Жаңалық

Қарағанды – қағбасы қара өлеңнің!

Ерік Нарынның «Мөрі» мен Жоламан Әйткеннің «Ғасырауғаны» туралы

Қарағанды қаласы қаңғыбастың,

Қаңғыра алмай жүр едің, қаңғыршы бір!..

Б. Мүбәрәк

Қарағандыға барып, қайттық. Себеп: екі бірдей жыр жинақтарының тұсаукесері. Бірі – Ерік Нарынның «Мөрі», бірі – Жоламан Әйткеннің «Ғасырауғаны». Екеуі тете. Жыр жинақтары да.

Қарағандының әдеби ортасы жайлы оқырман қауым азды-көпті есітіп үлгерген де болуы керек. Дүлдүл Қасымның, одан бері Дәуітәлі Стамбек, Абзал Бөкен, Серік Ақсұңқар, Ғалым Жайлыбай, Жүрсін Ерман сынды ақындардың шерлі шәрі бұл.

Сөз әуелгі екеуі туралы. Поэзиялық кештің, кітаптың тұсаукесер кешінің қалай өткенін әлеуметтік желі таныстырып үлгерді. Ол жайын сөз етпей-ақ қоялық. Аудиторияға жиналып алып, өлең оқып, тұсаукесер жасайтын қалыптан шыққан кеш болғанын да байқаған боларсыз?

Қос ақынның жыр кітабы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратын Ж. Тәшенов атындағы «Жылдың үздік ақыны» поэзиялық бауқауының жемісі. Жыл сайын бір ақын ғана «Үздік» атанатын байқау бұл жолы екі ақынды бөліп, жармады. Алда да соны тілейміз!

«Кеудем – КарЛаг, жүрегім – шерлі тұтқын,

Соққылайды түнімен қабырғамды», – дейді Ерік Нарын.

«Өлең жазсақ өз бойыңнан көшірдік,

Тағдырыңның өзі ғажап ақын ғой», – деп Әбіш абызға жыр арнайды Жоламан Әйткен.

Бұл ортаны «бірінің өлеңін бірі жатқа айтып жүреді», – деп бағалайды замандас досымыз. Екі ақыннан мен жатқа білетін бір-бір өлеңдерін оқырман назарына ұсынамын:

 

ҚАРА ШАПАН

Ерік Нарын

Қара шапан-

Жауында әкем, сауында шешем киген,

Сол шапанның қойнына шекер де үйгем.

Жамау-жамау біз көрген балалықтай,

Қайда қалды шапаным көшерде үйден?

Әкем – қойшы, қойшының таяғынан,

Ат үстінде күн жүдеп, ай арыған.

Қара шапан ішінде талай қозы,

Көзін ашып нық тұрған аяғынан.

Біз де солай…

Бөлмемізге бас сұқса ұрыннан күз,

Қара шапан ішінде жылынғанбыз.

Қара шапан ішінде сыз әлемге,

Мейіріммен қарайтын суынған жүз.

Қара шапан секілді жаным жамау,

Сағыныш боп кеудемде жағылды алау.

Жұлдызы көп мына түн сондай жылы,

Жамау-жамау шапанды жамылған-ау?!

ТҮС

 

Жоламан Әйткен

Қай фәни үстем?!

Кей нәпсі досқа айналды жай тани түскен.

Ғафлет ұйқыға амалсыз тереңнен батып,

Шошып ояндым қым-қуыт шайтани түстен.

…басқа бүйірмен,

Кездерім көп пе жалғанда босқа күйінген.

Дұғамды оқып қайтадан көз ілемін де,

Рахмани түсті көремін досқа сүйінген.

Ұйқы да – парыз!

Қорқыттың көрі – түстегі бейкүнә аңыз.

Вольтер мен Август, Вагнер мен Бетховен, Моцарт,

Керек десеңіз Декарт та ұйқыға қарыз.

Түстер де – өңге,

Ақындар көрген айналар түстер өлеңге.

Отырмас едік кен санап кестеге қарап,

Қарт Менделеев сол түні түс көрмегенде.

Қорқыт бабам да,

Өз көрін көрген әр жерден жортып ғаламда.

Тым ұсақталып кетпес еді ұрпағы ханның,

Бұқар жырауға сол түсін жорытпағанда.

Жақсы, жаманға жорытсаң, сол бұрын келген,

Түстер – ақиқат.

Өлшенбес ол ғылымменен.

Дұғамды оқып тағы да ұйқыға кеттім,

Оң қырымменен.

P.S: Жоғарыда тізіп кеткен ақындардан бөлек Қарағандыда бірнеше буын қалыптасып үлгерді. Бұл екеуі кенже буын өкілдері. Ақындарға шығармашылық табыс, қаламдарына қуат тіледік!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button