Жаңалық

Нағыз қазақ – Домбыра!

Домбыраның қоңыр үні халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған ұлттық құндылығы мен дүниетанымын дәл суреттеп жеткізе алады.

Екі ішектің бірін қатты,

бірін сәл-пәл кем бұра.

Нағыз қазақ – қазақ емес,

Нағыз қазақ – Домбыра!

Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана:

Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана.

Ақиқатты айтқандардың бәрі осылай сорласын

Деп бір хаһан шанағына құйған оның қорғасын.

Жалған сөйлеп көрген емес соның өзінде:

Аппақ жалын күйдің жанын жалап жатқан кезінде.

Қадыр Мырза Әли

Иә, қазақ дегенде кімнің болмасын көз жанарына себепсіз домбыра бейнесі елестей кетеді. Домбыра көрінісі, оның әсем сазы кең жайлауда еркін өмір сүрген қазақ халқының айнадан қарағандағы суретіндей десек, ешкім теріске шығармас?!.

Өткен замандарда қолданыста болған көптеген ұлттық аспаптарымыздың қазірде барлық түрі жиі қолданылады деу қиын. Бұрын әр қазақтың үйінен табылған аспаптардың денін бүгін тек театр сахналарынан, концерттік шоулардан ғана көретініміз жасырын дүние емес. Әйтсе де осы күнге дейін қазақпын деген әр азаматтың шаңырағында шерте алмаса да, әйтеуір халық арасында кең тараған екі ішекті, көп пернелі бір домбыра аспабы тұратынын көріп жүрміз. Бүгін сіздермен қара қазақтың өмірінде маңызды рөл атқаратын, өзіндік музыкалық сипаты бар аспап – домбыра жайында ой бөліскелі отырмыз. Домбыра қалай, қанша күнде жасалады? Оның бағалары қандай? Сірә, сізді бұл сұрақтар қызықтыратын болар?! Осыған орай біз сіздер үшін арнайы Қызылорда облысы Шиелі ауданының тумасы, домбыра жасаудың хас шебері – Нұржан Ділмановқа барып, кішкене сұқбат құрған болатынбыз. Соны өздеріңізге ұсынамыз.

Ruh.kz: Сәлеметсіз бе, сұқбаттасуға келіскеніңізге үлкен рақмет!

Сәлеметсіз бе. Сізге де рақмет!

Ruh.kz: Аға, домбыра жасауды ең алғаш қайдан үйрендіңіз?

– «Атадан балаға» дейді ғой. Сол секілді домбыра жасау өнері біздің бүкіл ата-бабамыздан, ағайын-туысымыздан жалғасып келе жатқан үйреншікші кәсіп. Яғни тұқымымызда бар. Алматыда біздің «Шертер» деген үлкен компаниямыз жұмыс істейді. Ол жақта 50-ге жуық адам тұрақты еңбек етуде. Жақында ғана «Шертер» музыкалық мектебі ашылды. Онда жас балаларға арналған домбыра үйірмесі бар. Мен соның Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалын жүргізіп отырмын. Ашылғанымызға биыл үшінші жыл. Ал Алматы қаласында Бақытжан Ділманов деген ағамыз басшылық етуде. 

Ruh.kz: Осы кәсіппен айналысқаныңызға қанша уақыт болды ?

– Бұрын мектепте оқып жүрген кезімде ауылда «Алуа фирмасы» деген фирма болды. Ең алғаш сонда Дүйсенбек Ділманов деген ағамыз үйреткен. Балалықпен қашып-пысып істеп жүрген жайымыз болды. Сосын әскерге кетіп, кейін қайта оралған соң домбыра жасау кәсібін тұрақты қолға алдым. 2004 жылы ары қарай өнерімді шыңдау үшін үлкен қала – Алматыға барып сол жерде өзімнің домбыра аспабын жасаудағы шеберлігімді әрмен қарай жетілдіріп, үйрендім. 

Ruh.kz: Өзіңіз домбырада ойнай аласыз ба?

Керемет күйші болмасам да, азын-аулақ шертетінім бар.

Ruh.kz: Домбыраны қандай ағаштың түрлерінен жасайсыздар? Ағаштың ең арзаны қандай?

Қазақтың бас аспабы – домбыраны жасау үшін өзіміздің елде өсетін, сондай-ақ шетелден әкелінетін ағаштарды сатып аламыз. Жергілікті қайың, қарағаштардан жасалатын домбыраның бағасы қолжетімді. Сапасы жоғары әрі қымбат ағаштар шетелден келеді.

Ruh.kz: Бағалары қаншаның көлемінде?

Домбыраның бағасы 30 мыңнан 400 мыңға дейін тұрады. Барлығы оның сапасына, жасалған материалына байланысты болып келеді.

Ruh.kz: Қанша уақыт көлемінде дайындап шығарасыздар?

Бір домбыра 4-5 күн ішінде дайын болады.

Ruh.kz: Бұл жерде қанша адам жұмыс істейді немесе шәкірттеріңіз бар ма?

Иә, бірге жасайтын шәкірт ағайыным бар.

Ruh.kz: Ұлттық аспап түріне тапсырыс берушілер көп пе?

Қазірде тапсырыс берушілер саны жақсы. Домбыра жақсы, сапалы болса, әрине келушілердің де саны артады ғой?! Қаншама айтыскер ақындар, күйшілер және әншілер келіп тапсырыс береді.

Ruh.kz: Домбырадан басқа қандай аспаптар жасайсыздар?

Қазір домбырадан басқа аспаптың 52 түрі бар. Соның ішінде анық 30-40 түрлерін жасаймыз десек артық айтпағанымыз. Адырна, жетіген, контрабас, бас домбыра, асатаяқ, прима-домбыра, прима-қобыз және т.б. секілді түрлері өте көп. 

Ruh.kz: Дүкеніңіздегі сөрелерден бірнеше алғыс хатты байқап қалдық. Солар жайында айта кетсеңіз. Қайдан, кімнің қолынан алдыңыз? Ең ерекшесі қайсы болды?

Жыл сайын республика көлемінде домбыра жарыстары болып тұрады. Атап айтсақ, «Үкілі домбыра», «Аңыз домбыра» атты республикалық байқау-бәйгелері. Сонымен қатар әртүрлі көрмелер өткізіледі. Сондай сайыстарға, арнаулы жерлерге барғанда еңбегімізді бағалап, берілген алғыс хаттар. Ең бірінші 2008 жылы «Үкілі домбыра» республикалық байқау-бәйгесіне қатыстым. Сонда Бекболат Тілеухановтың қолынан алғыс хат алғанмын. Одан кейін «Аңыз домбыра» республикалық байқау-бәйгесінен жүлделі 2-ші және 3-ші орындар алдым. Былтыр Атырауда өткен «Үкілі домбыра» байқауынан алғыс хат алдым. Арасында біз мектептерге барып балаларға шеберлік сағаттарын да өткізіп тұрамыз. Сөредегі алғыс хаттардың кейбірі сол кезде мектеп директорларының бергендері. 

Ruh.kz: Болашақта Елорданың орталығынан музыкалық аспаптар сататын үлкен дүкен ашу жоспары бар ма?

Құдай қаласа Нұр-Сұлтан қаласының орталығынан музыкалық аспаптарды сататын үлкен дүкен ашсақ деген ойымыз бар. Сол орайда жұмыс істеп жатырмыз. Сөйтіп цех ашып, үлкейтеміз деп жоспарлаудамыз .

Ruh.kz: Уақытыңызды бөліп, бізбен әңгімелескеніңізге тағы да рақмет! Кәсібіңіз өрлей берсін!

Қолынан бір домбыра ғана емес, сонымен қатар 50-ге жуық аспап түрлерін дайындау келетін, аспаптардан бөлек астау, тегене, саптаяқ, бесік және т.б. да ағаштан ойылып жасалынатын бірнеше дүниелерді жасай алатын, он саусағынан өнер тамған, бесаспап, шебер домбырашы Нұржан Ділмановпен болған сұқбатымыз осымен тәмам!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button