Жаңалық

«FROM KZ» халықаралық жастар форумы

Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының «FROM KZ» халықаралық жастар форумы өтті

22 қарашада Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының халықаралық форумы өтті. Форум жұмысы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткізілді.

Іс-шараны ұйымдастырушы: Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы.

Жастар форумының ашылуы алдында Достық үйінен Еуразия ұлттық университетінің бас корпусына дейін автошеру болып өтті. Автомобильдер Қазақстанның мемлекеттік рәміздерімен безендірілді. Саптық қатармен жасақталған автокеруен форум жұмысына ерекше салтанат берді.

Жалпы, форумның өткізілуі Тұңғыш Президент күні қарсаңымен және Жастар жылының аяқталуымен тұспа-тұс келді. Оның жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ж.Түймебаев, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, қалалық құрылымдардың, қоғамдық ұйымдардың басшылары, Ресей, Қырғызстан мен Башқұртстанның жастар көшбасшылары, елорда этномәдени бірлестіктері жастар қанатының мүшелері қатысты. Жастар диалогының негізгі тақырыптары мемлекеттік жастар саясатына, негізгі оқиғалар мен Қазақстандағы Жастар жылының қорытындысына арналды.

Форумды ашқан Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары әрі пленарлық отырыстың модераторы Бақтияр Мәкен өзінің алғысөзінде «Біз 2019 жылдың қалай басталғанын жақсы білеміз» деп атап өтті. Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жастар жылының ашылуында сөйлеген сөзіне бүкіл ел айрықша назар аударды. Ол Жастар жылының ашылуында былай деген болатын: «Тәуелсіздік рухымен өскен бүгінгі жас ұрпақ – бұл біздің болашаққа деген үмітіміз, сенімді тірегіміз». Сол кезде Жастар жылының басымдықтары ретінде қолжетімді тұрғын үй, сапалы білім мен тұрақты жұмыс мәселесі саналған еді». Форум жұмысы барысында Бақтияр Мәкен мынандай деректерді де алға тартты: 220 адам жол картасы бағдарламасы бойынша бизнес идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Жұмыс істейтін жастарға 5 жылға сатып алу құқығынсыз 1050 пәтер беріледі. Бағдарлама алдағы үш жылда жалғасатын болады. «Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды еріктілер жылы деп жариялады. Бұл қозғалыс еліміз бен қоршаған ортаға үлкен пайда әкеледі», – деді әкім орынбасары.

Одан әрі сөз Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаевқа берілді.

«Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының Жол картасы аяқталу мәресіне жетті. Жыл ішінде қозғалыс 5 мыңнан аса адамды қамтитын 29 жобаны ұйымдастырушы болды,-деді Жансейіт Түймебаев- Ресей халықтарының жастар Ассамблеясымен Меморандумға қол қойылды, татарлардың дүниежүзілік конгресімен (Ресей) және «Миссия Сибирас» (Литва) экспедициясымен бірлескен іс-шаралар өткізілді. Біз Арыс қаласында Ассамблеяның гуманитарлық акциясында, содан кейін «Арыс, біз біргеміз!» жалпыұлттық акциясында жұмыс істеген жастарымызды мақтан тұтамыз. Волонтерліктің үлкен әлеуеті дамитын болады. «Social Assembly» республикалық форумында «Жаңғыру жолы» белсенділері еріктілер жылы бойынша бастамаларды жариялады. Олардың ішінде Достық үйлері базасында волонтерлік қозғалыс орталықтарын ашу, ҚХА порталында «Qadam» білім беру бөлімін және жас әлеуметтік кәсіпкерлер мектебін әзірлеу жоспарланған. Сонымен бірге, еріктілердің мәдениет нысандарында жеңілдік мүмкіндігін иеленуі үшін бірыңғай дисконт-картасын енгізу, түрлі жеңілдіктер алу, этномәдени бірлестіктердің Қазақстан аумағындағы халықаралық іс-шараларға қатысуы бойынша «Open Qazaqstan» жобасын іске асыру туралы идеялар бар. Бұл дегеніміз, біздің Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде әр елдің жастары әлі де бірнеше рет кездеседі деген сөз. Біз мемлекеттік мереке – Тұңғыш Президент күні қарсаңында кездесіп отырмыз. Мұндай сәттің тағы бір мәрте ел жастарын ынтымаққа үндейтіні ақиқат. Әрі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауының басты назарында жастардың болғаны және мәлім»,-деп атап өтті Ж. Түймебаев.

Бұл форумда, Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанатының мүшесі, «Тіл – достықтың алтын көпірі» байқауының жеңімпазы Юлия Лагуткина мемлекеттік тілді жақсы білетіндігін көрсетті. Қазақ тілінде сөйлеген сөзінде ол былай деді: «Елбасының қатысуымен Жастар жылының салтанатты түрде ашылуы Нұр-Сұлтан қаласының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы штабы жұмысына қуатты серпін берді. Жыл басынан бастап біз ондаған шаралар өткіздік. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен ҚХА «Қазақтану» жобасы аясында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Олардың арасында Ақмола және Қарағанды облысының киелі жерлеріне бару және тағы басқалар бар». Сондай-ақ ол жастарға арналған үндеуінде оларды белсенді болуға, қоғамға пайдалы істерімен үлес қосуға және алтын уақытты босқа өткізбеуге шақырды.

Ресей халықтары жастар ассамблеясының Омбы өңірлік бөлімшесінің төрағасы Ермек Хапизов өз сөзінде былай деді: «Біз Павлодар мен Шығыс Қазақстан облысындағы ҚХА республикалық жастар қозғалысының «Жаңғыру жолы» екі өңірлік штабымен өзара тығыз қарым-қатынастамыз. Біздің өзара достығымыз бұл баға жетпес байлық болып саналады және ол тұрақты жаңару үшін үлкен әлеуетке ие.

Пленарлық отырыста ISIT интернет-технологиялар инновациялық мектебінің директоры Әмір Сүлейменов те сөз сөйледі: «Біз мүмкіндігі шектеулі 200 адамды оқыттық. Бұл сұранысқа ие мамандықтар. Қашықтықтан жұмыс істеу үшін де мүмкіндіктер жасаймыз». Бұл орайда, «Атамекен» тізіміне енген мектеп жұмысқа орналасудың жоғары көрсеткішіне кепілдік береді. Әмір Сүлейменов сөз орайында еріктілерді өз жобасына бірігіп жұмыс істеуге шақырды.

Қырғызстан жастар қозғалысының көшбасшысы Каниет Арыкова форумға қатысушыларға арнаған сөзінде былай деді: «Нұр-Сұлтан қаласын көріп, бұл экономикалық және саяси дамудың көрнекі дәлелі екенін түсіндім». Сөз барысында К. Арыкова Қазақстан мен Қырғызстан Ассамблеясының басымдықтарын атап өтті.

«Отандастар» қоры «Qazaq Eli» жас отандастар клубының төрағасы Нұрымжан Жұмағазиев қазіргі әлемдегі жастардың рөліне ерекше тоқталды.

Күннің екінші жартысында форум жұмысы одан әрі жалғасты. Қатысушылар «Бизнес & Jastar», «Молодежь – стране, страна – молодежи», «Jastar Культура и спорт» секциялық отырыстарына үлкен қызығушылық танытты. Модераторлар мен спикерлер Қазақстан мен шетелге танымал жас бизнесмендер, жастар көшбасшылары, мәдениет және спорт қайраткерлері. Олардың арасында Башқұртстан жастар жерлестері қауымдастығының төрағасы Байрас Азамат, «Be Strong Promotion» президенті Анатолий Ким және басқалар болды. Спикерлер өздері туралы айтып, табысқа жетудің жеке тәжірибесімен бөлісті және көптеген сұрақтарға жауап берді. Жастар еркін форматта кездесті.

Форумның белсенді қатысушылары, модераторлар мен спикерлер                  Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтың алғыс хатымен марапатталды.

Концерттік бағдарлама бойынша халықаралық байқаулардың лауреаты Нематилло Зкруллаев, «Superstar KZ» мега-жобасының лауреаты Алмас Кішкенбаев, танымал «AfroStar KZ» тобы өнер көрсетті.

Форум қатысушылары Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі туралы «Бейбітшілік пен келісім жолымен» атты фотокөрмені тамашалады.   Қазақстан астанасында жастар форумы қатысушыларының жалпы суреті әзірленді. Жаңа танысуларға мүмкіндік жасалып, жаңа идеялар мен жаңа бастамалар пайда болды.

Форум жастарды біріктіруге әрі оларды қазақстандық патриотизм рухымен тәрбиелеуге, көшбасшылық сапалық деңгейін арттыруға , жастарды пайдалы еңбекке, кәсіпкерлікке, білімге ынталандыруға бағытталды. Қатысушылар атап өткендей, Жастар жылы айтулы болды және ол еріктілер жылымен сәтті сабақтасты.

Жалпы форум жастардың белсенділігін арттырып, олардың әлеуметтік және шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі көрсетулеріне, сондай-ақ жастар жобаларын әзірлеуге және оны одан әрі ілгерілетуге ықпал етті

.

Нұр-Сұлтан қаласы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button