Жаңалық

«Жалын» журналына 50 жыл!

Мерейтой басылымның бас редакторы, Қазақстан Республикасының Халық жазушысы Мұхтар Шахановтың қатысуымен 21-желтоқсанға белгіленген.

Республикалық әдеби-көркем және әлеуметтік «Жалын» журналының жарық көргеніне биыл 50 жыл. Мерейтой басылымның бас редакторы, Қазақстан Республикасының Халық жазушысы Мұхтар Шахановтың қатысуымен 21-желтоқсанға белгіленген.

Бүгін осы жиын қарсаңында Шымкент қалалық ішкі саясат және дін басқармасының ұйымдастыруымен «Отырар» кітапханасында журнал редакторының орынбасары Құдияр Біләлмен сырласу кеші өтті.
Рухани кешке журнал ардагерлері, белгілі қаламгерлер, мәдениет қызметкерлері мен оқырмандар жиналды. Кездесуде сөз алған қаламгерлер «Жалынның» қазақ басылымындағы өзіндік орнына тоқталып, басылымға деген жылы лебіздерін білдірді. Белгілі жазушы Мархабат Байғұт «Құштарлық пен іштарлық» кітабын журнал мұрағатына сыйға тартып, «Жалынның» қазақ басылымындағы өзіндік орнына тоқталды.

Мархабат Байғұт, жазушы: «Елуді ердің жасымен салыстырмаймын. Қалың оқырман журналды жақсы біледі. Мен басылымның алғашқы авторларының бірімін. Қолмен жазылған үш әңгімемді тапсырғаным есімде. Ол кезде «Жұлдыз» бен «Жалынға» шықсаң – жазушысың. Журнал қабырғалы қаламгерлерді тәрбиеледі. Жалынды мерейтойымен құттықтаймын. Руханияттың айнасына айнала берсін!».

Ал басылымда қызмет еткен ақын Қасымхан Бегманов журналдағы қызықты кезеңдері жайлы естеліктерімен бөлісіп, өлеңін оқып берді.

Қасымхан Бегманов: «Жастайымнан Мұхтар Шаханов ағаға еліктеп өстім. Ұқсауға тырысып, өлең жаздым. Алғашқы тырнақалды өлеңім «Күнге қарап келемін» осы журналда басылды. Ол кезде журнал деген қазіргідей көп емес, «Жұлдыз», «Жалын» журналына мақалаң басылып шықса, ертеңіне сені бүкіл ел танитын еді. “Жалындағы” өткен күндерімді ұмытпаймын».

Басылымның 50 жылдық мерейтойы Қазақстан Республикасының Халық жазушысы Мұхтар Шахановтың қатысуымен 21-желтоқсанда Шымкентте өтеді.

Шымкент қаласы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button