Жаңалық

Нұрсұлтан Назарбаев: «Абай тойы – бәрімізге сын!»

Абай Құнанбайұлының тойы – ішіп-жем дүние, құр ұран, жалған пафос емес! Бұл елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің, санамыздың деңгейінің көрсеткіші.

– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Қазақстан Республикасы өзінің Тәуелсіздігін жариялағаннан бергі кезеңде бұрын өңіміз түгіл түсімізге де кірмеген жаңалықтар болып жатыр. Соның бірі әлемдік деңгейде өткелі отырған тұңғыш қазақ тойы – Абай тойы. Жасыратын не бар, бұған да сіздің белсене араласуыңызбен қол жетіп отыр. Әдетте, әлемнің ұлы тұлғаларының тойлары жүз жылда бір аталып өтетін. Сіз Абайдың 150 жылдығын әлемдік деңгейде атап өтуді ЮНЕСКО-дан сұрағанда қандай негізге сүйеніп, қандай мақсатты көздедіңіз?

– Әлем халықтарының рухани өміріндегі жарық жұлдыздардың бірі және бірегейі – Абай. Сондықтан да қазақ мәдениетінің тарихындағы осынау ерекше жаратылған құбылыстың мән-маңызын өте жоғары бағалаған ЮНЕСКО өз ұйғарымымен биылғы 1995 жылды – Абай жылы деп атады. Бұл – тәуелсіздік туын жаңа ғана тіккен біздің халқымыз үшін үлкен абырой! Есімі

адамзат жүрегінде мәңгілік сақталар ұлы тұлғалар – Гете, Байрон, Науаи, Пушкиндермен қатар аталар ұлы бабамыздың мерейтойын бүкіл дүние жүзі халықтары бізбен бірге тойлап жатса, еңсесін енді ғана көтерген ел үшін бұл шынында зор мерей емес пе.

Ең басты мақсат – Абай әлемінің бар құдіретін, болмыс-құпиясын төрткүл дүниеге барынша мол таныту. Абайды жете таныту арқылы туған халқымыздың мәдени келбетін, қадыр-қасиетін, шыққан биігін, рухани жетістіктерін әлемге әйгілеу. Тарихымыздың терең де тылсым сырларына бойлап, тағлым алу, ұлы ақынның аруағын ардақтай отырып, оның баға жетпес мұралары арқылы жаңаша биіктерге көтерілу – міне, біздің мұраттарымыз осы. Сондықтан да Абай тойы – дәстүрлі датаны мерекелеу деңгейінде емес, мазмұны да, түр-сипаты да мүлде бөлекше болмақ. Ол рухани өсіп-өркендеген іргелі халықтың ел болғандығының белгісін танытатындай биік дәрежеде өтуге тиіс.

Әрине, осы арада, орайы келген бір ақиқатқа тоқталсам артық болмас деймін. Абайдың тұтас философиясы, ұлылығы, дүниетанымы бір ғана халықтың мәдени шеңберіне сыймайды, оның теңдессіз дана ойлары мен шығармалары бүкіләлемдік қазынаға қосылған алтын қор екені талассыз. Бірақ, осы пір тұтқан сүйікті Абайымыз бұрын-соңды ЮНЕСКО назарына ілінген емес. Неге? Осы ой мені қатты мазалады. Сонау 1990 жылдың өзінде-ақ Кеңес Одағының бар кезінде Абайдың 150 жылдық мерекесін дүниежүзілік ауқымда тойлау жөнінде ұсыныс-пікірімізде республика үкіметі атынан ЮНЕСКО басшыларына жеткізуге ықпал еттім. Бірақ өтінішіміз бірден қаралмады. Себебі, ол кезде Қазақстан әлі жеке мемлекет ретінде танылмаған еді. Ал өздеріңіз білесіздер, ЮНЕСКО тек дербес, тәуелсіз мемлекеттердің ғана өтініш-талабына мән береді.

Сөз реті келгенде айта кетейік, Қазақстан ел басшысы ретінде ЮНЕСКО-ға, оның бас директоры Федерико Майор мырзаға біздің хатымызға түсіністікпен қарап, тілегімізді қабыл алғаны үшін алғыс сезімімді білдіргім келеді. 1993 жылғы ЮНЕСКО-ның 27-ші бас сессиясында Абайды дүниежүзілік даңқты адамдардың қатарына қосып, туғанына 150 жыл толғанын бүкіл адамзаттық ортақ мерекеге айналдыру туралы шешімі – біздің еліміздің жаңа тарихындағы жарқын бір белес болып қалмақ. Менің жолдаған хатым бойынша Федерико Майор мырза ЮНЕСКО-ның барлық комитеттеріне, комиссияларына тапсырма берді. Бас сессияның шеңберінде 300-ге жуық мемлекет, қоғам қайраткерлері қатысқан үлкен мәжіліс өткізіп, ұсынымызды іс жүзінде қолдады. Мұны да аяғынан қаз тұрған жас мемлекетімізге көрсетілген құрмет

деп түсінген жөн.

Одан бері де қоғамымызда толып жатқан көптеген ірі өзгерістер болды. Бұрынғы Кеңес Одағының орнында жаңадан шаңырақ көтерген тәуелсіз мем-

лекеттер өздерінің ұлттық тарихына, мәдени құнды мұраларына тың көзбен қарап, қайта зерделей бастады. Осы тұста жарқ еткен тәуелсіздік таңымен бірге Абай тойының Қазақстан шеңберінде ғана емес, басқа да ұлттармен, мемлекеттермен өзара тең дәрежедегі қарым-қатынасымыздың тату көрінісі іспеттес атап өтілуі, меніңше, осы өмір заңдылығынан туындап отыр. Абай тойы – халықтар достығының шын мәнісіндегі жарқын мерекесіне айналатынына сенімдімін.

– Осыдан екі жыл бұрын дүние жүзі қазақтарының құрылтайында «Абай тойы – біздің елдігімізге сын» деген едіңіз. Осы ұлы тойға қазір қандай дайындықпен барғалы отырмыз!

– Мемлекетіміздің басындағы туындап отырған бүгінгі экономикалық-әлеуметтік ауыртпашылықтарға қарамастан, Абай тойына бүкіл ел болып әзірлендік. Расында да рухани байлықты қастерлеу – елдігімізге сын екенін жұрт барынша түсінді. Ең алдымен айтарым, қазіргі таңда бірталай ел Абай шығармаларының нәрімен өз тілдерінде сусындады. Европада француз, түрік,

неміс, венгр, поляк тілдерінде, Азияда қытай, жапон, үнді тілдерінде, сондай-ақ бірқатар араб мемлекеттерінде Абай тың оқырмандармен тұңғыш рет қауышуда. Ұлы ақынның шығармаларын өз тілінде сөйлетуге ынта-тілек білдіріп отырған елдер әлі де аз емес. Құдай өмір берсе, береке-бірлігіміз баянды болса бұл игілікті шаруаның ары қарай жалғасын табары сөзсіз. Абайдың оқырмандары көбейсе, қазақтың да досы көбейеді деп түсінемін, өз басым. Әсіресе, соңғы жылдардағы заман мен уақыт ықпалынан іргесі сөгілген алып елдің халқын бір шаңырақтың баласындай өмір сүруге шақырған Абай дәл қазіргі сәтте де берік тұғыр-сүйенішіміз болмақ. Сол себепті Абай үнінің басқа тілдерде құлаққа жағымды естіліп, жүрекке жылы тиюіне аудармашылардың айырықша мән беруін өтіндік. Ертеректерде Абай там-тұмдап болса да орыс тіліне аударылған еді, бүгін бұл саланы да тың туындылармен толықтыру барысында маман кесіпкерлеріміз ақын шығармаларын қайта саралаудан өткізді. Себебі біздің республикамыздағы халықтың тең жарымына жуығы Абайды орыс тілінде оқып, танығандар. Кезінде коммунистік жүйенің ықпалымен бағаланған Абайдың көптеген дүниелерін орыс тіліне аударуда, міне, осы жағы да ескерілді. Михаил Дудин, Герольд Бельгер сынды тағы басқа белгілі қаламгерлеріміз осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен барынша ыждаһатты еңбек етті. Ал бұл аудармалардың бағасын әдеби орта өзі бере жатар.

1991-1992 жылдары біз Абайдың 150 жылдығына байланысты мемлекеттік баспалардан шығатын 60-тан астам қажетті кітап өнімдерінің тізімін жасап, бекіткен едік. Мәселе санында емес, сапасында. Алайда осы ауқымды істің көптеген қиындықтарға қарамастан жүзеге асып жатқаны көңілге сенім ұялатады. Әрқашан осындай, халқымызға пайдасы тиер ортақ шаруаның басында бірлік таныта білсек, көп нәрсені тындыруға болады екен. Кино, театр саласындағы адамдарымыз өз алдына бөлек әңгіме.

Абайдың мерейтойына әзірлік барысында оның туған жеріндегі бірқатар тарихи ескерткіштер жайын да жан-жақты ойластырдық. Алдымен Қарауылдағы Абай кесенесінің бой көтеруін қамтамасыз еттік. Маңғыстау даласынан әкелінген ақ тастар мен көмкерілген ақын кесенесі осы ғасырдағы архитектуралық ерекшелігімен дараланса, бұл да қарапайым адамдар еңбегінің жемісі. Қазір Жидебайдағы Абай зиратының маңы өркениеттілік талабына сай ретке келтірілді. Ділдә мен Әйгерім зиратының қабырғасы көтеріліп, Абай ұрпақтарының әрқайсысының басына белгі қойылды. Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтың ата-анасының басына белгі орнатылды. Әруақтарды қастерлеу де – киелі іс.

– Өткен ғасырда қазақ топырағында өмірге келген ұлы тұлғалардың бірі болған Абай ұлы демократ қана емес, ұлы ойшыл болғаны мәлім. «Біріңді, қазақ бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос», – деп өз халқын бірлікке, тұтастыққа шақырумен бірге «Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол», – деп адал ниетті адамзаттың баршасымен тіл табысуға шақырды. Шығысқа да, батысқа да көз тігіп, олардың ұлы шайырларынан, асқан ақындардан өзі ғана үйреніп қойған жоқ, халқын да солардың мәдениетінен, білімінен нәр алуға үгітеді. Осындай Абай қағидасы бүгінгі біздің ұлттық саясатымызда қандай орын алады. Ұлттық мұраттарымызбен қалай астасып жатыр?

– Абай қағидаларының бүгінгі өмірмен қалай үндесіп жатқанын айналамыздағы күнделікті тіршіліктен-ақ байқауға болады. Ол әу баста-ақ замандастарына ынтымағы кеткен елдің қолындағы ырысы кететінін түсіндіріп бақты. Қазақтың басын біріктірудегі ең бірінші қауіпті дерт – өз арасындағы алауыздық екенін де ашып айтты. Ынтымақ пен бірліктің іргесі ел адамдарының бір-біріне деген сыйластығы мен құрметінен басталатынын өсиет етсе, осыған әлі күнге дейін көпшілігіміз құлақ аспаймыз. Өкінішті-ақ.

Бір жерде бірге жүрсең басын қосып,

Біріңнің бірің сөйле сөзін тосып, – десе, бар бақыттың бастауында тұрған татулықты даналық мәйегіндей сақтаңдар дегені емес пе?! Ежелгі тарихымыздан да, бүгінгі тұрмысымыздан да байқалғандай, халқымыздың айрандай ұйыған тәтті тыныштығы билікке талас тұсында іріп сала беруі өтірік пе? Болған ғой. Әлі де сол қауіп егемендік тізгінін енді ғана алған тұста жас мемлекетімізге көлеңкесін түсіруде. Абайдың «Көп шуылдақ не табар, билемесе бір кемел» деуінің астарына үңіле бермейміз. Бұл арада бар билікті бір адамға ғана беріп қойып, құлдық ұр деген ой жоқ, Айтылған сөздер, ең алдымен, елдің бірлігі мен ынтымағын сақтаудан туған.

Ол өзінің «Қара сөздерінің» бірінде, ұмытпасам, былай деген: «Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен… Бірінші мінез – ол заманда бүкіл жұрт елбасының қолына, айтыс-тартыссыз «елдің екі тізгін, бір шылбырын ұстатады» екен де, соның айтқанына тұрады екен.

Екінші мінез – ол кездегі ел намысқор болған. «Аты аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен…» деп толғап келіп, Абай айналасындағы жұрттан «Қанеки, осы екі мінез қайда?» деп сұрайды.

Абай осы сауалды бізге де аманат етіп қалдырғанын ұмытуға болмайды, ағайын.

Қазіргі таңда адамдар санасында жаңғырулар мен рухани серпілістер жүріп жатыр. Сөз бостандығы, пікір еркіндігі қоғамымызга берік енді. Бірақ, демократия туын желеу етіп, өзінің түпкі пиғылдарын жасырып, әйтеуір тек билік тұтасына қол жеткізсем болды дейтін ойы таяз жандарға Абай «Ойдан жырақ, албырт өскен жан» кез келген сәтте «айла мен ашуға» ерік беру бек мүмкін деп ескерту жасайды. Бұған қалайша бас имейсіз?! Яғни, Абай өсиетіне жіті көңіл аударсақ, саналы, ойлы адам ғана елі мен жерінің нағыз қорғаны болмақ.

Абай дәуірі – өткен мен бүгінді жалғастырар алтын көпір. Сол себепті де Абай өзінен бұрын өткен арғы-бергі ғұламалар мен ойшылдардың ілімдерін терең зерттеген. Оның философиялық әфсаналарында Сократ, Платон, Аристотель ой-тұжырымдарының сахара заңдары тұрғысынан толықтырылуы да түсінікті нәрсе. Ол өз халқының бітім-болмысын сипаттай келе, жалқаулық, тоғышарлық атаулыға бейімділігіне қынжылып, одан арылудың жолын осы інжу-маржан қағидалардан іздестіреді. Осының бәрін ол халқына шын жаны ашығaндықтан айтады. Ал, мұндай ащы шындықты Абай сияқты ұлы деңгейге, шырқау биікке шығарып айтқан жан әлі болған емес. «Ғадлетті жүректің әділетін бұзыппын», – деп жалпақ жұрттың алдына шығып, ақ жүректен ақтарыла сөйлеу Абай сияқты ұлы тұлғаның ғана қолынан келсе керек-ті. Сондықтан ұлы ұстаздың әрбір сөзін қазіргі өтпелі кезеңде баршамыз жадымызда ұстасақ артық болмас еді. Жаңа мемлекетімізді бірлесе құру үшін бұл қағидаларды құран сөзіндей қастерлегеніміз жөн.

Өйткені өзінен зорға, күштіге құлшылық етіп, соларға ғана табынып, адам баласын бай мен құл-құтанға бөліп қойған әділетсіз заманда өмір сүрген Абайдың: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап», – деп, бүкіл пенде атаулыға күш-жігер беруі – мына біздерге де қатысты. «Ойбай, заман құрып барады», – деп қарадай байбалам салушыларға осы бір сөз тоқтау салса керек. Абай қазіргі қиындықтан алып шығар жолды бәрімізге

нұсқап тұр. Ынтымақ пен бірлік, еңбек пен ақыл, қуат пен күш – міне, бәрімізге қажеті осы! Абайды тани алмаған қазақ дүниені де танып жарытпайтынын тағы да қайталап еске салғым келеді.

– «Қабыл көрсе сөзімді, кім таныса сол алсын» деген Абай шетелде қаншалықты танылып отыр?

– Оны әңгімеміздің бас жағында аздап айтып өттім. Абай есімін ардақтау арқылы Қазақстанмен рухани жақындасқысы келетін елдер өздері ниет білдіріп, ез мемлекеттерінің астаналары мен ірі қалаларында Абай күндерін өткізуге барынша атсалысуда. Ресейде, Францияда, Әзірбайжанда, Түркияда, Қытайда, Өзбекстанда Абай күндерін өте кең ауқымда өткізудің шараларын белгіленуі әрбір қазақстандықтың жүрегіне жылы мақтаныш сезімін ұялататыны хақ. Өйткені бүкіл әлем Абай арқылы бізді тереңірек білгісі келеді. Қалай болған күнде де мұндай шаралар сол елдегі халықтың қазақ халқына деген шынайы ықыласы мен сезімін оятатынында шек жоқ. Біз Абай күнін атауға ықылас танытқан сол мемлекеттердің баршасына ризашылығымызды білдіреміз. Осы орайда, ұлы тойдың басы көршілес Қырғыз елінен басталуы да заңдылық деп білемін. «Қойы қоралас, елі құралас» бірге туған бауырларымыз ең алғашқылардың бірі болып, Бішкек қаласындағы үлкен көшеге Абай есімін берді. Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өтетін Абай күніне дүние жүзі аса үлкен маңыз беріп отыр. Оған бізден арнайы ресми топ пен өнер қайраткерлерінің делегациясы барады. Қазақ елінің бетке ұстар қолөнері мен көркем-сурет туындыларының көрмесі ұйымдастырылып, республикамыздың өнер тарландарының концерті өткізілмек. Жаны нәзік, аса талғампаз Европа жұртын өнермен таңқалдыру да оңай шаруа емес. Негізгі мәселе – Абай шығармашылығын бүкіл адамзат алдында кең түрде уағыздау, насихаттау, сол арқылы халқымыздың кім екенін бар мүмкіндігінше жан-жақты таныту болған соң – үміт артқан адамдарымыз осы сенімнен шыға алады деп күтудеміз. Абай тойы – бәрімізге сын дейтінім де сондықтан,

– Әңгімеңізге көп рақмет, Нұрсұлтан Әбішұлы!

Ескерту: Сұқбат 1995 жылы жарық көрген «Абай» журналының 1-2 санынан алынды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button