Жаңалық

Дала сарыны сарқылмайды

Бүгін Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Дала сарыны сарқылмайды» атты рухани-этнографиялық шарасы өтті

Бүгін Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Дала сарыны сарқылмайды» атты рухани-этнографиялық шарасы өтті. «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасын негізге алған шара салт-дәстүр және әдет-ғұрып орталығында ұйымдастырылды. Жиында қазақтың көне ұлттық музыка аспаптарының тарихынан, бүгіні мен ертеңі, даму жолынан арнайы шақырылған мамандар сыр шетті.

Этномузыка мамандары ҚР білім беру ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, профессор Сайлаубек Жақсыбеков аспаптардың тарихынан сыр шертіп, қызықты тың мәліметтерімен бөлісіп, ұлттық музыкалық аспаптардың бүгінгі хал-жағдайын түп-тамырымен талқылады.

Сайлаубек Жақсыбеков, профессор: «Қазіргі домбыраларды балташылар жасап жүр. Негізі домбыраның ішегі қойдың ішегінен жасалуы тиіс. Бүгінгі ұлттық аспаптың қай-қайсысынан да дыбыс анық шықпайды. Себебі, кім көрінген істеп шығарады. Негізі ұлттық аспаптар жасайтын зауыт ашу керек. Әйтпесе мына түрімізбен әлемдік деңгейге шыға алмаймыз».

Сонымен қатар сазды кеште көпшілік ұмыт болып бара жатқан музыкалық аспаптар мен халықтық шығармаларды көне мен жаңаның синтезі арқылы жаңғыртып, түрлентуге атсалысып жүрген этнофольклоршылармен қауышты.

Қолданбалы өнердің хас шебері Мұхтар Атахан шаңқобызда табиғат пен саз үндестігін жеткізсе, жетіген аспабын меңгеріп жүрген К. Жеңісқызы, №1 және №2 саз мектебінің қызметкерлері мен оқушылары шертер әуезімен ортекені орғыта билетті. Сондай-ақ саз мектебінің оқушылары сыбызғы, сырнай, нарқобызда Қорқыт сарынымен толғап, көрермендер қошеметіне бөленді. Талай жасқа ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаз Анашев Марат шәкірті Шыңғыс Исамен төкпе күйлерін төкті.

Шымкент қаласы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button