Мақала

Осы жұрт «латынды» біле ме екен?!

Латын әліпбиіне көшу туралы бір-екі ауыз сөз. Конференция жайында.

«Латын әліпбиіне көшу». Ауысу десе де болар еді, бірақ… Көш – күрделі процесс. Дамылдайды, тоқтайды, қайта жүреді, түзеледі, сосын ғана байсал табады. «Көш байсалды болсын!», – деген сөз осыдан қалған.

 

Адам – саналы жартылыс қой?! Не істесе де белгілі бір деңгейде жауапкершілік танытуы міндет. Бұның жанында мемлекеттік бағдарламаның қандай үлкен жауапкершілікті, қиындықты, еңбекті, ақыл мен парасатты арқалап жүргенін ара-тұра сезінбей де қалады көбі. Әйтпесе сіз бен біздің ақылымыз жеткен дүниеге «билік басындағылардың, ғылым докторлары мен саяси элитаның ақылы жетпей қалды», – деу қисынсыз һәм құрметсіз болар еді. Мәселе онда емес.

 

Сөз «Латын әліпбиіне көшу» жайлы. Мемлекет басшыларының тарапынан ұсынылып, тіл ғылымымен айналысып жүрген қалың топтың қолдауына ие болған бастама қарапайым халықтың қаперіне де келер емес, тіпті, «қажеті жоқ» дегендерді де есітіп жүрміз. Неге?

 

«Шетелде былай», – деп басталатын шетелде ешқашан болмаған «такси жүргізушісінің» әңгімесін сіз де естідіңіз ғой?!. Естідіңіз. Олай болса әлемнің 80 пайызы пайдаланатын әліпбиге ауысуымыз сол «жүргізуші айтатын» болашаққа жасалған нық қадам деп ойланып көрсе қайтеді?! Бір сәтке ғана. Әне. Бұны «Гарвард» оқытушылары бір сөзбен: «сіздің жалақыңыз – сіздің біліміңізге пара-пар», – дейді.

 

«Біз енді мына сөзді қалай оқимыз», – деп жерден жеті қоян тапқандай болатындарды қайтерсіз?.. Әлеуметтік желі беттерінде сауатсыз аккаунттар қаншама, олар жариялайтын сауатсыз ақпарат пен, сол ақпаратты оқитын сауатсыз адам қаншама?!. Бірақ, олар оны білмейді. Білсе де білмегендей болады. Өйткені өзгені кінәлі қылу оңайырақ.

 

Жә! Латын қарпіне ауысамыз. Ол анық. Және бұл іспен айналысып жүрген ғылыми орталықтар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алдын жасаған ескертулерінен қорытынды жасап, олқылықтың орнын толтырып үлгерген-ді.

 

Осыған орай «Жаңа әліпби: емле, әдістеме және халықаралық тәжірибе» республикалық ғылыми-практикалық конференциясы да ұйымдастырылды. Сол жайында.

 

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп «Жаңа әліпби: емле, әдістеме және халықаралық тәжірибе» тақырыбында республикалық конференция өткізді. Конференция Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген мемлекеттік тіл саястын жүзеге асырудың өзекті мәселелерін талқылау мақсатында өткізілді.

 

Конференция барысында жаңа әліпби мен емле ережелеріне қатысты ғылыми-теориялық және әдістемелік мәселелер, латын әліпбиін меңгертудің тиімді әдістемесі, жаңа емле ережелеріндегі өзекті мәселелер, әліпби ауыстырған түркі тілдері емлесінің қалыптасу, жетілу жолдарын саралау туралы талқыланды. Конференцияда А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының профессоры Нұргелді Уәли «Жаңа орфографиялық ереженің лингводидактикалық негіздері», Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Таңат Аяпова «Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін үйретудің әдістемелік бағыттары», А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Айнұр Сейітбекова «Кірме сөздердің әзербайжан емлесіндегі жазылымы», Назарбаев университетінің қауымдастырылған профессоры Жазира Ағабекова «Шет тілінен енген жалқы есімдердің игерілуі (Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Қазақстан)» және т.б. тақырыптарында баяндама жасады.

 

Конференцияның секциялық отырысында Е. Тасболат, М. Сапарбаев, А. Мырзаш, Н. Түлтебаевтар ұсынған әліпби жобалары авторлардың тікелей қатысуымен ғалымдар тарапынан талқыланып, сараланды. Аталған іс-шараға елімізге белгілі ғалымдар, сондай-ақ латынграфикалы қазақ тілі әліпбиіне қызығушылық танытушы барлық тіл жанашырлары шақырған еді.

 

Нәтижесінде конференцияға ұсынылған материалдар негізінде жинақ шығарылады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button