Жаңалық

Бір ел – бір тағдыр


«Бір халық – бір ел – бір тағдыр» қағидаты бойынша біріктіру факторларын іздестіру, тарихи сананы қалыптастыру арқылы ұлттың бірегей кодын сақтау туралы конференция қатысушылары талқылады. Анығында:

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Абаев Дәурен Әскербекұлы: «Іс-шараның осы тақырыпқа арналуы кездейсоқ емес. Өздеріңізге белгілі, сын сағаттарда қазақ жерін паналап келген көптеген ұлт өкілдері біздің халқымыздың қамқорлығы мен мейірбандығына бөленді. Өз кезегінде, олар да еліміздің әлеуметтік, мәдени, экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосты, әлі де қоса береді деп сенемін. Елбасы Н.Ә. Назарбаев көреген этносаралық саясат жүргізді, әлемде теңдесі жоқ орган – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Осылайша, біздер әр алуандығымызды артықшылығымызға айналдырдық. Бүгінгі Қазақстанның даму бағыты, президентіміздің саясаты да осы қолжеткізген жетістіктерімізді сақтауға, одан әрі дамытуға негізделген».

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы: «Ұлттық тұтастық, ұлттық өркендеу халықтар арасындағы келісімге негізделеді. Бұл мәселеде Қазақстанның беті ашық, жүзі жарқын! Қазақ елі өз тағдыры тауқыметке толы болған кездерде де өзгені өзегінен теппеген. Тәуелсіздік алғаннан кейін де Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанда этносаралық татулық пен бірлікті сақтауды, олардың тілі мен мәдениетін дамытуға, құқықтарын қорғауға бағытталған жұмыстар жүргізілді.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев елдегі этносаралық және конфессияаралық ынтымақтастық пен келісімді сақтауға көңіл бөліп отыр. Бұл ретте әрбір ел азаматының өзін ең әуелі қазақстандық екенін, содан соң ғана, өз ұлтының перзенті екенін сезінгенде ғана этносаралық қарым-қатынастық жоғары мәдениеті қалыптасатынын атап айтуымыз керек. Қазақстандық патриотизмді қалыптастырғанда ғана тұрақты даму мен этносаралық келісімге жетуге болады».

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма төрағасы Ойшыбаев Кемелбек Бақтығұлұлы: «Біздің еліміз тәуелсіз ұлттық мемлекеттіліктің өзіндік үлгісін құра алды, оның негізгі құрамдастары: патриотизм, этномәдени дәстүрлер мен қоғамдық келісім құндылықтары болып табылады. Сондықтан «Рухани жаңғыру» аясында жүзеге асырылатын осындай жобалар ұлттық бірлікті нығайтуда ерекше маңызға ие болады. Біздің тарихи-мәдени мұрамыз – елде тұратын барлық этностардың ортақ рухани және зияткерлік үлесінің нәтижесі екенін нақты мысалдар арқылы көрсеткіміз келеді».

Аталмыш шараға қатысушылар мен олар көтерген өзге де мәселелер:

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аяған Бүркітбай Ғелманұлы: «Болашақ ұрпақтың рухани қалыптасуындағы Тарихтың тәрбиелік мәні»,

ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қабылдинов Зиябек Ермұханұлы: «Қазақстанның интерактивті этникалық картасы»,

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Әбжанов Ханкелды Махмұтұлы: «Қазақстанның өзге этникалық интеллигенциясы: тарихы мен болашағы»,

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Сдыков Мұрат Наурызғалиұлы: «Қазақстан халқының этнодемографиялық дамуын зерттеудің өзекті мәселелері»,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ковальская Светлана Ивановна: «Қазақстанның этнодемографиялық картасының қалыптасуы»,

Сулейман Демирель университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD Сеңгірбай Мұхтар Жанұзақұлы: «Қазақстандағы орыстардың этностық бірегейлігінің ерекшеліктері»;

Іс-шара аясында «Қазақстан этностарының Қазақстан халқының жалпы тарихи-мәдени мұрасына қосқан үлесін зерделеу» зерттеу жұмысының нәтижелері ел дамуына елеулі үлес қосқан 50 көрнекті тұлғадан тұратын бірегей мәліметтер базасы түрінде ұсынылады. Олардың арасында композитор, қазақ музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақ КСР халық әртісі, профессор, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан Республикасының алғашқы әнұранының әнін жазушылардың бірі Брусиловский Евгений Григорьевич, аңызға айналған фольклорист, этнограф, композитор және Қазақ КСР халық әртісі, 2 мыңнан артық қазақ әнін жазып, қалдырған Затаевич Александр Викторович те бар. Айта кету керек, ХХ ғасырдың басы мен ортасының мәдениет және қоғам қайраткерлерімен қатар, еңбекте Герольд Бельгер, Нина Патрушева, Анатолий Храпатый, Денис Тен және т.б. сияқты қазіргі Қазақстанның дамуына үлес қосқан қазақстандықтардың еңбегі атап өтілді.

Шара барысында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ және ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты арасындағы меморандумдарға қол қою рәсімі де орындалды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button