттардың қолдауымен Ақтөбе қаласында Жалаңтөс Баһадүрге, Едіге батырға, Бөкенбай батырға, Есет батырға арналған еңселі ескерткіштер бой көтерді.

«100 жаңа оқулық» арнайы жобасы аясында жарыққа шығарылған 20 оқулықтың 6602 данасы алынды. «Жұбанов кітапханасы» 100 кітап жобасымен ПОҚ ғылыми-зерттеу еңбектерінің 21 кітабы баспадан шығарылды.

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Архив-2025» жобасы аясында а.ж. қаңтар-мамыр айларында – 710 сақтау бірлігі (131738 парақ) –цифрлық нұсқаға көшірілді. Жылдық жоспарда – 800 сақтау бірлігін цифрлық нұсқаға көшіру көзделіп отыр.

Бұл атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Тұтастай алғанда Ақтөбе облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын орындау мақсатында жұмыстар жүйелі жүргізілуде.

Ақтөбе облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button