Жаңалық

Қара шаңыраққа 75 жыл

Ғ. Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының 75 жылдық мерейтойы тойланды

Филармония бүгінде облыстың мәдени өмірінде өзіндік орны мен беделі бар мекеме ретінде қалыптасқан рухани ошақ. ХХ ғасырдың орта тұсында ел басына қиын күн туғанда қамкөңіл халықтың көңілін тазартып, қасіретті жүректерді жылыту мақсатында жер-жерде мәдени ошақтар ашылған. Сол уақытта Қазақ музыкасының корифейі Ахмет Жұбановтың өзі мұрындық болып Ақтөбеде филармонияның негізін қалаған болатын.

«Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» атты арнайы жобасының аясында Ақтөбе өңірінің мәдени дамуына, қазақ өнерінің өркендеуіне үздіксіз үлес қосқан, тарихы терең, киелі орда Ғ. Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының 75 жылдық мерейтойы тойланды. «Қазыналы қара шаңырақ» атты мерейлі мерекеге қазақ елінің танымал өнер жұлдыздары мен Ақтөбе облысының зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен мәдениет майталмандары қатысты.

«Біздің жеткен жетістіктеріміздің барлығы да бүгінгі күнге дейін жұмыс істеген азаматтардың жанкешті еңбегінің жемісі. Алғашқы директоры  Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген қайраткері  Ғалым Қойшыбаев бастаған шағын ұжым осы филармония тарихының бастау бұлағында тұрған өнерпаздар еді. Одан кейінгі жылдары мәдени ошақты басқарған әнші-жыршылар, Жүсіп Сейілов, Рүстем Кереев, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген қайраткері Тұрдыбек Оспанов, Нұраш Жиенғалиев, Иманғали Жалғас, Әмірғали Телеуов,  ҚР еңбек сіңірген қайраткері Есенгелді Дүйсенбаев, ҚР Мәдениет қайраткері Қанат Айтбаевтар мен өнер ордасының ұжымы — филармонияның қалыптасу және даму кезеңдерінде еңбек сіңірген азаматтар, – деді Ғ. Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының директоры Елубай Кенжалиев. 

Кеш барысында филармонияның өткені мен бүгіні туралы деректі фильм көрсетілді. Мәдениет саласын дамытуға қосқан зор үлесі мен ұлттық өнерді насихаттаудағы шығармашылық жетістіктері үшін филармония артистері мен қызметкерлері Ақтөбе облысының әкімі Оразалин Оңдасын Сейілұлының атынан алғыс хатпен және мерекелік төсбелгімен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің атынан «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, «Құрмет» грамотасымен марапатталды.

Сахна төрінде орындалған әрбір өнер туындысы көрерменге тамаша әсер қалдырып, зал толы халықтың қошеметіне ие болды. Сондай-ақ мерейтойымызға арнайы Ресейден келген опера әншісі Светлана Касьян: «Мен қай елге барсам да, әрдайым есімде тұратын, өзімнің ұшқан ұямды мақтан тұтамын, мен үшін Ғ. Жұбанова атындағы филармонияның сахнасында ән салу үлкен бақыт», – деді. Светлана Касьян шырқаған әндер мерейлі кештің шырайын арттырды.

Кеш соңында О. Байсеңгірдің өлеңіне жазылған Д. Айтжановтың «Жасай бер, өнер ордасы» атты филармония гимні орындалды. Филармония ұжымына облыс әкімі Оңдасын Сейілұлының атынан ықылас гүлі ұсынылып, автобус көлігіне сертификат табысталды.

Көрерменге кәсіби өнердің қандай болатынын тағы да дәлелдеген өнерпаздарға қошемет бір сәтке де толастаған жоқ. Ұлы Ахмет Жұбановтан бастау алып, дүниені дүбірлеткен Димаш Құдайбергеннің дауысына ұласқан өнер бұлағы тазалығымен, мөлдірлігімен, саф, сұлу табиғилығымен тәнті етті. Бұл өнер тойы    республиканың түкпір-түкпірінен келген барлық әріптестерге үлгі, өнеге болды. «Міне, мерейтой дәл осылай болу керек» деген көпшіліктің пікірі өнерпаздарға қанат бітіріп, шығармашылық шабыт берді. Көрерменнің ұзақ қошеметі ән кернеген, күй тербеген өнер ордасының шаңырағының шаттығын еселей түсті.

Ақтөбе облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Back to top button