Жаңалық

Шымкент – шырайлы шаһарым

Өзбекстандағы Қазақстан жылы өзара сенімнің күшейіп, стратегиялық серіктестіктің қарқынды дамып жатқанын көрсетті

Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында Ташкентте «Шымкент – шырайлы шаһарым» атты мәдениет күндері ерекше ықыласпен өтті.
Өзбекстан жұрты Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай мен қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева бастаған зиялы қауым және мәдениет майталмандарын ерекше құрметпен қарсы алды.

Шымкент пен Ташкент бұрыннан дастархандас, бауырлас, дос қалалар екені баршаға аян. Мәдениет күндері аясында да екі ірі шаһарға арналған ізгі лебіздер жеткізілді. Қос елдің зиялы қауым өкілдері бірлік пен достықты дәріптеп, татулық, даналықты сөз етті. Мәдениет күні Ә. Науаи Ұлттық кітапханасында «Түркіден тартқан тамырын..» атты Қазақстан мен Өзбекстан ақын-жазушыларының шығармашылық кездесуі, салт-дәстүрге арналған қолданбалы қолөнер бұйымдарының және тақырыптық кітап көрмесіне ұласты.

Сонан соң Ташкент қаласындағы Өзбек ұлттық акамедиялық драма театрында Шымкент қаласы өнер шеберлерінің «Шымкенттен – шашу» атты гала-концертімен қорытындыланды.

Концерт Шымкент қалалық мәдениет үйінің ұлт аспаптар оркестрі, «Қазына», «Шаттық» би ансамбльдерінің дайындаған хореографиялық композициямен ашылып, театр актерлары Найатулла Борибаев, Улугбек Насыров, Марат Оразымбетов, Ахматай Эргешовтардың орындауындағы «Адамзатқа айтарым…» даналық сөздерден құралған сахналық көрінісімен жалғасты. Сондай-ақ сахнада эстрада жұлдыздары Заттыбек Көпбосынұлы, Шахизада Байпатшанова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ақжол Мейірбеков, Өзбекстан мен ҚР халық әртісі Фаррух Закиров әннен шашу шашып, жергілікті халық пен қонақтарына естен кетпестей мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Өзбекстандағы Қазақстан жылы өзара сенімнің күшейіп, стратегиялық серіктестіктің қарқынды дамып жатқанын көрсетті.

Шымкент қаласы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button