Жаңалық

«Тілдарын»

«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл»

Үш тұғырлы тіл саясатын жүйелі жүргізу үшін жастардың ықыласын тіл үйренуге аудару керек. Кеше Шымкент қаласындағы Көрме орталығында өткен «Тілдарын» республикалық олимпиадасының негізгі діттегені де осы. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының қызметкерлері бірлесіп, ұйымдастырған шара дәсүрлі түрде жыл сайын өтіп келеді. Аталмыш олимпиада өңірлерде 18 бен 22 жас аралығындағы 14 мықтыны анықтап, әр аймақ ақтық сынға үш тілдің жілігін шағып, майын ішкен өкілін жіберген болатын.

Қанағат Оразова, Тіл саясаты комитетінің Тіл саясаты басқармасының бас сарапшысы: «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Тілдарын» республикалық байқауы жылда ұйымдастырылып келеді. Биыл олимпиада Шымкент қаласында өтті. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» демекші, осы жарыс жастардың жұлдызын жандырмақ. Мен қазір сайыскерлердің ораторлық шеберлігі, әртістік қабілеттері бар, тілдері жатық екенін байқап, қуанып отырмын».

«Тілдарын» республикалық олимпиадасы жастардың білім-білігіне басымдық берді. Олимпиада үш тілді, яғни, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастарды қолдау, ынталандыру, сол арқылы өзге жастардың талаптануына мүмкіндік жасау, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтіп, қажеттілігін арттыруды көздеген. «Көп тіл білу – жас ұрпақтың әлемдік деңгейде ой түю, білім кеңістігіне жол ашып, жаһандық ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін жетілдіріп, оны танытуына мүмкіндік беретін қажеттілік», – деген үйымдастырушылар алдымен қатысушылардың «Тілдарын» республикалық олимпиадасы аясында ұйымдастырылған Абай шығармаларын насихаттауға бағытталған әлеуметтік желілерде челлендж конкурсындағы нәтижелерін байқап шықты. Кейін студент-жастар үш кезең бойынша тапсырма орындады. Алғашқы айналымда берілген тақырыптардың үш тілде мазмұнын ашып, келесі кезеңде ілеспе аударма жасады. Яғни, филология ғылымдарының профессорлары, тіл мамандарына үш тілді білу деңгейін көрсетсе, соңғы сайыста қазақ тілінде берілген тақырыпқа эссе жазды.
«Қазақстан ана тілін құрметтеген, бәсекеге қабілетті, ағылшын тілін меңгерген, ғылымның қай саласында болсын ақпаратты еркін ала алатын жастарымен мақтанатын болады», – дейді ОҚМУ 1- курс студенті Аиша Хабибуқызы. Филология факультетінің екі шет тілі мамандығын меңгеремін деп отырған Аиша жеңістен үмітті.

Аиша Хабибуқызы: «Маған жастайымнан ата-анам ана тіліңді біл, сонан кейін ғана өзге тілді меңгере аласың деп үйреткен. Сол сөздерді бойыма сіңіріп, мектеп жасынан қазақ тіліне деген құрметім асып, өзге тілді үйренуге қызықтым. Қазіргі таңда жастар төл тілін ұмытып, тілдерін шұбарлатып, «жаргон» сөздер қосып сөйлейді. Мен осы сайыс арқылы өзіміздің ана тіліміздің қандай көркем екенін жастарға барынша көрсеткім келеді. Мен сияқты тілін сүйетін жастар көп болса деймін. Ал сайыскерлерге келер болсақ, мұнда кіл мықтылар жиналған. Тіпті, 4-5 тілді еркін меңгерген қатысушылар да бар».

Нәтижесінде, республикалық олимпиаданың бас жүлдесін Алматы облысының дарыны Жадыра Байназар жеңіп алса, бірінші орынды Шығыс Қазақстандық Лаура Байтлеуова иемденді. Екінші орын Жамбыл облысының үздігі Зайде Сармамудованың қанжығасында кетсе, үшінші жүлделі орынды Батыс Қазақстаннан келген Аружан Хасанова мен Қызылорда облысының тумасы Әсел Әбдірайым бөлісті.

Жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар диплом, алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Осылайша, «Тілдарын» республикалық олимпиадасы елімізде үш тілді жетік меңгеріп алған полиглот жастардың көбейе бастағанын байқатты.

Шымкент қаласы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button