Жаңалық

Дубайдың аспанында домбыра күмбірледі

Таяу Шығыстың мәдени інжу-маржаны Дубай қаласында өткен «Jumeirah Sounds» ІІІ халықаралық жастар байқауынан петропавлдық жеткіншектер бас жүлде және бірінші орынмен оралды.

Қазақтың қасиетті домбырасы Біріккен Араб Әмірлігі мемлекетінің төрінде күмбірлеп, қос ішектен шыққан әуен талайды құлақтан кіріп, бойды алар ләззатқа бөледі. Таяу Шығыстың мәдени інжу-маржаны Дубай қаласында өткен «Jumeirah Sounds» ІІІ халықаралық жастар байқауынан петропавлдық жеткіншектер бас жүлде және бірінші орынмен оралды. Жеңімпаздар – Петропавл қаласындағы «Күдер» домбырашылар ансамблінің өнерпаздары.

Қазақ күйінің құдіретін араб әлеміне танытқан жас күйшілердің арасында Расул Өмірзақов Гран-при жүлдесін жеңіп алса, Кәмила Мақпоз жеке орындауда бірінші орынды иеленді. «Күдер» домбырашылар ансамблі көрермендерге М.Әубәкіровтің «Талас», Т.Момбековтің «Салтанат», Есір Айшуақұлының «Ирең» күйлер ұсынған болатын.

«Күдер» ансамблін Тойкен Күдерова 1995 жылы құрған болатын. Содан бері ұлағатты ұстаз талай жеткіншектің саусақтарын домбыраның қос ішегінде жүгіртіп, өнердің биік шыңына көтере білді. Тойкен Күдерованың қазақтың қасиетті өнеріне жастарды тарту әрекеті ұлттық мәдениетімізді дамыту ісіне қосып отырған теңдессіз үлесі. Қазақстандық өнерсүйер қауымның назарын өзіне аудара білген оның шәкірттері бүгінде шетелдік тыңдармандардың да жүрек түкпіріне қазақтың үнін жеткізе бастады. Ансамбль мүшелері жақында ғана еліміздің жас домбырашылары бас қосқан үлкен додада жеңіс тұғырынан көрінген болатын. Қазан айында өткен «Жаңа формат» атты халықаралық домбырашылар фестиваліне қатысып, түрлі аталымдар бойынша екі Гран-при және үш 2-ші орынмен қанжығаларын майлап қайтқан.

«Алда тағы бір халықаралық байқау күтіп тұр. Ол Францияда өтеді. Жеңіске жету мақсатымыз!», – дейді «Күдер» ансамблінің жетекшісі, ҚР мәдениет қайраткері Тойкен Күдерова. Қасиетті домбыра еуропалықтардың да талғамынан шығып, көрермендердің көзайымына айналып, ансамбльдің топ жаратындығында сөз жоқ. Дарынды да өнерлі жеткіншектер жеңісті қолдан бермесі анық. Тек сәттілік тілейміз!

Солтүстік Қазақстан облысы,

«Рухани Жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button