Жаңалық

Әлмерек бабаның 360 жылдығы

Алматыда Әлмерек бабаның 360 жылдығына арналған республикалық конференция өтті

Ғылыми конференцияда әулие-абыз бабаның өмір жолы және оның ұрпақтарының қазақ елінің бостандығын қорғаудағы сіңірген еңбектері мен ерліктері туралы зерттеу жұмыстары кеңінен сараланды. Қазақ халқының жадында Әлмеректің есімі көріпкел әулие ретінде көбірек сақталған. Одан Хангелді, Бақай, Малай, Райымбек батырлар бата алған. Әлмеректен бес бала болған: Жәнібек, Баба, Құрман, Қаракісі, Тоқан. Ұрпақтарының ішінен елге сыйлы батырлар, би-шешендер шыққан. Жетісу өңіріндегі 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісі басшыларының бірі Ұзақ батыр, атақты күйші Қожеке Назарұлы, классик жазушы Б. Соқпақбаев Құрманнан тараса, ал қалмақтарға қарсы күрескен Байсейіт батыр, Пұсырман би, орыс отаршылдығына қарсы тұрған Тазабек, Жақыпберді, Әубәкір сияқты тұлғалар Әлмеректің үлкен ұлы Жәнібектің тікелей ұрпақтары. Әлмеректің екінші баласы Бабадан – Қашаған, Тұрысбек, Тоқаннан – Баржық батыр, Адыр шешен, кенжесі Қаракісіден Қорам және Бекбау сияқты батырлар шыққан. Әлмерек ұрпақтары Қытайда, Монғолияда, Өзбекстан мен Қырғызстанда да тұрады. «Әлмерек Жаншықұлы осыдан 360 жыл бұрын дүниеге келген. Жетісу өңірінде жоңғар басқыншыларына қарсы күресінде белді рөл атқарған. Сондай-ақ, Жетісу қазақтарының аман қалуына, жердің сақталуына үлкен еңбек сіңірген адам. Жасырақ кезінде батыр болған, кейін ел басқаратын би болған, содан абыз-әулие атанған. Бұл кісі жәй адам болмаған. Бұл кісінің ұрпақтары да қазақ жеріне өлшеусіз еңбек сіңірген. Олардың арасынан батыр, күйші, шешен, жазушылар шыққан», – деді конференция барысында «Әлмерек» ҚҚ атқарушы директоры Ысқақ Нұрмұханбетов. «Рухани жаңғыру және Ұлы даланың ұлы тұлғалары: тарихи сабақтастық» атты республикалық конференцияға қатысушылар Әлмерек бабаны өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау керектігін айтты. «Рухани Жаңғыру бағдарламасы біздің ұлтты оятатын бұлжымас кодекске айналды. Бүгінгі Әлмерек бабамызға арналған конференция соның дәлелі. Әлмерек Оңтүстік шығыстың бұрынғы иесі, сол жердің киесі болған жан. Бұл кісіні біз тек тәуелсіздік алғанан кейін ғана зерттей бастадық. Жасыратыны жоқ, Кеңес үкіметі кезінде ол кісінің атын да, ерлігін де естіген жоқпыз. Өйткені оған тыйым салынды. Егеменді ел болғалы бабаларымызды насихаттауға, зерттеуге мүмкіндіктер туды. Сондықтан ұлы тұлғаларды дәріптеу қазіргі ұрпақттың міндеті», – дейді Алматы облысының құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов. Әлмерек Жаншықұлы жоңғар басқыншыларына қарсы шыққан, аты ұранға айналған батыр. «Қалмақтың батыры Шонжыны, Әлмерек батыр өлтірді» деген аңыз да бар. Әлмерек 1754 жылы 96 жасында қайтыс болды.

Конференцияда Әлмерек Жаншықұлының ерлігі, көрегендігі сияқты тақырыптарда баяндамалар жасалды. Қорытындысы бойынша материалдар   жинағы шықты.

Алматы қаласы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button