Жаңалық

Жеті қазына – жеті ырыс

«Жеті қазына» атауы қайдан шыққан? Олай қалыптасуына не түркі болды? Осының барлығына жауапты төмендегі мақаламыздан оқып, біле аласыздар.

Қазақта философиялық ойлар ежелден қалыптасқан. Солардың ішінде жеті қазына туралы пайым да халқымыздың дәстүрлі дүниетанымындағы философиялық түсінік.

Сонымен жеті қазына нені білдіреді? Жеті қазына – жеті байлық, жеті ырыс. Ол ертеректе ата-бабамыздың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне байланысты қалыптасқан дүние. Бүгінгі шуағы шашырап тұрған күн мен тыныштықта жарқыраған ай оңайлықпен тумаған. Халқымыздың басынан небір астаң-кестеңге толы қилы замандар өтті. Қаншама батырларымыз сұрапыл соғысқа куә болып, бізге қан майданның ізін де қалдырмай, бейбіт өмірді сыйлап кетті. Сондай ауыртпашылық кезеңдерінде қазақ «жеті қазына» атауын өмір қажеттілігіне негіз етіп таратқан. Яғни оларды аса бағалы қазына деп дәріптеп, қастерлеген. Жеті қазынаға: жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, берен мылтық, қанды ауыз қақпан, майланғыш ау, өткір кездік кіреді. Қарап отырсаңыз, барлығы да өткен дәуірде халықтың күнделікті өмірінен қолданыс тапқан бұйымдар.

Жеті қазынаның бір емес, бірнеше нұсқасы бар. Өзге халықтарда бұл ұғым қалыптасқан ба? Қазақ халқы үшін жеті қазынаның маңызы қандай, бұл һақында ислам не айтады?

«Жеті қазына» тізіміне бірі жоғарыдағыларды, яғни жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, берен мылтық, қанды ауыз қақпан, майланғыш ау, өткір кездік кіреді дейді. Ондағы жүйрік ат – ер жігіттің қанаты, қыран бүркіт деп отырғаны – қуаты, құмай тазысы – абыройын асырар сенімді серігі, мылтығы – қаһарлы оты, қақпаны – серті, ауы – әдіс-айласы, кездігі – сұсы. Аталған нұсқаны халық ер азаматтың қазынасы деп атаған.

Бірінші нұсқаға ұқсас келетін бір тізбек бар. Ішінде айырмашылық тек біреуінде ғана. Бұны Бауыржан Момышұлы өзі жүйелеп, түсіндіреді. Батыр атамыз былай дейді:

«Мұны «ер жігіттің жеті қазынасы» деп анықтап айту керек. Бұл ер-азаматтың жеке басына, тұрмыс-тіршілігіне қажетті бағалы дүниелеріне байланысты айтылған.

1. Жүйрік ат − жігіттің қанаты. «Ат − ер қанаты» дегендей, атсыз жігіттің күні қараң болған;

2. Қыран бүркіт − жігіттің алғырлығы, бүріп түсер күш-қуаты;

3. Құмай тазы − сенімі, досқа адал беріктігі;

4. Берен мылтық − оты, қаһары;

5. Қақпан − серті, бірсөзді мәрттігі;

6. Алмас кездігі − сұсы, айбыны;

7. Сұлу әйел − елдің бәріне сұлу қайдан табыла берсін, бірақ сұлу болсын-болмасын, ол − ер-азаматтың артындағы қамалы, отының берекесі. Сұлу әйел дегенде тек бет көркі емес, оның жан тазалығы, ақыл-парасатын айтқаны болуы керек. Беті жылтыраған ұрғашының бәрі қазынаға жатпаса керек. Сөздің қысқасы, ер жігіттің басындағы осы жетеуі түгел болса, таршылық көрмейді депті бұрынғылар».

Ер жігіттің жеті қазынасын оның жеті серігі десек те болады. Өткен заманда олардың ешбірін де ерлеріміз жадынан тастамаған. Әрқайсысының өзінің қолданылатын белгілі бір уақыты болған. Халық арасында ер жігіттің жеті қазынасына қатысты көптеген алып-қоспа пікірлер айтылады. Солардың бірінде:

«Жүрдек аты – жігіт қаны, қанаты

Қыран бүркіт – қарым күші, қуаты.

Құмай тазы – бастан берік сенімі,

Ақ мылтығы – сөнбес оты, серігі

Алмас кездік – жігіт сұсы, һәм мысы

Ау жылымы – амал, айла, әдісі

Қара қақпан серті, себі тірліктің.

Осы жеті қазынасы жігіттің» делінеді.

Жылқы малы төрт түліктің ішінде қашанда өзгеше орынға ие екені белгілі. «Қонақ келсе, құт келеді» деген халқымыз шаңырағына келген қонаққа міндетті түрде соғымның сүрленген етінен бешмармақ әзірлеп, қазы-қарта, жал-жаясын жегізеді. Себебі онда үлкен мән-мағына бүркеулі. Жылқыны аса сыйлы қонаққа сояды. Ол біздің қанымызға ежелден сіңген қасиет. Ықылым заманнан бері халқымыз қонағын Құдайындай сыйлап, өздері дәм татпаған асын келушіге беріп, олардың разылығын алады. Кереметтей сүрленген етінен бөлек жылқы көне дәуірден адамзаттың көлігі болды. Ата-бабаларымыз талай көшпелі кезеңдерде астарындағы мінген аттың арқасында мыңдаған шақырымдарды бағындырып, онымен айлап шапты. Сондай-ақ қазақтар тұлпар мініп, ұлттық ойындардың бірі – «Көкпар» тартатын болған. Көптеген қан-майданға қарсы шығу үшін де осы жануардың айтарлықтай үлесі тиді.

Халқымыз қыран бүркіт пен құмай тазыны аң аулауға пайдаланып, сол арқылы күнделікті ішіп-жемін табатын болған. Бүркіт ежелден киелі саналған құстардың санатында. Өкініштісі қайсарлықтың белгісі болып келетін бұл құс қазір елімізде сиреп барады. Мылтық, кездікті көбіне аңшылықпен айналысатын азаматтар мен жауынгерлер ұстаса, ауды балық аулау үшін қолданған. Ал қақпан қарсақ, түлкі, суыр, қасқыр, аю, сілеусін, қабылан және т.б. да ұсақ аңдарды аулайтын құрал. Барлығы да ер жігіттің әйтеуір бір кәдесіне жарайтын дүниелер екендігін өздеріңіз байқап отырған шығарсыздар?! Сондықтан да қазақ халқының «жігіттің жеті қазынасы» деп бөліп айтуына «Ер жігіт еліне олжа салады» деген дала даналығынан пайда болған сөз түрткі болса керек-ті. Өйткені ертеден-ақ ер азаматтар отбасының тіреушісі, асыраушысы болды.

Енді бір нұсқада жеті қазынаға ер жігітті, сұлу әйелді, ілім-білімді, жүйрік атты, құмай тазыны, қыран бүркітті және берен мылтықты жатқызады. Негізінен ел арасында жеті қазына турасында осы нұсқа көп айтылады. Бұл нұсқаны дүйім жұрттың ортақ қазынасы дейді. Олай деуге себеп те айқын, әрине. Адам баласы ер және әйел болып бөлінеді. Олар болмаса әлемнің қызығы да болмас еді. Жан-жануарлар мен өсімдік иелерін, бүкіл қоршаған ортаны аялап, сақтау тек адамзаттың ғана қолынан келеді. Олар өздерінің жинақтаған білімімен жаңа жаңалықтар ашып, небір тылсым күштердің тарихын зерттеп, зерделейді. Ғылымға енгізген әр жаңалықтарының көмегімен халықтың көзін ашып, қоғамға пайдалы іс жасайды. Қысқасы ер жігіт пен сұлу әйелдің жеті қазынаға жатқызылуында үлкен мән бар.

Келесі нұсқа жеті қазынаның халық арасында «жеті ырыс» деп танылуына байланысты:

1. ақыл, яғни адамзаттың ой-санасы, ақылы. Адамдар барлық тіршілік иесінен өзінің ақылымен ерекшеленеді, сондай-ақ олар әлемнің қожасы;

2. денсаулық (деннің саулығы қай-қайсымыз үшін болса да бірінші орында тұрады. Ол болмаса ешнәрсенің де түк маңызы болмайды);

3. ақ жаулық (бұның адамзат үшін алатын орны енді айтпаса да белгілі. Он сегіз мың ғаламның жарығын сыйлаушы аяулы ана мен ақылшы жардың орны әрдайым ерек);

4. бала (бала әр адам үшін маңызды болып келеді. Соңынан саналы да салиқалы ұрпақтың қалуы әрбір қазақ үшін ежелден зор мәртебе болған);

5. көңіл (бүгінде біз ынтымағы мен бейбітшілігі жарасып, ішіне бір емес, 120-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерін татулыққа сыйғызған елде өмір сүрудеміз. Ол үрдіс, ол дағды бірден орнай салмады. Өзгенің көңіліне қарап сөйлеу қазақтың қанында бар қасиет. Көңіл мен пейіл кең болған жағдайда, ынтымақ пен береке де орнайтыны хақ. Халқымыз: «Әркім өз пейілінен табады» деп бекер айтпаған);

6. жер («Жерсіз – ел тұл, ерсіз – жер тұл» дендейдей, жер ол – ана. Адам баласы тұтынатын нәрсенің бүкілі осы жердің үстінде орналасқан. Мәселен, ну ормандар, таулар, өзендер, ағын сулар, қыраттар, өсімдіктер, жануарлар, сондай-ақ ғажайыпқа толы өмірдің ең ғажайып жаратылысы – адамдар. );

7. ит («Ит – адамның досы» дегендей, ит қашанда адам баласының ең сенімді серігі болды).

Аталмыш нұсқаның неліктен «жеті ырыс» деп танылуын өздеріңіз сезген боларсыздар?! Ырыс барлығын да түптеп келгенде адамзаттың сезіміне, көңіліне, ақылына жетелейді.

«Жеті қазына» туралы Бауыржан Момышұлы айтқан тағы бір нұсқау бар. Онда төмендегіше түсіндірілген:

«Жеті қазына» әр елдің тұрмыс-тіршілік салтына, таным-нанымына қарай әртүрлі айтылатылуы − табиғи нәрсе. Ертедегі грек-аңыз әңгімелерінде жиі кездесетін «жеті қазына» өзге халықтарға, оның ішінде қазаққа да тән деуге де болады. Өйткені мұндай айтылатындардың барлығы адамзатқа ортақ. Оны былайша таратады:

Біріншісі − Аспан. Аспан дүние жаратылыстың тылсым құпия сырларын аясына сыйғызып тұр. Өмірге пана болып, аспан денелерінің қалпын сақтап тұрған көк күмбез − планеталар мен жұлдыздардың құтты мекені.

Екінші қазына − Күн. Күн − әлемдегі тіршілік тірегі. Күллі адамзат, өсімдіктер әлемі, құрт-құмырсқа, жан-жануар күннің шуағынан нәр, күш-қуат алады. Күнсіз тіршілік жоқ.

Үшінші қазына − Ай. Ай − әлемнің түнгі нұры. Ай болмаса дүниені қара түнек басар еді. Жаратылыстың түнгі ырғағы бұзылады.

Төртінші қазына − Жер. Жер − барлық тіршілік иесінің анасы. Жер болмаса, ешнәрсе өсіп-өнбес еді.

Бесінші қазына − Су. Сусыз тіршілік жоқ. Су − таза. Оның тазалығын сақтау өмір-тіршілікті сақтау екенін бұрынғы замандарда өткен ата-бабалар жақсы түсініп, бізге өсиет еткен.

Алтыншы қазына − От. От − Күннің жердегі ұшқыны. Ертедегі адамдар оттың жылу, жарық беретін, суықтан қорғап, ауру-сырқаудан сақтайтын құдіретін жан-тәнімен түйсініп, түсінген. От бар жерде өмір бар.

Жетінші қазына − Ит. Ит адамзаттың жер бетіндегі алғашқы серігі, қорғаушысы. Итті басынан ұрмайды, аяқпен теппейді».

Бұл мәтін батырдың келініне айтқан әңгімесінен алынған. Яғни Зейнеп Ахметова апамыз атасынан естіген сөздерді «Бабалар аманаты» атты кітабында жүйелеп жазады.

Бауыржан Момышұлы көрсетіп кеткен нұсқа ежелгі гректердің аңыз-әңгімелерінде де кездеседі. Бұл дегеніміз дүние жүзіндегі басқа да халықтар арасында жеті қазына туралы пікір қалыптасқандығын білдіреді.

Ал жеті қазына туралы дін не дейді?

Дін жолындағы ұстаздардың айтуларына қарағанда жеті қазына шариғат негіздеріне қайшы емес. Оған себеп: бұл ұғым хылықтың дүниетанымынан, күнделікті күйбең тіршілігінен туған, оның ешқандайда наным-сенімге қатысы жоқ. Мәселен, жеті қазынаны діни ұстаздардың пікірімен, исламмен сабақтастырып көрелік:

1. жүйрік ат. Пайғамбарымыз: «Төрт нәрсе дүние бақытынан» деген. Соның бірі: «Жанға жайлы мініс» екендігін айтып өтеді;

2. қыран бүркіт;

3. құмай тазы. Бұрындары қыран бүркіт пен құмай тазыны аң аулауға қолданып, осылайша күнделікті ішіп-жемін, қыстық киім-кешегін қамтамасыз етіп отырған. Шариғатта қажет кезде үйретілген азулы итті немесе тырнақты құсты салып, аң аулауға рұқсат етілген. Ол жайында Қасиетті Құранның Маида сүресінде айтылады;

4. берен мылтық;

5. қақпан;

6. ау;

7. кездік.

Жеті қазынаның тағы бір нұсқасын ислам жолы келесідей етіп түсіндіреді:

1. Қыдыр (қызыр). Қыдыр дарыған адам бай болады;

2. Бақ. Ол ерекше жаратылған құдірет иесі. Бақ дарымайды, қонады;

3. Ақыл (Байлық пен бақыттың тірегі);

4. Денсаулық;

5. Ақ жаулық;

6. Тұз (Ол – Алланың адамдар мен жан – жануарларға берген несібесі, таусылмайтын кені);

7. Ит. (Адам Ата мен Хауа Ананың алғашқы серігі).

Яғни бұлардан қандай ой түйюге болады: Аллаһ Тағала осыдан миллиондаған жылдар бұрын адамзатты жаратқанда олардың күнделікті өміріне қажетті дүниелерді де қоса жаратқан.

Қарап отқандарыңыздай, сарапқа салынған нұсқаның барлығы да тегінде қарапайым дүниелер тізбегі, десе де адам үшін құнды. Сол құндылық бүгін де күшін жоймақ емес. Біздің халықта әйелдер қауымы қашанда ерін қорғаушым, отбасымның тірегі деп өздерінен бір саты жоғары қойған, елімнің батыр азаматтары болса қазанын қадірлеп, әйелін әмеңгерлікке бергенімен, жауға бермеген, мылтығын берен деп төріне іліп қоятын болған, тазысын түз далада жүгіртіп, бүркітін аңшылық салт құрып, ұшырған. «Жылқы атасы – Қамбар ата» – деп, көшпенді дала тіршілігінде жылқы малын қасиетті жануарға балаған, ілім-білім де қазақта ежелден қалыптасқан. Оған ерте заманнан ауыз әдебиетімізде тараған ертегілер, әңгіме-хикаялар, түрлі дастандар куә. Бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, мұра еткен «жеті қазынаны» келер ұрпаққа қаз-қалпында жеткізу, сондай-ақ оның әрқайсысын қастерлеп жүру – әр қазақтың парызы.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button