Жаңалық

Шымкент қаласына 2200 жыл

«Шымкенттің 2200 жылдық тарихы бекітіледі»

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Шымкенттің тарихы мен өркениеті» атты аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

2020 жылы Шым шахарымыздың ТМД елдерінің мәдени астанасы ретінде белгіленіп, осы мәртебелі міндетті абыройлы атқару мақсатында өткізіліп отырған алқалы жиынға зиялы қауым өкілдері, ұлағатты ұстаздар, профессор, ғалымдар қатысты.

Археолог-ғалым Бауыржан Байтанаевтың айтуынша, Шымкенттің 2200 жылдық тарихы бар қала екенін ресми бекітуге аз уақыт қалды. Жаңа жылға дейін ЮНЕСКО арнайы шешім қабылдаса, келер жылы бұл тарихи дата кең көлемде атап өтіледі.

Бауыржан Байтанаев, Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институт директоры: «Шын мәнісінде Түркістан қаласына да 2200 жыл толып отыр. Оны марқұм археолог-ғалым Ерболат Сманқұлов Күлтөбенің астынан қазған тарихи деректерімен, дәйектерімен дәлелдеп кеткен. Ал Шымкенттің Нуджикент және Исфиджаб деген екі тарихи атауы болған».

Жанар Бектаева, қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы: «Бүгінде әлемде тұрғын саны миллионнан асатын қалалар саны 389-ға жетеді. Жер шарында миллионер қалалары көп елдердің көшін Қытай бастаса (96 қала), одан кейін Үндістан (37 қала), Бразилия (17 қала) мен Ресей (15 қала) тұр. Ал көрші Өзбекстан Ташкентімен 43-орында тұр. Біз Алматы, Астанамызбен 31-орында болсақ, енді миллионерлердің қатарына Шымкенттің қосылуымен бұл тізімде жоғары көтерілетініміз анық».

Конференцияда ғалымдар Шымкенттің түрлі салаларына қатысты ғылыми зерттеулері мен Шымшаһардың өткені, бүгіні және келешегі туралы тұжырымдары мен зерттеулермен таныстырды.

Шымкент қаласы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

 

Басқа материалдар

Back to top button