Жаңалық

«Үкілі серуен»

Ағымдағы жылы 12 қараша күні Талдықорған қаласы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық киімді ұлықтайтын, «Үкілі серуен» атты облыстық байқауы болып өтті.

Бұл байқауда қазақи нақышта тігілген қол өнер туындылары таныстырылды. «Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі» деген ұлы адамдар. Қазақ халқының ұлттық киімдерінің түрі де, үлгісі де еш халықтан кем болған емес. Ұлттық киімдер қазіргі уақытта заманға сай жаңа әдіс-тәсілдермен тігіліп, өзіндік бұрынғы элементтерін ұмытпай қазақ киімдерінің қорларын молайтуда.

Ұлттық киімдеріміз тазалық сақтауға, адам денсаулығына, ауа     райының ыстық-суығына    байланысты тігіліп, маталарына мән берілген. Киім – адамның талғам-тәрбиесінің көрінісі. Адам болмысын аша білетін қазақи нақыштағы киім таңдай білу де бір өнер.

 Күнделікті тұрмыста көйлек, желетке, кәзекей, шапан, күпі, кеудеше, тон, шидем, шекпен, қаптал шапан, ішік сияқты киімдер тігілген. Осы киімдер  жібек, матадан, түйе жүнінен, Құлан, Ақбөкен, Жанат, Бұлғын, Қасқыр, Күзен сияқты аң терілерінен түрлі туындылар жасалған. Ішіктердің сыртын сәндеуге барқыт, атлас, жібек, манат, қырмызы сияқты бағалы ширақы маталармен тыстап сәндеген.

Қазақ әйелдерінің ұлттық киімі негізінен көйлек, кимешек, жаулық, сәукеле, желек, камзол, кәзекей деп аталған. Қыз балаларының  киімін құндыз, кәмшәт терісімен жиектеліп, бөріктері алтын маржандармен әшекейленіп, сәнді алқаларымен көк құтанның немесе үкінің үлпілдек қауырсындары тағылып сәнделген. Неғұрлым өзіндік сән-салтанатымен ерекшеленетін қыздардың тұрмысқа шығардағы бас киімі – сәукеле өте сәнді болып, ерекше мән беріліп тігілетін болған. Әшекейлері алтын, күміс, асыл тастардан қалыпқа құю, нақыш қондыру, қалыптау, зергерлеу, інжу қадау, ою салу сияқты түрлі зергерлік әсемдеумен дайындалған. Мұндай сәндік бұйымдар қазақ халқының ұлттық киім үлгілеріне ерекше әр беріп, көріктендіреді.

Байқау қорытындысы бойынша ІІІ дәрежелі дипломмен Қаратал ауданынан Ким Наталья Витальевна, Іле ауданынан Аққасова Мируана Жанатбекқызы, Қапшағай қаласынан Уксикова Маржан Абдираққызы марапатталса, ІІ дәрежелі дипломға Алакөл ауданынан Сайлявканова Данара, Қаратал ауданынан Сұлтанғазиева Жанар Амангелдіқызы, Жамбыл ауданынан Даутбаева Ризза Бейімбетқыз ие болды.

Ерекше көзге түсіп І дәрежелі дипломмен Звягина Евгения Анатольевна – Ақсу ауданы, Даменова Аяулы Бақыткелдіқызы – Текелі қаласы, Есенбаева Жанар Ертайқызы – Текелі қаласы, Осипова Галина Николаевна – Талдықорған қаласы, Беликов Павел Николаевич – Талдықорған қаласы, Мамбеткулова Шаадат – Панфилов ауданы марапатталды.

«Ең үздік дизайнер» номинациясын Қаратал ауданынан Шагиева Зульфия Рафикқызы ие болса, бас жүлдені Талдықорған қаласынан Молдахметова Атлас Ілиясқызы жеңіп алды. Жеңістеріңіз құтты болсын!

Алматы облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button